Қиындықтарға қарамастан Еуразиялық экономикалық одақтың болашағы бар. Бұл туралы Петербург халықаралық экономикалық форумының пленарлық отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қазақстан өзінің сауда-экономикалық стратегиясында санкцияларды ескереді - Президент
«Қазақстанға қатысты айтатын болсам, біздің елге тікелей қысым жасалып жатыр деп айтпас едім», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы орайда Президент санкциялар келіссөзбен шешілетінін атап өтті.
«Әрине, біздің сауда-экономикалық стратегиямызда бұл санкцияларды ескереміз. Алайда Ресеймен арадағы біздің бұрынғы шарттармен байланысты Қазақстанның міндеттемелері бар. Оған қоса, тарихты айтпағанның өзінде, географиямыз бізге өте ерекше жағдайда бірге жұмыс істеуміз қажеттігін меңзеп отыр», деді Мемлекет басшысы.
Президент екі ел арасында жаңа жағдайда өнеркәсіп кооперациясының арнайы бағдарламасы бар екенін еске салды.
«Атап айтқанда, қиындықтарға қарамастан Еуразиялық экономикалық одақтың болашағы бар. Осы одаққа кіруді дұрыс санаған елдер елеулі экономикалық күш пен әлеуетті құрап отыр», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Дегенмен Президент нақты қиындықтар әлі де бар екенін атап өтті. Сондықтан өзара қолайлы шешімдерді іздестірудегі келіссөздер процесінде тиісті мәселелерді шешуге ерекше екпін қойылады.