Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықты сумен қамтамасыз ету керегін, таза су әрбір үйде, әрбір отбасында болуын міндеттеген тапсырма жүктеген болатын. Соңғы жылдары Павлодар облысында ауыл тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту жұмыстары жүйелі жалғасып келеді. Кез келген ауылға бара қалсаң, әкім-қаралар жобаның аяқталғаны яки жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатқаны жайлы көкіректеніп сөйлейтіні бар. Іске қосылған жобалардың кейінгі тағдыры – бөлек әңгіме. Жасыратыны жоқ, бұған дейін сумен қамту көрсеткіші бойынша Павлодар облысы республикада көш соңында жүрген-ді. Сәйкесінше, олқылықтың орнын толтыру мақсатында жыл сайын республикалық қазынадан қомақты қаражат бөлінуде. Ендігі жерде қаржыны тиімді кәдеге жарату – басты міндет.
«Ақбұлақтың» ақыры...
Естеріңізде болса, 2011 жылы елімізде «Ақбұлақ» бағдарламасы іске қосылып, әр өңірде ірі жобалар жүзеге асты. Павлодар облысында Беловод және Май топтық су құбырларының құрылысы қолға алынған болатын. Көптеген себеппен тиісті жұмыстар сан мәрте тұралап, осыдан 2-3 жыл бұрын ғана сиырқұйымшақтанып кеткен жобаларға соңғы нүкте қойылды. Бүгінде тұрғындарды таза сумен қамту шаралары өзге бағдарламалар арқылы жалғасын табуда.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020», 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» бағдарламалары аясында аяққа тұрған жобалар бар. Қаржыдан шашау шығармау үшін қала және аудан әкімдерімен бірлесіп, арнайы жол картасы да әзірленуде. Павлодар облысында әзірге тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіші қалалық жерде 95 пайызға, ал ауылдық жерде 94,1 пайызға тең екен. Осыдан шамамен 5 жыл бұрын көрсеткіш небәрі 19,4 пайызды құрағанын ескерсек, біраз шаруаның атқарылғанына күмән келтіре алмаспыз. Облыс басшылығы 2023 жылға дейін барлық ауылдық елді мекендердің тұрғындары 100 пайыз таза судың дәмін татады деп сендіруде.
Бірден айту керек, орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесінің жобасы ауылдағы халықтың санына байланысты іске қосылады. Атап айтсақ, тұрғындар саны 200-ден асса ғана ірі жоба қолға алынады. Ал 200-ден төмен болса, ауылдағы ағайын кешенді блок модулін (КБМ) және су бөлетін мұнаралардан таза суды пайдалана алады. Бұл санатқа облыс бойынша 110-нан астам елді мекен енген. Ал тұрғындар саны 50-ден төмен елді мекендерді біріктіру мәселесі көтеріліп жатқандықтан, ол жерде қандай да бір құрылыс жүргізіледі деп айту қиын.
Баянауылдағы баянсыз жобалар
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Асхат Жакуповтың мәліметінше, былтырғы жобалардың нәтижесінде 12,7 мың адам сапалы ауыз судың дәмін татыпты.
– Биыл өңірде 27 жоба іске қосылады деп күтілуде. Сөйтіп, тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту көрсеткішін 97,5 пайызға жеткізбекпіз. Проблемалар да жоқ емес. Бүгінде су құбырларын салу және қайта жаңғырту бойынша мердігерлердің шалағай әрекеті салдарынан 4 жоба кестеден кешігуде. Атап айтсақ, Баянауыл ауданына қарасты Сұлужон, ЦЭС (Майкөбе) және Қызылшілік елді мекендерінде, Тереңкөл ауданына қарасты Қызылтаң ауылындағы жобалардың тағдыры құзырлы органдардың араласуымен дұрыс шешімін табады деп күтілуде, – дейді А.Жакупов.
