• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
26 Сәуір, 2014

Қазақ детективінің ізашары

725 рет
көрсетілді

Апта басында Алматы қаласында Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде жазушы, қазақ детектив жанрының негізін қалаушы, Ұлы Отан соғысының ардагері Кемел Тоқаевтың 90 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті. Жиынды Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, сенатор Нұрлан Оразалин сөз сөйлеп ашты. «Қазақтың дарынды қаламгері Кемел Тоқаев сол кезеңдерде әдебиет әлеміне тосындау болып көрінген детектив жанрының іргесі беки түсуіне бар күш-жігерін жұмсап, осынау тың бағыттың сапасын аса жоғары деңгейге шығарды. Және сол биіктен ешбір аласармай, жазушылық кәсібіне көлеңке түсірмей, жауапкершілік жүгін абыроймен көтеріп, өскелең ұрпаққа шынайы шеберлік үлгісін көрсетті», деді төраға. Сондай-ақ, Одақ басшысы жазушының ұлы, Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көпшілік қауымға арнаған жүрекжарды лебізін жеткізді. Кешке арнайы қатысқан Алматы қалалық мәслихатының хатшысы Төлеубек Мұқашев Кемел Тоқаев шығармашылығы мен азаматтығы жайлы сындарлы пікірін айта келе, өмірден өткен қаламгерлерді әрдайым еске алып, олардың жарқын өмірі мен шығармашылығын қоғам жадынан шығармай, жас буынға насихаттап отыруды дәстүрге енгізген Қазақстан Жазушылар одағына алғыс сезімін білдірді. Салтанатты жиында халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Қазақ» газетінің бас редакторы Қоғабай Сәрсекеев қаламгер шығармашылығы жайлы кең ауқымда баяндама жасады. Белгілі қаламгерлер Бексұлтан Нұржекеұлы мен Ахметжан Ашири шытырман оқиғалы жанр шебері туралы өз естеліктерін ортаға салды. Сондай-ақ, Сейфолла Оспанов, Рафаэль Ниязбеков, Шөмішбай Сариев сынды көрнекті ақындар Кемел Тоқаевқа арналған өлеңдерін оқыды. Қазақ әдебиетінің жарқын өкілі, қаламгер Кемел Тоқаев өз кезінде Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақ КСР Ішкі істер министрлігі жариялаған әдеби бәйгелерде бірнеше мәрте лауреат атанды. Жазушы қаламынан әр кезеңдерде «Сарғабандағы оқиға», «Таңбалы алтын», «Арнаулы тапсырма», «Солдат соғысқа кетті», «Соңғы соққы», «Ұясынан безген құс» сынды ондаған шығармалар жарыққа келді. Жазушының 90 жылдық мерейлі еске алу кешінде Құрманғазы атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық ұлт аспаптар оркестрі өнер көрсетті. Сонымен бірге, қазақ эстрадасының өнер жұлдыздары Нұрғали Нүсіпжанов, Талғат Күзембаев, Рамазан Стамғазиев, Бағдат Сәмединова және басқалары әуелеген әнімен салтанатқа жиналған қауымды әсерлі сезімге бөледі. Қанат ЕСКЕНДІР, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.