Журналист, «Егемен Қазақстан» газетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілшісі қызметін ұзақ жыл атқарған Темір Құсайын ағамыз былтыр 64 жастан асқан шағында кенеттен дүние салды. Зейнет демалысына шықса да қаламын тастамай, жергілікті басылымда бірнеше жаңа жобаға мұрындық болған тәжірибелі тілші тірі болса 19 маусым күні 65 жасқа толар еді. Ардагер азаматты еске алуға арналған кеш оның туған жері – Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданында өтті.
Аудан орталығындағы мәдениет үйіне жиналған халық әуелі Темір ағаның өмір жолын, еңбек жетістіктерін, танымал тұлғалармен кездескен сәттерін бейнелеген фотокөрмені тамашалады. Содан кейін «Көңілден өшпес бейнесі» атты деректі фильм Темір Нағымұлының ғибратты ғұмырын түгел қамтып, көрнекі тұлғасын көз алдымызға әкелді. Темкеңнің өзіне тән жуан қоңыр даусымен «Еділ мен Жайық» әнін шырқап тұрған сәті таспаланған бейнежазба ойналған сәтте кей замандасы көзіне жас алды. Қазталов халқы біртуар ұлын – Темір Құсайынды сағынған екен. Сахнаға шығып, сөз алған әр адамның аузынан шынайы естелік, сағынышты сезім төгіліп жатты...
Темір Нағымұлының журналистік қызметінде жүріп жеткен жетістігі, алған марапаты аз емес: «Құрмет» орденінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері болды. 1995 жылы Қазақстан Журналистер одағы сыйлығын алса, 1996 жылы республикалық «Жыл журналисі» атанды. 2020 жылы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі белгілеген «Парламент сөзі» арнайы сыйлығын жеңіп алды. Одан бөлек, жерлестері «Қазталов ауданының Құрметті азаматы» атағының белгісін өңіріне таққан. Бірақ осының бәрінен де Темекеңе ең көп айтылатын анықтауыш – «Егемен Қазақстанның» тілшісі» деген атақ еді.
...Әлі есімде, 1992 жылы ҚазМУ-дың журналистика факультетінің екінші курсын тәмамдап, облыстық «Орал өңірі» газетіне өндірістік тәжірибеден өтуге келдім. Редакцияның ең беделді әрі жауапты цехы – қоғамдық-саяси бөлімнің меңгерушісі Темір Құсайынов екен. Бір айлық практика кезінде жетекшім болып, жөн-жоба көрсеткен Темір аға көп ұзамай «Егемен Қазақстанның» меншікті тілшілігіне ауысқан. Міне, сол қызметті табан аудармай ширек ғасыр бойы абыроймен атқарған ағамыздан 2017 жылы меншікті тілшілік эстафетаны қабылдап алыппыз. Оралда қатар жүріп еңбек етіп, талай мәрте қамқорлығын да көрдік, ақыл-кеңесін де алдық. Темір Құсайын, шын мәнінде, Батыс Қазақстанның бас газеттегі өкілі, достыққа адал, ізінен ерген іні-қарындастарына қамқор жан еді.
Темір аға өзінен бұрын еліміздің бас газетінде екі-ақ тілші қызмет еткенін мақтанышпен айтатын. Батыс Қазақстан облысы 1932 жылы құрылса, 1942 жылы облысқа алғаш рет Мұса Хателов меншікті тілші болып тағайындалыпты. Ол кісі бұл жұмысты 1975 жылға дейін үздіксіз 33 жыл бойы атқарып келген. Одан кейін бұл қызметті Павлодар облысынан Оралға ротациялық жолмен ауысқан Боранғали Ырзабаев 17 жыл атқарған. Ал 1992 жылы қызметке кіріскен Темір Нағымұлы 2017 жылға дейін Батыс Қазақстан облысында, 2020 жылға дейін Ақтөбе облысында меншікті тілші болды. Өз үйіндей болған осы «Егеменнің» редакциясынан зейнет демалысына шықты. Саналы ғұмыры «Егемен Қазақстан» газетінің сапында өткен Темір ағаның бұл ұжым дегенде пейілі бөлек, ықыласы ерекше болатын.
Былтыр 19 қазанда Темір аға аяқастынан дүниеден өтті. Дәл сол кезде біз Алматы қаласында іссапарда жүрген едік. Әріптес ағаның қапия қазасы талай адамды есеңгіретіп кетті. Өйткені Темір ағаның жүріс-тұрысы ширақ, кеудесі тың идеяға толы болатын. Жергілікті «Жайық Пресс» медиахолдингінің жұмысына белсене араласып, облыстық «Орал өңірі» газетінде Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай тақырыптық беттер, тұрақты айдарлар жүргізе бастаған. Шын мәнінде, өңір тарихын, тәуелсіздік шежіресін Темекеңнен артық білетін адам аз еді. Ол өзінің туғанындай болған «Егемен Қазақстан» газетін де ұмытпады. Мәліметі көп, мәселе көтерген мақалалары үзбей шығып жатты. Аты суық ажал шіркін асыл азаматты бір күнде алып кетеді деп кім ойлаған?!
