• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 26 Маусым, 2022

Amanat медиа сыйлығы: Кіл мықтыдан кім мықты анықталды

338 рет
көрсетілді

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында Amanat партиясы журналистер арасындағы «Amanat-2022 медиа сыйлығы» республикалық байқауының қорытындысын жариялады.

Салтанатты рәсім барысында пар­тия­ның атқарушы хатшысы Асхат Оралов бұл медиа сыйлықтың 10 жылдан астам тарихы бар екенін атап өтті. Биыл жаңа форматта ұйым­дастырылған байқау жанр­лық сипаттан тақырыптық бағытқа ауы­сып, қосымша Ахмет Байтұрсынұлы атын­дағы «Сөз зергері» және Шерхан Мұр­таза мен Камал Смайылов атын­дағы «Теле­визия үздігі» арнайы сый­лықтары енгізілді.

«Аmanat медиа сыйлығы – ха­лық­тың үздік журналистерге біл­дірген алғы­сы. Себебі журналист – халық үнін жеткі­зетін, мемлекет мүддесі үшін күресетін тұлға. Осы салтанатты кешке үздіктердің үз­дігін анықтау үшін жиналып отыр­мыз. Менің ойымша, журналист деген маман­дықты таңдаудың өзі үздік болу. Елімізде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен өте үл­кен, тарихи өзгерістер жүріп жатыр. Оның мән-мазмұнын халыққа жеткізу ісі үлкен жауапкершілікті, аса зор шебер­лік пен кәсібилікті талап етеді. Бұл мін­детті сіздер өте жоғары деңгейде атқа­рып келесіздер. Байқау Жаңа Қазақ­станды құру ісінде еліміздің ақпа­рат­тық кеңістігін күшейтуге ық­пал етері сөзсіз», деді Асхат Оралов.

Байқау комиссиясының төрағасы, белгілі журналист, ақын, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанның айтуынша, биыл қазылар алқасына 260-тан астам өтінім жолданған.

«Биыл келіп түскен жұмыстардың 70 пайыздан астамы тек аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарынан, яғни өңірлерден жолданғаны қуант­­ты. Жас журналистер де бел­сен­ділік таныт­ты. Яғни отандық жур­налистикада қала­мы төселген мэтр­лермен қатар жас маман­дар­дың тарапынан да үлкен қызығу­шы­лықты байқадық. Әрине, бұл байқау олардың шығармашылық шеберлігін шыңдай түсері анық. Amanat медиа сыйлығының басты мақсаты да сол», деп атап өтті Жанарбек Әшімжан.

Сонымен байқау комиссияның шеші­мімен Amanat медиа сый­лығының жеңім­паздары болып «Жаңа Қазақ­стан­ды» құру туралы үздік материал» аталымы бойынша «КТК» телеарна­сының тілшісі Ас­­қарбек Қазанғап, «Әлеу­меттік мәселеге арналған үздік материал» аталымы бойынша «Прикас­пий­ская коммуна» қоғамдық-саяси газеті­нің аға тілшісі Анжела Ли, «Аймақ тура­лы үздік материал» аталымы бо­йын­ша «Хабар24» телеарнасының Ақ­мола облысы бойынша тілшісі Да­мир Шайдаров, «Жастар туралы үздік материал» аталымы бойынша Dala­news.kz ақпараттық агенттіктің Абай облы­сындағы тілшісі Қуаныш Сма­ғұлов, «Рухани-мәдени дамуға арнал­ған үздік материал» аталымы бойын­ша «Хабар» телеарнасының тілшісі Индира Жылқайдарова, «Мемлекеттік рәміздерінің 30 жыл­­дығы туралы үздік материал» ата­лымы бойынша Жаңақорған аудан­дық «Жаңақорған тынысы» газетінің тілшісі Әлібек Жарықбаев және «Amanat партиясының транс­фор­мациясы тура­лы үздік материал» ата­лымы бойынша Пре­зидент Теле­радиокешенінің режиссері Вадим Ширяев марапатталды.

Ал арнайы сыйлықтардың бірін – Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Сөз зергері» сыйлығын әріптесіміз, Egemen Qazaqstan республикалық газетінің Түркістан облысы бойынша тілшісі Ғалымжан Елшібай иеленді. Шерхан Мұртаза мен Камал Смайы­­лов атындағы «Телевизия үздігі» сыйлығы Qazaqstan ұлттық теле­арнасының ақпараттық-сарап­тамалық бағдар­ламалар дирек­ция­сының басшысы Жалғас Алтаевқа бұйырса, «Белсенді азамат­тық ұста­нымы үшін» сыйлығы бло­гер, моти­вациялық кітаптардың авторы, теле­жүргізуші Дәулет Мұ­қаев­қа берілді.

Байқау жеңімпаздарының бірі Индира Жылқайдарова жаңғыру жолына түскен Amanat партиясының медиа сыйлығына ие болу үлкен мәртебе екенін атап өтті. «Amanat – елдің сенімін, аманатын арқа­ла­­ған партия. Бүгінгі байқауда менің Мұқағали Мақатаевтың 91 жыл­дығы туралы жасаған бейне­мате­риалым еленіп жатыр. Біздер, яғни журналистер қауымы, партия да елдің игілігі, қоғамның дамуы жо­лында қызмет етіп жүрміз. Ел қамы үшін еңбек ете беріңіздер», деді ол.

Салтанатты іс-шарада өзінің жүрек­жарды лебізімен «Жаңақорған тыны­сы» газетінің тілшісі Әлібек Жарық­баев та бөлісті. «Осындай үлкен бәйге­нің жүлдесі бұйырады деп күтпедім. Аудандық газетте жұмыс істеп жүріп, республикалық байқаудың жеңімпазы болу, біз­дерге шалқар шабыт сыйлап, шығар­машылығымызды шыңдай түседі. Amanat партиясының сенімін арқа­ладық, енді осы жолдан таймай, ұлтқа қызмет етуді жалғастырамыз», деді журналист.