Сұрақты бұлай төтесінен қоюымыз бекер емес. Бұған дейін Қазақстан көпұлтты мемлекет деп талай-талай мінберлерде мәлімдедік. Бірақ Жаңа Қазақстанда мұндай ұстанымның маңызы бар ма? Ұлт деген не?
Бірден айтайық, қазіргі қоғамда ұлт ұғымының мәні шартараптағы түсініктен мүлдем бөлек. Ағылшын тіліндегі nation сөзі латынның natio, яғни «туу» сөзінен бастау алады. Ежелгі Рим ойшылы Цицерон natio ұғымын халық мағынасында қолданған екен. Ғылым тілінде «Ұлт – ортақ тіл, аумақ, тарих, этнос не ортақ мәдениет қалыптастырған қоғам». АҚШ-та кеңінен қолданылатын «Блэктің заң сөздігінде» ұлт ұғымына «нақты террито- рияны мекендеп, тәуелсіз мемлекет, егеменді саяси елді мекендеген адамдар» деп түсініктеме береді.
КСРО кезінде ұлтты «белгілі бір аумақта тарихи қалыптасқан, оның өмір сүруін қамтамасыз етіп, оған өзіндік түр беретін субстанционалды-рухани негізі бар, бірыңғай тіл, мәдени, психологиялық, ділдік (менталитет), өмір салты сияқты ерекшеліктер тән әлеуметтік қауым» деп есептеді. Соның салдарынан посткеңестік елдерде ұлт пен этнос ұғымы біте қайнасып кетті. Яғни ұлт (nation) түсінігі этностық деңгейге түскен.
Бірақ әлемдік деңгейде ұлт ұғымы халық, мемлекет деген мағынаға саяды. United Nation-ді Біріккен Ұлттар Ұйымы деп атаймыз. Сол секілді ұлттық банк, ұлттық әл-ауқат қоры деген секілді атаулар бар. Яғни ұлттық банк секілді атаулар сол мемлекеттегі бір топқа ғана емес, бүкіл адамға тән меншік екені түсінікті. Мысалы, Ұлыбританияның «Ұлттық қоры» түп-тұқиянынан бері Тұманды Альбионды мекендеген ағылшындарға ғана емес, өздерін British санайтындардың бәріне тиесілі.
Сол секілді «Марсельеза» Сена мен Рейннің арасын мекендеген француздардың ғана мемлекеттік рәмізі емес, Францияны мекендеген мұқым халықтың әнұраны. Айтпақшы, Франция конституциясының бірінші бабында «үш жолақты елдің» азаматтығын алған адамның бәрі шыққан тегіне, нәсіліне не дініне қарамастан француз аталатыны жазылған.
Осы күнге дейін алқалы жиындарда «Қазақстанда 130-дан астам ұлт мекендейді» деп талай мәрте айтылды. Алайда жоғарыдағы талаптар төңірегінде тұжырымдасақ, Қазақстандағы ұлт белгісі де, этнос ұғымы да қазақ ұлтының шеңберіне ғана сәйкес келеді. Қазақ этносы бабалардан мұраға қалған біртұтас Ұлы даланы мекендеп, халық ретінде қалыптасты, жетілді. Мұны Ата Заңымыздың бастауында «Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып...», деп жазылған преамбула да айғақтайды.
Статистикаға үңілсек, көпұлтты деген ұғымды деректер де жоққа шығарады. Қазақстанда саны 10 мың адамнан асатын тек 20 диаспора бар. Бұған 10 миллионнан асқан қазақ этносын қосыңыз. Сонда халықтың 16 миллионын небәрі 20 диаспора мен қазақ этносы құрап отыр. Бұл – 2009 жылғы дерек. Содан бері Қазақстан халқы 18 млн-нан асып, қазақ этносы 12 млн-ға жетті.
Қалған 100 диаспораның үлесі 96 мыңнан сәл ғана асады екен. Мысалы, 2009 жылғы Халық санағында елімізде 1 вепсі, 1 ижор, 1 ульча тұратыны көрсетілген. Бір қызығы, бүкіл әлемде 3 мыңдай ульча бар. Олар негізінен Ресейді мекендейді. Ал ижорлардың саны мыңға да жетпейді. Ендеше, 1 вепсі, 1 ижор, 1 ульча деп бөлектеп көрсетудің реті бар ма? Бұл бір жағынан. Екінші жағынан, еліміздегі әр диаспора өкілін бөлек көрсетіп, әрқайсысын бір ұлтсың деу – Қазақстан халқын біріктірудің орнына, арасын алшақтата түсетіні айтпаса да түсінікті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сұхбаттарының бірінде этносаралық келісім түсінігін қайта қарау қажет екенін айтқан болатын. «Осы жерде тұрып жатқан халық, этностық топтар шындығына келгенде бір ұлт саналады. Шетелде бізді «қазақтар» деп біледі. Өйткені біздің мемлекетіміздің атауы дәл осы сөзбен астасып жатыр», деген еді Мемлекет басшысы.
Афины Олимпиадасының күміс жүлдегері, WBC, WBA, IBF тұжырымдамасының әлем чемпионы атанған Геннадий Головкин «менің ұлтым туралы сұрағанда, былай жауап беремін: әкем – орыс, шешем – корей, ал мен – қазақпын!» дегені есімізде.
Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері, марқұм Денис Тен де сұхбаттарының бірінде өзін қазақ деп есептейтінін айтқанын ұмытқанымыз жоқ. «Мен, ең әуелі – қазақпын. Ойым да, түсінігім де, әрекетім де», деп айтқан еді.
Әлемдік ареналарда атой салып жүрген отандастарымыз «Қазақстан азаматы – қазақ» деген ұғымды жақсы түсінеді. Ендеше, Жаңа Қазақстанда ұлт ұғымы этностық түсініктен арылтатын, халықтық деңгейге жетуге тиіс.