Мәжіліс асыл тұқымды мал шаруашылығы мәселелері туралы заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Заң жобасының бірінші оқылымында Мәжіліс төрағасы берген тапсырмаға сәйкес, Заң жобасына асыл тұқымды мал шаруашылығы субъектілерінің қызметін жүзеге асыру тәсілдерін өзгерту, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау, ауыл шаруашылығы бейініндегі ғылыми ұйымдардың қызметін кеңейту және тұтастай алғанда өсіріліп отырған мал тұқымдарының генетикалық әлеуеті мен өнімділігін арттыру, олардың бас санын ұлғайту мақсатында селекциялық-асыл тұқымдық жұмысты дамыту жөнінде түзетулер енгізілді. Сонымен қатар, заң жобасымен жұмыс істеу барысында депутаттар оның мазмұнын нақтылауға және жақсартуға бағытталған түзетулер енгізді», деді Мәжіліс депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Асқарбек Үйсімбаев.
Атап айтқанда, асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы субъектілер қызметінің хабарлама жасау тәртібі асыл тұқымды орталық, асыл тұқымды малдың ұрығы мен эмбриондарын өткізу жөніндегі дистрибьютерлік орталық, бонитер, ұрықтандырушы-техник және эмбриондарды траспланттау жөніндегі маман үшін сақталды.
Бұдан басқа, жануарлардың геномдық бағалауы мен молекулярлық-генетикалық бағалауын жүргізу жөніндегі ережелер регламенттелген, бұл жануарлардың негізгі шаруашылық белгілері бойынша селекцияны едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Малдың өнімділігі мен асыл тұқымдық сапасын арттыру үшін асыл тұқымды өнімді – ұрық пен эмбриондарды пайдалануға және өткізуге қатысты нормалар регламенттелген.
Сонымен қатар Заң жобасында асыл тұқымды емес, бірақ селекциялық процеске тартылған және асыл тұқымды істің дамуына тікелей әсер ететін жануарларды есепке алу бойынша нормалар көзделген.
Депутаттар республикалық палаталардың қызметін жетілдіру бойынша түзетулер енгізді. Асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы заңбұзушылықтардың дер кезінде жолын кесу және оларға жол бермеу үшін уәкілетті орган ведомствосының бақылау субъектісіне бармай, профилактикалық бақылау жүргізу көзделген.
Республикалық палаталар да асыл тұқымды және дистрибьютерлік орталықтар, бюджеттік субсидиялар алған жеке және заңды тұлғалармен қатар профилактикалық бақылау субъектілері болып саналады.