Соңғы уақытта Ақкөл Жайылмадағы Исабек ишан кесене кешеніне келушілер көбейді. Қазақстанның киелі жерлері географиясына енген кешенге Ресейден де ат басын бұратындар баршылық. Осы орайда, алыс жолды артқа тастап келетін зиярат етушілерге кешен басында қолайлы жағдайдың жасалғаны дұрыс. Осыны қаперіне алған Исабек ишан ұрпақтары 30 орындық қонақүйдің құрылысын бастап кетті.
Имандылықты насихаттаған Исабек ишанның есімі алысқа тараған. ХІХ ғасырда Ақкөл Жайылманы діни орталыққа айналдырып, төңірегіне ізгіліктің шуағын таратқаны ақиқат. Мәшһүр Жүсіптің өзі Исабек ишаннан тәлім алғанын біреу білсе, біреу білмес. Мәшекең Исабек ишанға шығарған жоқтауында ұстазының білімін, әділдігін, шыншылдығын, көркем мінезін, дінді насихаттаудағы еңбегін ерекшелеп, ишаннан біршама ғылым негіздерін үйренгенін жеткізеді. Мәшһүр Жүсіптің жоқтауы 85 шумақтан, 340 жолдан тұрады.
Кез келген ірі шаруаның басы-қасында белсенді ұйымдастырушы жүретіні белгілі. Қаражатты реттеу былай тұрсын, ең ақыры жұмыскерлердің ас-суы да соның мойнында. Жауапкершілігі мол миссияны Исабек ишанның ұрпағы, кәсіпкер Манат Алғамбаров аманат қылып арқалапты. Жаңадан құрылған Исабек ишан атындағы қордың төрағасы да өзі. Әзірге қорға қаражат аударып жатқан қалталылар көп емес. Қарапайым тұрғындар да шама-шарқынша үлес қосуда. Қонақ үйдің құрылысы тоқтап қалмасын деген ниетпен «Табыс» шаруашылығын басқаратын Манат Алғамбаров жеке қаражатын жұмсап жүргенін де айту керек.
Екібастұз қаласының әкімі бастап, өзге де рухты азаматтар қоштап, қаңтар айынан бері қонақүй жобасы жүзеге асуда. Алғашқылардың бірі болып ағайынды Тасболат пен Бекболат Әбуғожиновтар 120 мың кірпіш берді. «Богатырь Аксес Көмір» компаниясы жалпы құны 8,5 миллион теңгенің құрылыс материалдарымен қамтамасыз етті. ГРЭС-1 стансасының басшылығы қорға 2 млн теңге аударды. «Айдабол» фирмасының басшысы Қайрат Ибраев 1 млн теңге бөлді. Қордың жұмысын жандандырып, кесенелік кешенге қатысты кез келген шаруаның жүзеге асуына атсалысып жүрген ел ағалары Әбілқақ Түгелбаев, Мырзағали Ерғалиев, Ақкөл ауылының әкімі Ерлан Қабылтаев барынша қолдау көрсетуде. Жалпы, қазіргі уақытта қорға 10,5 млн теңге жиналды. Қазір құрылыс материалдары бағасының аспандап кеткенін білесіздер. Сәйкесінше, жобаны жүзеге асыруға шамамен 90 млн қаражат жұмсалады деп есептеп отырмыз. Құрылысқа жалдамалы жұмыскерлерден бөлек, Екібастұз қаласына қарасты ауылдардың, Ақтоғай ауданының құрамындағы ауылдардың азаматтары асар жасап, үлестерін қосуда. Қонақүй осы жылдың тамыз айынының басында қолданысқа беріледі деп күтілуде, – дейді Манат Алғамбаров.
Қонақүйдің құрылысы аяқталған соң Ақкөл ауылында орналасқан музей осында көшірілмек. Жергілікті халық «Атам зираты» атап кеткен кесененің басында игі істер мұнымен тоқтап қалмақ емес. Алдағы уақытта кешенді блок модуль орнатылып, ауыз су мәселесі шешімін таппақ. Бұған дейін жарықтандыру ісі реттелгенімен, жаңа нысандардың салынуы қосымша энергия көзіне сұранысты арттыратыны түсінікті. Яғни, қазіргі трансформатордың қауқары жетпейді. Бұл шаруаны Екібастұз қаласының әкімі Ардақ Қаңтарбаев тындыруға уәде беріпті.
Исабек ишан дамыл тапқан Қылдыкөл Екібастұз қаласынан 95 шақырымдай жерде орналасқан. Ал Ақкөл ауылы мен кесененің арасын 18 шақырым бөліп тұр. Биыл ұзындығы 64 шақырымды құрайтын «ГРЭС 1 – Басқамыс» бағытындағы жолды жөндеуге қаражаттың алғашқы транш бөлініпті. Атап айтсақ, республикалық бюджеттен 900 млн теңге, қалалық бюджеттен 90 млн теңге қарастырылып, әзірге 12 шақырым жолға асфальт төселмек. Жалпы, 3 жылға созылатын жобаға 4,5 млрд теңге қаражат жұмсалатын көрінеді. Айтпақшы, биыл Кеңес заманынан бері асфальттың не екенін білмеген Ақкөл ауылына кіреберіс 8 шақырым жолды жөндеуге қалалық бюджеттен 268 млн теңге бөлініп, асфальт жол төселмек. Бұл жоба да Исабек ишан кесенесіне алаңсыз қатынауға септігін тигізбек.
Жалпы, Қылдыкөлдің басындағы игі істер 2011 жылы бастау алды десек қателеспейміз. Сол жылы Исабек ишанның кесенесін тұрғызу үшін Маңғыстау өңірінен арнайы ақ тастар әкелініп, 90 күннің ішінде Ермұхамбет Әлиев бастаған шеберлер үлкен шаруаны тындырып үлгерді. Кесене аумағында тәу етушілерге арналған мешіттің құрылысы 40 күннің ішінде аяқталды. Сол уақытта қайғы-қасіретінен арылу, сырқатынан айығу үшін тәу етіп келетін кісілерге қызмет көрсететін шырақшыны табу мәселесі алдан шықты. Көпшіліктің қуанышына қарай, қожалардың жалғасы Ерғали Әбсаттаров жауапкершілігі мол істі қолға алуға бел буыпты. Айтпақшы, Исабек ишанның шөбересі Жандарбек ата көзі тірісінде Ерғалиға батасын берген көрінеді. Содан болар, шырақшы әлі күнге дейін тәу етуге келген тұрғындарға қызмет көрсетіп, маңызды миссияны мүлтіксіз орындауға барын салуда.
Байқағандарыңыздай, «Атам зиратының» басында инфрақұрылым жұмыстары үзілмей келеді. Жол мәселесі толығымен шешімін тапса, рухани жобаларды жүзеге асыруға жол ашылар еді. Мәселен, Мәшһүр Жүсіптің кесенесі де Екібастұз қаласына жақындау орналасқанын ескерсек, зиярат етушілерге тағдыр табыстырған қос әулиенің кесенесіне қатар тәу ету мүмкіндігі бұйырып, жаңа туристік маршрут ашуға болатындай.
Павлодар облысы,
Екібастұз қаласы