Білуімізше, Баянауыл ауданындағы өзге ауылдардың да жағдайы мәз емес. Тіпті аудан орталығындағы ахуал күрделі. Белгілі болғандай, жобаға көптеген үй кірмей қалған. Әкімдіктегілер 222 үйдің жартасты жерде орналасқанын айтады. Яғни әу баста жобада тау жыныстарын шығару, электр-монтаждау жұмыстары, су құбырының жылыту кабелін электр желілеріне қосу көзделмеген. Бүгінде аудандық бюджеттен қаражат қарастырылып, жаңа жобалық-сметалық құжат әзірленіп жатқан көрінеді. Жартасты жерлерде орналасқан үйлерді жоба қолға алынбас бұрын назарда ұстауға болмас па еді? Жобалаушы ауылдың «есік-тесігін» дұрыс біле қоймас. Бұл іске атүсті қараған жергілікті әкімнің салғырттығы емей, немене?!
Жақында әлеуметтік желілерде аталған ауданға қарасты Ұзынбұлақ ауылдық округі Ақши ауылындағы су құбырын төсеу жұмыстары барысынан бейнежазбалар тарады. Онда тұрғындар мердігерлердің тиісті шараларды қате істеп жатқанын айтып, дабыл қаққан еді. Мән-жайдан хабардар болу үшін жергілікті белсенді Сұңқар Ахановқа хабарласқан едік.
– Қаладан ауылға келсем, мердігер 2-3 күннің ішінде 500 метр жерге құбыр төсеп үлгеріпті. «Мүмкін емес, бұл қалай болды екен?» деген күмәнді оймен жұмыс атқарылып жатқан аумаққа барсам, құбыр төсеу ешқандай технологиялар сақталмастан қалай болса солай жүргізіліп жатыр екен. Құбыр төселместен бұрын жер жақсылап тегістеліп, 10 см жергілікті ұсақ топырақ себілуі керек. Оны назарға алмапты. Кейін пластик құбыр қолмен төселуі қажет. Жұмыскерлер болса ауыр техниканы пайдалануда. Техника арқылы құбырға кішкене ғана сызат түскеннің кесірі көп. Құбырдың үстінен тағы 30 сантиметрге дейін топырақ себіліп, арнайы аппаратпен мықтап тығыздалады. Әйтпесе, топырақ арасында тас қалып қойса, кейін құбыр қысыммен қозғалғанда тас қажап, құбыр жарылуы мүмкін. Содан кейін ғана ауыр техникамен тегістей берсе болады. Ал жұмыскерлер жеңіл жолды таңдап, бар шаруаны техникамен тындырғысы келеді. Тағы бір кемшілік, жердің құнарлы қабаты бөлек алынып, құбыр төселгеннен кейін қайтадан орнына қойылуы керек-тін. Мердігер басшысы бұл шаруа жобада жоқ екенін алға тартады. Былай қарасаң, маңызды емес сияқты. Не үшін керек? Әуелі сары топырақ пайдаланылып, кейін жердің үстіңгі құнарлы қабатымен тегістелсе, құбыр төселген аумақ бұрынғы қалпын сақтап, қара жер болып қалады. Мердігерлер болса сары топырақпен тегістей салады. Салдарынан жер езіліп, адамға да, малға да ыңғайсыздық тудырады. Жердің құнарлы қабаты қалыптасқанша 40-50 жыл уақыт қажет шығар, – дейді С.Аханов.
Бейнежазбалардан көргеніміздей, жерден су шығып жатыр екен. Мердігер ұйым болса, су сору жұмыстары жобада қарастырылмағанын алға тартып, құбырларды төсеуге асық. Жобаны өзгерту үшін қосымша қаражат қажет екенін сылтауратып әлек. «Ол қаржы игерілмесе, қайтадан қайтарып алады» деп үркіп жүрген көрінеді. Жергілікті әкімдік те мердігердің сөзіне еріп, тұрғындарды тыныштандыруға тырысуда. «Жобаны түзету үшін қаражат, уақыт керек. Жоба тоқтап қалады. Осыдан да айырылып қаламыз», деп басу айтып жүр екен.
