Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырыс өтіп, Палатаның VII шақырылымының II сессиясының жұмысы қорытындыланды. Жалпы отырыс барысында депутаттар «Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстеріне экологиялық құқық бұзушылықтар үшін жауаптылықты күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске экологиялық бұзушылықтар үшін әкімшілік жауаптылықты күшейту мәселелері туралы» заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдады.
Экологиялық залал келтіргендерге жауапкершілікті күшейтуді көздеген құжат жөнінде Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев баяндама жасады. Министрдің айтуынша, заң жобасы бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске бірқатар өзгеріс енгізілмек.
«Өрт қауіпсіздігі қағидалары мен санитарлық қағидаларды сақтамауы себебінен орман алқаптарында орман өрттерінің және зиянкестер ошақтарының пайда болу фактілері жыл сайын азаймай отыр. Қазақстан орманы аз ел болғандықтан, оны сақтау мақсатында орман пайдаланушылардың жауапкершілігін күшейту қажет. Заңда Әкімшілік кодексінің 368-бабының 2-бөлігінде «Кеспеағаш қорын пайдаланудың, сүрек дайындау мен әкетудің, шайыр мен ағаш шырындарын, қосалқы орман материалдарын алудың белгіленген тәртібін бұзу» ерекше қорғалатын табиғи аумақта жасалған іс-әрекеттер үшін айыппұл сомасы ұлғайтылады.
Ұлттық парктерді қатты тұрмыстық қалдықтармен ластаудың өзекті проблемаға айналуына байланысты орман фаунасын жою немесе бүлдіру, сондай-ақ орманды қалдықтармен, химиялық заттармен бүлдіру, ластау және орман қоры жерлеріне өзге де залал келтіргені үшін айыппұл мөлшері ұлғайтылады», деді С.Брекешов.
Ведомство басшысының айтуынша, кейінгі жылдары ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда құқық бұзатын жеке тұлғалар саны күрт өскен. Мәселен, 2017 жылы 41 құқық бұзушылық жасалса, 2020 жылы пандемияға қарамастан тоғыз жүзден астам адам жауапкершілікке тартылған. Осыған байланысты айыппұл мөлшерін 2 АЕК-тен 5 АЕК-ке дейін ұлғайту көзделген
«Қазіргі уақытта Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың режімін бұзғаны үшін жауапкершілік қарастырылмаған. Алайда Қылмыстық кодекстің 342-бабында көзделген. Осыған байланысты Әкімшілік кодексі жаңа 380-1 «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар режімін бұзу» бабымен толықтырылды.
Осы бап бойынша жауаптылық ерекше қорғалатын табиғи аумақтар режімiн елеулi залал келтiру арқылы бұзған жағдайда туындайды. Бұл бапта ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың режімін (ЕҚТА) бұзу жағдайларына, бірақ қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаған жағдайда қолданылады.
Қылмыстық кодексте заңсыз ағаш кесудің тұрақты динамикасын ескере отырып, заң жобасы арқылы мынадай көрсеткішті төмендету ұсынылады. Елеулі залал 100-ден 50 АЕК-ке дейін, ірі залал 1000-нан 500 АЕК-ке дейін азаяды. Бұл ретте аса ірі залал көрсеткіші өзгеріссіз қалады. Оның көлемі 2000 АЕК-ті құрайды», деді С.Брекешев.
Сондай-ақ «Экологиялық залал» термині «залал» деп ауыстырылмақ. Өйткені қылмыстық заңнамада бұл терминнің құқықтық анықтамасы жоқ. Қоғамдық қауіпті зардаптарды анықтауға қатысты ұғымдар Қылмыстық кодексте «ірі залал және iрi мөлшерде» және «ерекше iрi залал және аса iрi мөлшерде» деп бекітілген. Экологиялық залал келтіргені үшін жауапкершілікті күшейту мақсатында бірқатар өзгеріс енгізілмек.
«Жердi жою» 332-бабында ерекше қорғалатын табиғи аумақта залал келтiргенi үшiн жазаның неғұрлым қатаң түрi көзделген. Бұл ЕҚТА жерінің өнеркәсіптік, тұрмыстық немесе өзге де шығарындылармен немесе қалдықтармен бітелу, улану, ұзақмерзімді пайдаланушылардың жерді ластануы немесе өзге де бүліну фактілеріне байланысты. Ұсынылып отырған түзетулер ЕҚТА жерлері мемлекеттің ерекше қорғауында болуымен, жердің құнарлы қабатының бұзылуы ерекше қоғамдық қауіп тудырумен және экологиялық қауіпсіздікке нұқсан келтірумен байланысты.
«Жер қойнауын өз бетінше пайдалану» 334-бабында жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ету және жер қойнауын заңсыз өндіруге жол бермеу мақсатында 334-баптың 1-бөлігі қылмыстық теріс қылық санатынан қылмысқа ауыстырылып, 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны енгізу арқылы санкция күшейтіледі. Осы баптың 2-бөлігінің санкциясы да 3 жылдан 4 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны қатаңдату арқылы өзгертілді. Осы баптың 1-бөлігінің диспозициясына өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, қылмыстық құқық бұзушылықтың құрамын қалыптастыру үшін келтірілген залал мөлшерінің шегі, яғни ірі мөлшерден елеулі залалға дейін төмендетілді. 3-бөлімде ерекше қорғалатын табиғи аумақта аса ірі залал келтіргені үшін жазаның неғұрлым қатаң түрін қарастыру ұсынылады», деді С.Брекешов.
