Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ЕАЭО елдерінің экологиялық мәселелерін бірлесіп шешуді ұсынды, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Біз «жасыл» инвестицияларды арттыру мен тиісті жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін жүйелі түрде кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Экологиялық проблемалар жаһандық сипатта болады және әлемнің барлық дерлік еліне, соның ішінде Қазақстанға да әсер етті. Мәселен өткен жылы жауын-шашын мен өзендердегі судың аз болуынан көптеген фермерлер құрғақшылықтан зардап шекті. Трансшекаралық Жайық өзені қазір қиын жағдайда», деді Қазақстан Президенті Петербургтегі XXV халықаралық экономикалық форумда.
Қ. Тоқаев мемлекеттердің орнықты дамуына төнген осындай ұзақмерзімді сын-қатерлерді бірлесіп шешу керегін айтты.
«Тұйық цикл экономикасы» - циркулярлық экономика қағидаттарын енгізу келешегін қарауымыз керек деп ойлаймын. Біз ЖІӨ-нің энергия сыйымдылығын азайту, жаңартылатын энергетика секторын кеңейту және осы саладағы транзиттік шығындарды азайту бойынша жұмыс істеп жатырмыз», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.