Осыдан 105 жыл бұрын Орынборда Алаш Орданың құрылтайы өтті. Бұл – жаңа ұлттық үкіметтің іргетасын құруға жасалған алғашқы қадамдардың бірі еді. Сол кезде Алаш қайраткері Әлихан Бөкейхан «Қазаққа ұйымдасу керек», «Қазақ болып қамдану қажет» деп, ел тағдырына ықпал ететін есімдерге құрылтай жөнінде хат жолдаған екен.
Бүгін Ұлытауда бас қосатын тарихи құрылтайда да қазақ болып қамданудың бір қамы қолға алынып жатыр. Бұл да – түптеп келгенде алаштықтар аңсаған ұлттық мемлекет құруға жасалған қадамның, ұлт мүддесін бекемдете түсер алғышарттардың бірі.
Ел Президенті Ұлттық құрылтай құру туралы Жарлыққа қол қойып, оның ережесі мен құрамын бекітті. Құрылтайдың құрамына еркін ойлы, тәуелсіз, айтары бар азаматтар енді. Ең бастысы, бұқара мен билік арасында диалог орнатудың тиімді тетігі оң жолға қойылды. Ендігі міндет – ұлт болып ұйысудың жолын анықтау, ел тағдыр таразысының қай бағытқа бет алғанын сараптап, оң жолын көрсету. Ал тұтас бір мемлекеттің тағдыр таразысының қайда қарап ауатыны билік басында отырған азаматтар мен халық тағдырына жауапты тұлғалардың тағдыршешті мәселені қалай тарқатарына байланысты.
Ұлттық құрылтай елдік істе бірлігі бекем, іргесі ажырамайтын бүтін бір құрылымға айнала ала ма? Шыны керек, байрақты бастаманың басы-қасынан табылған ұлтжанды азаматтардың, елдің мұң-мұқтажы мен халықтың мәселесін жеткізіп жүрген тұлғалардың аты-жөнін оқығаннан кейін бұл сұраққа да жауап табылғандай болды.
Ұлттық құрылтайдың алғашқы жиыны қазақ үшін қасиетті мекен – Ұлытаудан бастау алуының өзі көңілге сенім ұялатады. Біле білгенге бұл да үлкен жақсылықтың белгісіндей. Уақыт талабы мен күн тәртібіне қойылған сұрақтарға орай құрылтай құрамы өзгеріп тұратыны – дұрыс үрдіс. Оның үстіне қарапайым жұрт құрылтайға деген ұсыныс-тілегін жолдай алатын арнайы онлайн-платформа құрылатыны – қоғамдағы өзекті мәселенің ешқайсысы қалтарыста қалмайды дегенді білдіреді.
Мемлекет басшысы референдум қорытындысы бойынша Қазақстан халқына жасаған үндеуінде Ұлттық құрылтай құру туралы бастама көтеріп, осылайша азаматтардың мемлекет ісіне атсалысу мүмкіндігі арта түсетінін айтқан еді. «Шын мәнінде, еліміздің тағдыры – әрқайсымыздың қолымызда», деді бұл жөнінде Президент. Ал құрылтайда «жалпыұлттық құндылықтарды нығайта отырып, қоғамды одан әрі ұйыстыруға бағытталған ұзақмерзімді мәселелер талқыланатынын» ескеретін болсақ, бұл маңызды қадамда да Жаңа Қазақстанның іргетасы қаланып жатқанының тағы бір дәлелі болар.
Сөз басында Алаш арыстарының қазақ қоғамын ұйымдастырып, соңынан ертіп, мемлекеттік идея таратуды құрылтай арқылы іске асырғысы келгенін айттық. Тарихта қазақ жерінде 60-тан астам құрылтай өткені белгілі. Әр құрылтайда алаштықтардың жанкештілігі жатыр. Халықты бірлікке бастаған әр жиынның арқалаған жүгі бар. Оның ең бастысы – ел болашағын жарқын ету, халықтың өсіп-өркендеуіне сеп болу. Ендеше Ұлытаудан бастау алған бұл Ұлттық құрылтай ел тағдырына ықпал етер жиынға айналсын деп тілейміз.