• RUB:
    5.05
  • USD:
    491.71
  • EUR:
    529.97
Басты сайтқа өту
Қазақстан 16 Маусым, 2022

Дәрігерлер мен педагогтердің жалақысын көтеру үшін 950 млрд теңге жұмсалды

1241 рет
көрсетілді

Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Сенаттың жалпы отырысында өткен жылы мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттемелерін толық көлемде орындағанын хабарлады, деп жазады Egemen.kz.

Ерұлан Жамаубаев былтырғы кірістер бойынша жоспар 156 млрд теңгеге асыра орындалғанын айтты.

«Бюджетке 7,4 трлн теңге түсті. Салық түсімдері 7,1 трлн теңгені немесе 102,1%-ды құрады. Салық бойынша асыра орындаудың негізгі сомасы корпоративтік табыс салығына, шикі мұнайға, экспорт, кеден бажына және импортқа қосылған құн салығына тиесілі болды. Салық түсімдерін ұлғайтудың негізгі факторлары экономиканың біртіндеп жандануы мен салық әрі кеден саласын әкімшілендіруді жетілдіру болды. Соңғы 3 жылда салық пен кеден саласын әкімшілендіру мен цифрландырудан бюджетке 2 трлн теңгеден астам қосымша түсімдер қамтамасыз етілгенін атап өткім келеді», деді министр.

Оның айтуынша, 2021 жылдың қорытындысы бойынша Қытай Халық Республикасының экспорты – Қазақстан Республикасының импорты бағыты бойынша статистикалық деректердегі алшақтық 40,5%-ға дейін төмендеді.

Премьер-Министрдің орынбасары бюджет шығыстары жайлы сөз қозғады.

«2021 жылы бюджет шығыстары 56 стратегиялық бағытты қамтыды және даму жоспарларының 263 индикаторына қол жеткізілді. Ұлттық жобалар мен мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етті. Мәселен, өткен жылы 17 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Қалалар мен ауылдарда 5,3 мың шақырымға жуық сумен жабдықтау желілері салынды. Жергілікті маңызы бар 1 287 шақырым автожол жаңғыртылды. Көліктің барлық түрлерімен жүк тасымалдау көлемі 3,7 млрд тоннаны құрады. Агроөнеркәсіптік кешенде 24 мыңнан астам инвестициялық жоба субсидиялаумен қамтылды», деді Премьер-Министрдің орынбасары.

Ол сондай-ақ мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысы көтерілгеніне назар аударды.

«Білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет саласында педагогтардың, дәрігерлердің, мәдениет және халықты әлеуметтік қорғау қызметкерлерінің еңбекақысы көтерілді. Тек осы мақсаттардың өзіне шамамен 950 млрд теңге жұмсалды. Эпидемияға қарсы шараларды жүргізуге 422 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Жалпы пандемияға қарамастан, мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттемелерін толық көлемде орындады», деді Е. Жамаубаев.