• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 22 Маусым, 2022

Сұлулыққа шақырған симпозиум

491 рет
көрсетілді

Биылғы 15-19 маусым күндері Орал қаласындағы «Атамекен» өнер ордасында «Сұлулық әлемді құтқарады» атты халықаралық симпозиум өтті.

«Симпозиумның мақсаты – халық­аралық дәрежедегі суретшілермен тығыз байланыс орнатып, еліміздің мә­­дени қорын кеңейту, қазақ елінің мә­де­ниеті мен өнерін, әлеуметтік-эко­но­микалық дамуын, рухани баюын сурет­шілердің қылқаламы арқылы жет­кізу. Халықаралық суретшілер арасында достық, мәдени-шығармашылық байланысты дамыту және нығайту» дейді осы іс-шараны ұйымдастырушы, жоба авторы Камила Жапалова. Айта кетейік, Камила Әбенқызының өзі де Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының мәде­ниет қайраткері, халықаралық заманауи өнер академиясының мүшесі, BatikKami мәдени қорының директоры.

Халықаралық суретшілердің басын қосып, тәжірибе алмасуына мүмкіндік беретін бұл жоба елімізде 2018 жылдан бері өтеді. Биыл Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен сим­по­зиумға Әзербайжан, Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстан, Тәжікстан елдерінен жас өнерпаздар қатысты. Олардың ішінде Түркияның Анкара қаласында тұратын Замира Шахин, Әзербайжаннан Рамина Саадатхан, Өзбекстаннан Сардор Аллабергеновтер, сондай-ақ қазақстандық Жеңіс Молда­беков, Сембіғали Смағұлов, Дәуренбек Бекназаров, Бақытнұр Бердісбеков, Айнабек Оспанов, Нұрбек Жәрдемов секілді қылқалам шеберлері бар. Жоба аясында плэнер, конференция, көрме және шеберлік сағаттары өткізілді.

15 маусым күні симпозиумның ашылу салтанатында Камила Әбенқызы бейнелеу өнерінің бүгіні мен ертеңі тақырыбында баяндама жасады.

– Сұлулық – әйел затына ғана тән дүние емес. Сұлулық – бізді қоршаған орта һәм жан дүниеміз. Сондықтан да біз симпозиум атауын «Сұлулық әлемді құтқарады» деп қойдық. Мұндай іс-шаралар ел өркениетінің дамуына септігін тигізеді. Оралдай әдемі қалада суретшілер еркін жұмыс істеп, жақсы нәтиже көрсетеді деген ойдамын. Жас­тар шеберлік сағаттарына қатысып, тәжірибелі суретшілерден дәріс алатын болады, – деді Камила Жапалова.

Жиында Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері, халықаралық «Өнер кавалері» орденінің, «Әлемдік бейбіт­шілік суретшісі» құрметті атағы­ның иегері Сембіғали Смағұлов, Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген қайраткері, Қа­зақ­стан Республикасы Көркемөнер ака­демиясының академигі, Халықаралық Тұран сыйлығының лауреаты, Су­рет­­шілер одағының мүшесі Айнабек Оспа­нов, Әзербайжан Суретшілер ода­ғы­ның мүшесі, фотограф Рамина Саадат­хан және басқалары сөз сөйлеп, өз ойларын ортаға салды.

– Қазақстанға алғаш келуім. Орал – өте таза қала екен. Маған жақсы әсер етіп жатыр. Өзім Баку қаласында тұрамын, суретшімін. Көбінесе сұңғат жанрында жұмыстанамын. Неоэкспрессионизм бағытындағы картиналарым көпшілікке ұнайтын сияқты. Аңыз-әңгімелер, адамның өз-өзін тануы – менің негізгі тақырыбым. Неоэкспрессионизм – 1970 жылдардың соңында пайда болған модернистік немесе постмодернистік кескіндеме мен мүсін стилі. Шагал, Матисс, Пикассо шығармашылығы жаныма жақын. Осындай симпозиумдар тәжірибе алмасу үшін керек. Бұл бастама болашақта да жалғасын табады деген ойдамын. Алдағы уақытта қазақстандықтарды Қарабақта өтетін шараға шақырамыз, – дейді суретші Рамина Саадатхан.

Симпозиумның әр күні қызыққа толы болды. 16-18 маусым күндері меймандар Оралдағы мұражайлар мен мәдениет ошақтарын аралады. Ашық аспан астында шеберлік сабағын өткізді. Махамбет атындағы Батыс Қазақстан университеті «Дизайн және бейнелеу өнері» маман­дығында оқитын студенттермен кезде­сіп, еркін тақырыпта бірге сурет салды. Қазақстан Суретшілер одағының мүшелері Бақытнұр Бердісбеков «Порт­рет», Алмас Нұрғожаев «Орал қала­сы­ның табиғаты мен тарихы» тақырып­тарында шеберлік сағаттарын өткізді.

19 маусым күні «Сұлулық әлемді құтқарады» көрмесі ашылды. Оған Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов қатысып, қатысушыларға министр Дәурен Абаевтың алғысын жеткізді.

– Еуропа мен Азияны жалғап жат­қан Ақжайық өңірінде керемет іс-шара өтті. Суретшілер бес күн бойы Оралда сурет салды, өз тәжірибесімен бөлісті. Жалпы, еліміздің тарихы мен мәдениетін бедерлеп, мәңгілікке қалдыруда сурет өнерінің маңызы зор. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі өңірлерде түрлі іс-шара өткізуді қолға алды. Алматыда, Түркістан және басқа да қалаларда ауқымды іс-шаралар өтуде. Оралда өткен симпозиумнан жастар көп нәрсе үйренді, білді деп ойлаймын, – деді Нұрғиса Мұратұлы.

 

Батыс Қазақстан облысы