– «Нөлдік смета» деген ұғым бар. Яғни маңызды шаруаға қаражат жетпей жатса жобада қарастырылған аса маңызды емес шаруадан қаражатты бағыттауға болады. Айтпағым, жобаға түзету жасамай-ақ абаттандыру іс-шараларына қарастырылған қаражатты пайдаланса екен деймін. Қазіргі кезде құбырдың дұрыс төселуі маңызды болып тұр. Жер үстіндегі абаттандыру ісі кейін атқарыла жатар. Көп уақыт өтпей, құбыр жарылып тұрғындар зардабын тартып жатса өкініп қаламыз. Ондай оқиғалар көп. Қателікті көзбен көріп, құбырлардың дұрыс төселуін бақылау «бақыты» бұйырып тұр екен. Тұрғындар бас көтергенге дейін техникалық қадағалау мамандарының рұқсатынсыз 500 метр аумаққа құбырлар заңсыз төселді. Жемқорлықтың исі шығатындай ма қалай? У-шу болғаннан кейін ғана тиісті маман күні-түні қазылған учаскенің басы-қасында жүр, – дейді С.Аханов.
Қайта бұл ауылда Сұңқар сияқты құбыр төсеудің қыр-сырын білетін азамат бар. Әйтпесе, Ақши ауылы да жоба іске қосылғанымен, тұрғындары сапалы ауыз суға қол жеткізе алмай отырған елді мекендердің қатарына кіретін еді. Әлі қуануға ерте. Себебі мердігердің әр адымын аңдып отыруға тұрғындардың шамасы жоқ. Міндетті емес те. Халық жергілікті әкім бастаған құзырлы органдар жобаның сәтті аяқталуына бас-көз болады деген сенімде.
Тарифтің тағдыры
Тариф десе тұрғындардың елең ете қалатыны рас. Орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесі жобасын іске қосу бір бөлек, оны күтіп-ұстау – маңызды іс. Бұл шаруадан табыс түспейтіндіктен, кез келген кәсіпкер жауапкершілігі мол жұмысты алуға ынталы емес. Десе де жергілікті әкімдер ретін тауып, тұрғындарға қолжетімді бағамен су босатып отыр.
Бүгінде Ел Президентінің тапсырмасына сәйкес, Табиғи монополияларды реттеу комитеті 2022 жылдың 1 шілдесіне дейін коммуналдық тарифтерге мораторий жариялағаны белгілі. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшылығының мәлімдеуінше, кейін аудандар бойынша бірыңғай тариф енгізу қарастырылуда. Су құнын субсидиялау жайы да ара-тұра айтылып жүр. Әйтпесе, әр ауданда тариф бағасы әртүрлі. Жалпы, тариф бағасы материалдық шығындар мен өндірістік персоналдың еңбекақысын есептеу арқылы бекітіледі.
Тариф жоба іске қосылғаннан кейінгі әңгіме ғой. Мамандармен әңгімелескенімізде жобаны әзірлеу оңай шаруа еместігін айтады. Бір ауылға су құбырын тартудың өзіне кем дегенде 4-5 жыл уақыт қажет екен. Атап айтсақ, орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесін іске қосу 3 кезеңнен тұрады. Ең әуелі жерасты су көздерін іздестіру-барлау жұмыстары жүргізіледі. Оған шамамен 3 жылдай уақыт жұмсалады. Мердігер ұйым жыл бойы судың деңгейін, сапасын анықтап, «Қазжер қойнауы» орталығына сараптамалық құжаттарды жібереді. Ол жақтан қолдау тапса ғана жобалық-сметалық құжаттар әзірленеді. Одан кейін жобаға қаражат қарастыру, конкурс жариялау, қысқасы, су құбырын тарту жұмыстарының машақаты көп.
Қорыта айтсақ, тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін жыл сайын қазынадан қомақты қаражат бөлінуде. Өкінішке қарай, кейбір ауылдарда мердігердің салғырттығынан тиісті жұмыстар кешігуде. Себебі дұрыс бақылау жоқ. Жергілікті әкімдер «шайнап бергенді жұта алмай», су, жол, жарық сияқты негізгі жобаларды қадағаламай ай бағып отырғаны өкінішті-ақ. Сапалы ауыз су – тек зор денсаулықтың кепілі емес, ауылдағы ағайынның ата қонысында тұрақтап қалуына жасалған қуатты инфрақұрылым екенін естен шығармаған жөн.
Павлодар облысы