Атыраудағы УГ-157/11 түзеу мекемесінде балық өңдеу цехы жұмыс істей бастады. Облыстық прокуратураның ықпал етуімен ашылған цехта әзірге 10 жазасын өтеуші жұмысқа орналастырылды. Мұнда жазасын өтеушілер қара балықтарды өңдеп, күніне 1000 дана балық құтысын шығарады. Дайын өнімдер еліміздегі түзеу мекемелеріне жөнелтіледі. Жақын арада өндірісті кеңейту арқылы жұмысшылар санын 30-ға дейін көбейту жоспарлануда.
Қазіргі уақытта аталған мекемеде 230 сотталған әйел жазасын өтеуде, олардың 80-і ақылы жұмыспен қамтылған. Оның ішінде «Еңбек-Атырау» РМК-ның төсек жабдықтарын тігу және шығару цехында – 35, нан өнімдерін шығаратын шағын цехта –5, ішкі жөндеу жұмыстарында келісімшартпен 19 сотталған адам жұмысқа тартылған. Сондай-ақ, осы түзеу мекемесінің аумағында 2013 жылдан бері «Эр-Три» ЖШС тігін цехы ашылып, 21 сотталушы жұмыспен қамтылды.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
Атырау облысы.