Елордада масаларға қарсы дезинсекциялық жұмыстың үшінші кезеңі басталды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің мәліметінше, маусым басталғаннан бері қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы «Астаналық дезинфекция» ЖШС-мен бірлесіп аумақты өңдеу бойынша 2 тур өткізді. Масалар мен шіркейлердің жаппай көбеюін болдырмау мақсатында қаланың барлық ауданындағы жүзден астам таяз су қоймалары мен батпақты жерлер өңделді.
«Үшінші тур аясында ашық стацияларды (кварталішілік аумақ, көшелер, саябақтар, гүлзарлар, елді мекендер және т.б.) өңдеу басталды. Масалар экожүйенің бір бөлігі болғандықтан, оларды толық жоюға болмайды бірақ бұл шаралар олардың санын 90%-ға дейін жоюға және азайтуға мүмкіндік береді», деп жазды ведомстводан.
Бұл дезинсекциялық іс-шаралар жәндіктердің санын азайтуға бағытталған. Жұмыстар түнгі уақытта – сағат 21.00-ден 04.00-ге дейін жүргізіледі және әр тур айына 20 күнге созылады. Барлық өңдеу 6 турға жалғасады.
«Елорда тұрғындары мен қонақтарының жайлы демалуы үшін адам көп жиналатын орындарға – саябақтарға, жағалауларға, гүлзарларға және т.б. ерекше көңіл бөлінеді. Бұл жұмысқа 150 дезинфектор, биолог-энтомологтар, 120 бірлік моторлы-ранцты бүріккіш, термогенераторлар, дезинфекциялық машиналар, дезинфекциялық қондырғысы бар мотошасси жұмылдырылды», деп толықтырды әкімдіктен.
Дезинсекциялық іс-шаралар кезінде сақтық шараларын сақтау маңызды. Әсіресе, өңделетін орындарға бармай, өңдеу кезінде терезелерді жабу керек.
«Дезинсекциялық жұмыстар үшін құрамында хлорпирифос және малатион әсер етуші заты бар, адамдар мен жануарлар үшін қауіптілігі аз инсектицидтер қолданылады. Бұл препараттар Қазақстан Республикасының аумағында қолдануға рұқсат берілген тізілімге енгізілген», делінген хабарламада.