...Кейінірек бір кездескенде, Темір ағаның жақын досы, заң саласының ардагері Бақтияр аға Баймырза маған мына жайтты айтты. Қаралы хабарды бірінші естіп, досының шаңырағына бәрінен бұрын жеткен ғой: «Темкең үйінің үлкен жағында әдеттегідей етпетінен түсіп жатыр екен. Қолында «Егемен Қазақстан» газетінің соңғы нөмірі...».
Бұл рас. Күн сайын газеттің әр санын баспаханадан алып оқып, өзіне ұнаған мақаланың авторына сол бойда телефон шалып, құттықтау – ағаның үйреншікті әдеті еді. Өзгенің жетістігіне балаша қуанып, кейінгі толқын әріптес іні-қарындастарына әкелік, ағалық қамқорлық көрсетуден танбайтын. Оралда кейінгі буын біраз тілшінің жеке қуанышында – үйлену тойында бас құда болып, жастардың қызметінде жүрді. Кез келген басқосуда ел назарын өзіне аударып, ақтарылып өлең оқу, жуан қоңыр даусымен әндете жөнелу – Темір ағаның ерекше қасиеті еді. Дуды көрсе тұра алмайтын тұлпар текті Темір Құсайын – жігіттің сұлтаны, азаматтың абзалы еді...
Темір ағамен қатар жүрген тағы бір әріптес ағамыз Сүлеймен Мәмет 2017 жылы ағаның 60 жасқа толған күні «Тегеурінді Темір» деген мақала жазды.
«Темірдің бойында қалыптасқан жақсы адами қасиет бар. Соған дәйек келтірер болсақ, ол алдындағы екі әріптесі дүниеден өткенде оларды соңғы сапарға аттандыру шараларын мүлтіксіз атқарғанын жұртшылық әр кез еске алып жүреді. Боранғали Ырзабаев тұрған үйге ескерткіш тақта қою шарасына ұйытқы болып, көзі тірісінде шығарып үлгере алмай кеткен өлеңдер жинағын Орал қаласындағы «Дастан» баспасынан шығарып беруі оның кісілігі мен кішілігін танытады» дейді мақала авторы.
Шынында да, Темір ағаның елгезек қалпымен талай-талай игі істің басы-қасында жүргенін біреу біледі, біреу білмейді. Қазталов ауылында өткен еске алу кешінде Темір Нағымұлының бір туған бауырлары, ұлы Қуаныш жақсы аға, аяулы әкенің шынайы болмысын танытатын естеліктерін айтты. Оның кіндік қаны тамған туған жері алдында, әулеті мен отбасы алдында да перзенттік, адами міндетіне адал болғанын естіп толқыдық.
Осы еске алу кешінде Темір ағаның үзеңгілес серіктері, қатар жүрген қаламдастары да жантебірентерлік сөздерін айтты. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Ғайсағали Сейтақ пен Дариға Мұштанова, Сағынтай Бисенғалиев, ардагер журналист Мүсірбек Айташев, еңбек ардагері Лавр Хайретдинов, Бақтияр Баймырза, «Жайық Пресс» медиахолдингінің басшысы Табылғали Сапаров және басқалары Темір Нағымұлының жарқын бейнесін еске алды. Темір ағаның тұяғы, жалғыз ұлы Қуаныш Темірұлы ел алдында ақтарыла сөйлеп, әкесінің 2020 жылы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінен алған «Парламент сөзі» арнайы сыйлығын Қазталов аудандық тарихи-өлкетану музейіне табыс етті.
Иә, танымал тілші, отыз жылға жуық «Егемен Қазақстан» газетінде еңбек еткен Темір Құсайынның мәңгі ғұмыры басталды. Асыл азаматтың есімін ел жадында қалдыру, соңында қалған мұрасын жинақтау кейінгі толқын бізге парыз екені сөзсіз. Әріптес ағаның 65 жылдық мерейтойы тұсында жазылған осы лебізді ақын Ғайса-Ғали Сейтақтың мына өлеңімен түйіндемекпіз:
ТЕМІРГЕ
Қызығы жас дәуреннің басылмастан,
Күндер-ай, кіл жайсаңның басын қосқан!
Алпыстан асқан шақта
Кім ойлаған
Айырылып қаламыз деп асыл достан?!
Секілді өмір-базар жаңа қызған,
Жоқ деген суық сөзден сана мұздар.
Аңқылдап келдің-дағы дүниеге,
Жарқылдап кете бардың арамыздан.
Мейлі, енді, аспан жыла, еңіре күн,
Таба алмас қайтып, сірә, көңіл емін.
Қастыққа қия қадам баспайтұғын
Достыққа темірдейін берік едің!
Өткен де шығар бастан сері күндер,
Қияды қиянатқа сені кімдер,
Түгелдеп замандасты,
Жазып кеттің,
Дедің бе: Бәрін-дағы беріп үлгер!
Талай дәм қалды ма екен ішілместен,
Шығару мүмкін емес ісіңді естен.
Жолыңмен тура жүріп, кеттің анық,
Қолыңнан қаламыңды түсірместен!
Батыс Қазақстан облысы