Премьер-Министр Әлихан Смайылов Алматыға жұмыс сапары аясында қаланың IT-кластерінің, медициналық және білім беру салаларының дамуымен танысты, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап.
Әлихан Смайылов осы жылдың мамыр айында іске қосылған MOST IT Hub Almaty инновациялық кәсіпкерлікті дамыту орталығына барды.
Жалпы ауданы 5 200 шаршы метрлік орталықта кеңселер, коворкинг-кеңістіктер, ивент және бизнес-кездесулер өткізуге арналған аймақтар орналасқан. Сондай-ақ орталық базасында технологиялық стартаптарды қолдау бағдарламалары жүзеге асырылады, инвесторлар мен венчурлік қорлар өкілдерінің қатысуымен тақырыптық іс-шаралар өткізіледі.
Премьер-Министр IT-кластерді дамыту қазақстандықтар үшін жаңа экономикалық мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.
«Қалада жекеменшік инновациялық хабтар мен бизнес-инкубаторлар көбейіп келеді, ірі IT және креативті компаниялар құрылды. Алматыны үлгі етіп, еліміздің барлық облыс орталықтарында IT-хабтар іске қосылуы тиіс. Өңірлердің әкімдіктері Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, осы бағыттағы жұмысты күшейтуі қажет», деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар Премьер-Министр ересектер мен балаларға амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін Mediker Hospital International жаңа көп бейінді медициналық орталығының қызметімен танысты.
Орталықта стоматологиялық кабинет, спорттық медицина, физиотерапия және оңалту бөлімі, МРТ, КТ, рентген диагностика және маммография кабинеттері, телемедицина кабинеті, екі операциялық зал және тәулік бойы жұмыс істейтін стационар бар.
«Қазақстанда медицинаның бірқатар бағыты халықаралық деңгейде табысты бәсекеге түсе бастады. Жоғары технологиялық медициналық қызметтердің қолжетімділігі қамтамасыз етіліп, денсаулықтың негізгі көрсеткіштері жақсаруда. Телемедицинаның арқасында азаматтар өз елді мекендерінен шықпай-ақ жоғары кәсіби көмек ала алады», деді Әлихан Смайылов.
Премьер-Министр дәрігерлерді алдағы кәсіби мереке – Медицина қызметкері күнімен құттықтады.
Сондай-ақ Үкімет басшысы «Жас маман» жобасы аясында түрлі оқу-өндірістік шеберханалармен жабдықталған Алматы жолаушылар көлігі және технологиялар колледжіне барды.
Бұл — Машина жасаушылар одағы, Hyundai Center және Allur Auto сияқты серіктестермен бірге қалалық көлік үшін кадрлар даярлайтын жалғыз колледж.
«Президенттің тапсырмасымен елімізде кәсіптік-техникалық білім беруді дамыту бойынша жүйелі шаралар қабылданып жатыр. Бұл колледж – қаланың жетекші оқу орындарының бірі. Мұнда жастар автослесарь, электромонтер, токарь, дәнекерлеуші және қазіргі таңда сұранысы жоғары басқа да мамандықтарды меңгереді. Қала әкімдігі қаладан тыс жерлерден келген студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету, сондай-ақ түлектердің жұмысқа орналасуына жәрдемдесу бойынша нақты шаралар қабылдауы қажет», деді Әлихан Смайылов.
Премьер-Министр студенттердің СББ станоктарында токарлық, фрезерлік жұмыстар, автомобильдерді жөндеу және қызмет көрсету бойынша Worldskills қалалық және республикалық чемпионаттарындағы жеңісі колледждің сөзсіз жетістігі екенін айтты.