• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
21 Мамыр, 2010

АСТАНА ФОРУМЫ ТҰРАҚТЫ ДАМУҒА ЖОЛ АШПАҚ

432 рет
көрсетілді

Астана қаласында 1-2 шілдеде “Дағдарыстан кейінгі кезеңдегі тұрақты экономикалық өсім” атты экономикалық үшінші форум өз жұмысын бастамақ. Биылғы жылы әлемнің елу мемлекетінен келетін саяси және іскер ортаның екі мыңнан астам өкілдерін жинайтын үшінші экономикалық форум қарсаңында Алматыда осы ірі шараға арналған баспасөз мәслихаты болып өтті. Баспасөз мәслихатына қатысқан ел Президентінің көмекшісі Бақыт Сұлтанов Қазақстан астанасында жыл сайын өткізілетін дәстүрлі форумның күн тәртібіндегі өзекті мәселе – әлемдік дағдарыстан кейінгі тұрақты даму төңірегінде сөз қозғады. Оның айтуынша, Аста­на экономикалық форумының маңыздылығы уақыт өткен сайын арта түсуде, оның өзіндік себептері де бар. Биылғы форумға қатысу­шы­лардың арасында Нобель сый­лығының үш бірдей лауреатының болуы да көп нәрседен хабар берсе керек. Экономикалық мәселелерді ортаға салатын ірі форум Мемлекет басшысының бастамасымен дүние­ге келген. Бұл орайда, Санкт-Пе­тербургте 2007 жылы өткен эконо­ми­калық форумда Президент ға­лымдардың Еуразия экономикалық клубын құру туралы бастама көте­ріп, сол клубтың тілдестік алаңы Астана экономикалық форумы болғандығын атап айту қажет. Бақыт Сұлтанов баспасөз мәс­лихатына жиналғандарға Астана экономикалық үшінші форумының негізгі ерекшеліктері жөнінде жан-жақты баяндап берді. – Шетелдік кәсіпкерлер мен өнеркәсіпшілер және өзге де салалардың басшылары қатысатын іскерлік форумы Астана экономи­калық форумындағы үлкен оқиғаға айналады деп күтілуде. Бұл бас­қосудағы басты мақсат – Еуразия кеңістігінде өзара сауда-эконо­ми­калық байланыстар және инвес­ти­циялық ынтымақтастықты кеңей­туге бағытталған іскерлік конгресін құру болып табылады. Тағы бір атап айтатын жәйт, үшінші форум  “G 20”-ның биыл өтетін екі сам­ми­тінің аралығында ашылмақ. Аны­ғырақ айтқанда, “G 20”-ның бір саммиті – Торонтода, ал екін­шісі Сеул қаласында өтіледі деп жоспарлануда. Жиында әлемдік дағдарыстан кейінгі әлеуметтік-эко­номикалық қауіпсіздікті қамта­ма­сыз етудің өзекті мәселелері талқыланбақ, – дейді Бақыт Тұрлыханұлы. Форумға қатысушылардың арасында ЕҚЫҰ Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбо, Эко­номикалық ықпалдастық жөніндегі ұйымның бас хатшысы, Ауғанстан президенті кеңесшісі Мұхаммад Мааруфи және Еуропа орталық банкі, Азия Даму банкі, ірі ин­вес­тициялық компаниялар және өзге де ірі ұйымдар өкілдері бар. Жиын шеңберінде дағдарыстан кейінгі реттеу жағдайында исламдық қаржыландыруды реттеу тетіктеріне арналған халықаралық ғылыми конференция ұйымдастырылады. Мемлекет басшысының көмек­шісі Астанадағы экономикалық үшінші форум аясында инновац­ия­лық технологияларды дамытуда ма­ңызды рөл атқаратын инновация­лық конгресс өткізілетіндігін де хабарлады. Ұлттық инновациялық экономиканы дамытудың озық тәжірибесімен және Орталық Азия елдері мен Қазақстанда инновация­лық саясаттарға арналған ұсыныс­тарымен Финляндия, Норвегия, Германия, Корея, Франция және Израиль елдерінің инновациялар және технологиялар жөніндегі мемлекеттік құрылымдарының өкілдері ой бөліспек. Сонымен қатар, аталған іс-шара аясында индустриялық-инновациялық жобалар мен ғылыми еңбектер көрмесі де ұйымдастырылады. Бақыт БАЛҒАРИНА, Алматы.