• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
21 Мамыр, 2010

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ҚОЛДАУ ҚАДАМДАРЫ

436 рет
көрсетілді

Ақтөбе облысына “ҚазАгро” АҚ басқарма төрағасы Асылжан Мамытбеков бастаған делегация келді. Оның құрамында “Мал өнімдері” АҚ төрағасы Александр Соловьев, “ҚазАгро” АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі Тобылбек Омаров, “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ президенті Дәуренбек Омаров, “ҚазАгро Қаржы” АҚ басқарма төрағасы Дулат Айтжанов бар. Олардың қатысумен об­лыс­тық әкімдікте мәжіліс өтті. Оған ауыл шаруашылығында инвестициялық  жобаларды жүзеге асырып жатқан және алдағы уақытта жаңа жоба­ларды қолға алуға талаптанып жүрген бизнес, сондай-ақ, осы салаға қатысы бар құры­лым­дар өкілдері шақырылды. Оны облыс әкімінің бірінші орын­ба­сары Ізбақ Өмірзақов жүр­гізді. Мәжілісте сөз алған “Қаз­Агро” АҚ басқарма төр­ағасы Асылжан Мамытбеков делегацияның жұмыс сапары­ның мақсаты Қазақстанның 2010-2014 жылдарға арналған индустрияландыру картасына енген инвестициялық жоба­лар­дың жүзеге асырылу ба­рысын бақылау, жаңа ин­вестициялық  жобалардың  өтінімдерін осы жерде нақты қарап, өздеріне қатысты сұрақтарға жауап беру екенін жеткізді. Сондай-ақ, облыста мемлекеттің қатысуымен жү­зеге асырылып жатқан үш ірі жоба бар екеніне тоқталды. Оның айтуынша, үш жоба да биыл пайдалануға беріледі екен. Осы жобалардың бірі – “Париж Коммунасы” ЖШС-нің 40 мың шошқалық “Беста­мақ” мал шаруашылығы ке­ше­ні жылына 2000 тонна ет өндіруге мүмкіндік беретін көрінеді. Жалпы құны 2,3 млрд. теңге тұратын бұл кешен іске қосылғанда 171 жаңа жұ­мыс орны ашылады. Ал “АЙС” ЖШС-нің 1200 сиыр­лық тауар­лы-сүт фермасында жылына 7200 тонна сүт өн­дірілмек. Бұл жобаға 2665,8 млн. теңге инвестиция салы­ныпты. “ИзетГренхаузе” ЖШС-інің  жылыжайы іске қосыл­ған­да жылына 1200 тонна көкөніс өндіріліп, 32 адам жұмысқа орналасады. Бұдан басқа облыста жалпы құны 1,2 млрд. теңге тұратын төрт инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Оның үшеуі қазірдің өзінде пайдалануға берілген. Холдинг өткен жылы Ақтөбе облысының аграрлық секторына 5,5 млрд. теңге қаржы салыпты. Ол сондай-ақ,  жобаларды қабылдаудың біраз жеңілдетіл­генін мәлімдеді. Жаңа жобаны ұсынуға небәрі сегіз құжат қана керек екен. Холдинг бизнес-жоспарды жасап беруге де дайын көрінеді. Алайда, кепіл­сіз ешқандай несие берілмей­тінін қадап айтты. Сондықтан бірден ірі жобалар ұсынбай, мүмкіндігің жететін­дей іс бастау тиімді екенін  еске салды. Холдингтің жерді, сондай-ақ тозығы жеткен тех­никаларды да кепілге алып отыр­ғанын ауыл шаруа­шы­лы­ғына қолдау көрсету деп бағалады. Өзара сүрақ-жауап түрінде өткен мәжіліске қатысушылар “ҚазАгро” ұлттық басқару хол­дингі” АҚ арқылы қаржы­ландырылудың жолдары мен шарттары бойынша мол мағ­лұ­мат алды. Жалпы, “Қаз­Агро” компаниясы тобы ар­қылы еліміздің аграрлық секторын қолдауға былтыр  220,9  млрд. теңге бөлініпті. Делегация облыстағы осы холдинг арқылы қаржылан­ды­рылып, жүзеге асырылып жат­қан бірқатар ауылшаруа­шы­лық кәсіпорындарын аралап көрді. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.