28 сәуір – бүкіл жаһанда жұмыс орындарында жазатайым оқиғаларды, кәсіби жарақаттарды болдырмауды насихаттау үшін өткізілетін Бүкіләлемдік еңбекті қорғау күні. Осыған орай кеше Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Әбілғазы Құсайынов баспасөз мәслихатын өткізді.
«Мылтықтың басылуына, құланның қасынуы тура келді» дегендей, алдын-ала жоспарланған баспасөз мәслихаты Астанадағы «Көркем» тұрғын үй кешенінде металл құрылғыларының бөліктері құлап, 18 адамның жарақат алуына тұспа-тұс келді. Жалпы, құрылыстарда техникалық қауіпсіздіктердің сақталмауынан адамдардың зардап шегуі бір бұл емес. Осы жайында журналистер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берген Федерация төрағасы Әбілғазы Құсайынов та айтып өтті.
Мәселен, республикамызда өндірісте жарақат алғандар саны 300 мыңнан асады екен. Негізінде, еліміз бойынша 600 мыңдай мүгедек болса, оның ішінде түрлі аурулардан мүгедек болғандармен қатар, өндірісте зардап шеккендер де жеткілікті көрінеді. Былтырғы жылдың өзінде республикамызда 2 мыңға жуық адам жарақат алып, оның 301-і қаза тапқан. Және бұл көрсеткіштің 2012 жылмен салыстырғанда жоғары екеніне қынжылысын білдірген төраға: «18 адамның құрылыста құлап кетуі техника қауіпсіздігі сақталмауының салдары, бұл жұмыс берушінің тарапынан кеткен кемшілік деп ашық айту керек. Өкінішке қарай, ол компанияда кәсіподақ ұйымы жоқ екен. Біз қазір кәсіподақ ұйымдарын мүмкін болатын барлық жерде ашуға тырысудамыз. Егер оқиға орын алған компанияда кәсіподақ жұмыс істегенде жоғарыдағыдай өкінішті жағдай болмас та еді. Олар жұмыс берушіден қауіпсіздікті сақтауды талап етер еді. Және бір айтарым, көбіне жұмысшылар еңбек шартына қол қоймай-ақ, жұмыс берушіден шарт талап етпей еңбек ете береді. Ал кәсіподақтар ондай жағдайға жол бермейді. Сондықтан құрылыс компаниялары көбіне кәсіподақ құруға мүдделі емес. Қайта кедергі келтіруге тырысады», деді.
Сонымен бірге, төраға еліміздегі 5,9 млн. жалдамалы жұмыс істеушінің 2,5 млн.-ы ғана кәсіподақ құрамында екенін, оның бар-жоғы 30 пайызды ғана құрайтынын айтты. Біз жұмыс берушіні кәсіподақ құр деп міндеттей алмаймыз, бірақ, өз жұмысымызды көрсету арқылы кәсіподақтардың жұмысшылардың құқығын қорғайтын қажетті ұйым екеніне жұртшылықтың көзін жеткізуіміз керек. Мысалы, өткенде Астанадағы «Абу Даби Плаза» құрылысындағы адамдар ереуілге шықты. Оларда да кәсіподақ жоқ екен. Жақында ол ашылып, енді кәсіподақтың қатысуымен еңбек шарты созылды және басқа да құрылысшылар талабы шартқа нақты кіргізілді. Сондықтан біздерге өзіміздің қажетті құрылым екенімізді дәлелдеу де маңызды, деді.
Қазіргі уақытта «Кәсіподақтар федерациясы туралы» жаңа заң қабылданбақшы. Еліміздегі барлық жұмысшыларды қорғау үшін кәсіподақтар құру міндеті тұр. Бір-екі жыл ішінде кәсіподақ жаңғыртылып, модернизацияланып болады деп ойлаймыз. Кәсіподақтар еңбекші адамның қауіпсіз еңбек шарттарында жұмыс істеуін, өнеркәсіпте адамның қаза болуын болдырмау қажет деп санайды. Алайда, біздің қоғамдық негіздегі кәсіподақ инспекторларының еңбектің қауіпсіздігі мен қорғалуы саласындағы бұзушылықтарды жою үшін мекемеге міндетті түрде орындалуы тиіс ұйғарымдар шығаруға құқығы жоқ. Сондықтан жаңа заңға осындай өзгеріс енгізу жоспарлануда, деген төраға өндірісте зардап шеккен барлық кәсіподақ мүшелеріне арналған және азаматтарға нақты көмекке бағытталған жалпы республикалық кәсіподақтық сенбілік акциясының өткізілетінін хабарлады. Федерация осы іс-шара арқылы мүгедектер мәселелеріне қазақстандықтардың назарын аудартқысы келеді. Осындай жұмыс кәсіподақтармен үнемі жүргізіледі.
Баспасөз мәслихатынан мәлім болғандай, 26 сәуірде өткізілетін акцияда 2502 мүгедекке көмек көрсету жоспарланыпты. Кәсіподақ мүшелері аулаларды тазартып, мүгедектердің үйлерін жинап беріп, ағаштар отырғызып, арнайы пандустар салып беретін көрінеді. Сонымен бірге, мүгедектерге еліміздің шипажайларына жолдамалар, азық-түлік пакеттері, қаржылай көмектер көрсетіледі екен. Аталған акцияға 8277 кәсіподақ мүшесі қатысатын болады.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».