Министрдің сөзіне сүйенсек, ағашты заңсыз кескен адамдарға қоғамдық жұмыстарға тарту немесе аз айыппұл тағайындалған. Бұл әрекетке тағайындалған жаза келтірілген зиянға пропорционалды емес болатын. Осыған байланысты, «Ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдау» 340-бабында бұл бұзушылықты теріс қылық санатынан қылмыс санатына ауыстырылмақ.
Сонымен қатар жиында депутаттар асыл тұқымды мал шаруашылығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, Сенатқа жолдады.
Заң жобасындағы түзетулер өсіріліп отырған мал тұқымдарының генетикалық әлеуеті мен өнімділігін арттыру, олардың бас санын ұлғайту мақсатында селекциялық-асыл тұқымдық жұмысты дамытумен байланысты. Осы түзетулерге қатысты Мәжілістің жалпы отырысында Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Асқарбек Үйсімбаев баяндады.
«Жұмыс тобы асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы субъектілер: асыл тұқымдық орталық, асыл тұқымды малдың ұрығы мен эмбриондарын өткізу жөніндегі дистрибьютерлік орталық, сондай-ақ бонитер, техник-ұрықтандырушы және эмбриондарды транспланттау жөніндегі маман қызметінің хабарлама жасау тәртібін сақтау туралы шешім қабылдады», деді депутат.
Жалпы, отырыс барысында Amanat партиясының фракциясы депутаттар тобының, мүшелерінің депутаттық сауалына жауап беру үшін Ауыл шаруашылығы министрі арнайы келді. Мәселен, 9 наурызда Мәжіліс отырысында депутат Альберт Рау Премьер-Министр Әлихан Смайыловқа агроөнеркәсіптік кешен саласын мемлекеттік қолдау мәселелері туралы депутаттық сауал жолдаған болатын. Депутаттың айтуынша, шаруалар Үкіметтің қолдау жүйесіне жоспарланған өзгерістеріне алаңдаулы. Депутат Ауыл шаруашылығы министрлігі ұсынған субсидия түрлерін қысқарту, кредиттер бойынша мөлшерлемелерді субсидиялау пайдасына тауарлық-спецификалық субсидиялардан бас тарту ұзақ мерзімді инвестицияларды талап ететін агроөнеркәсіптік кешен секторларына зиян келтіретінін атап өтті.
Сәуір айында Үкімет басшысы депутаттың сауалына жазбаша жауап берді. Жауап ретінде Ә.Смайылов агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдауды жетілдіру жөніндегі жұмыс тобы құрылғанын, оның шеңберінде АӨК субсидиялау жүйесіне жаңа тәсілдер таныстырылғанын хабарлады.
Жалпы айтқанда, мәжілісмендер ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің жауабына наразы болды. Осы ретте Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов депутаттық сауалдарға мемлекеттік органдардың сапасыз жауап беруі жиілеп кеткенін айтты.
«Депутаттық сауалдарға мемлекеттік органдардың сапасыз жауап беруі жиілеп кетті. Алайда апта сайын күллі үкімет мүшелерін шақыра бермейміз ғой! Бұған бейжай қарауға болмайды. Өйткені ол елді толғандыратын мәселелер, тұрғындардың өзекті проблемалары. Әрқайсысының артында адамдардың тағдыры тұр. Бұлай жалғаса беретін болса, жекелеген Үкімет мүшелеріне тиісті баға беруге немесе шара қолдануға заң жүзінде мүмкіндігіміз бар», – деді Палата Төрағасы.
Сөз соңында Ерлан Қошанов мемлекеттік орган басшыларын депутаттар көтерген сауалдарға жауапкершілікпен қарауға шақырды. Мәжілістің екінші сессиясының жұмысы аяқталғанын айтқан Палата Төрағасы Мәжілістегі атқарылған жұмыс нәтижелеріне қысқаша тоқталып өтті. Осы сессия күллі қоғам үшін жауапты әрі күрделі кезеңде өткенін, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, Парламенттің 25 жылдығымен тұспа-тұс келгенін, Конституциялық өзгерістер бойынша республикалық референдум өткізілгенін айтты.
«Бұл кезеңде Мәжілістің 42 жалпы отырысы өтіп, онда 271 мәселе қаралды. Палатаның қарауында 127 заң жобасы болды, оның 75-і мақұлданып, Сенатқа жіберілді. Соның ішінде, депутаттық корпус бастамашылық жасалған 27 заң жобасымен жұмыс істеді, бұл Палатаның қарауына енгізілген заң жобалары санының 21 пайызын құрайды. Мақұлданған заң жобалары, бірінші кезекте, Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыруға бағытталған», деді Мәжіліс Төрағасы.
Е.Қошановтың айтуынша, олардың ішінде Омбудсмен туралы, Рақымшылық жасау, Өлім жазасын жою, Сайлау, Республикалық референдум, Саяси партиялар, сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы заңдар бар. Сонымен қатар Палата Спикері Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдардағы лауазымды тұлғалардың атына 355 депутаттық сауал жолдағанына мән берді. Депутаттық сауалдарда кәсіпкерлікті қорғау, банк қызметі, салық саясаты, денсаулық сақтау және білім беру, халықты әлеуметтік қорғау, ауыл шаруашылығын дамыту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, көлік, бала құқықтарын қорғау, жастар саясатын іске асыру мәселелері көтерілді.
Сондай-ақ Мәжіліс заңнамалық сипаттағы өзекті мәселелерді терең зерттеу мақсатында Палата бірқатар маңызды іс-шара өткізді. Атап айтқанда, Қазақстанның су саласын дамыту мәселелері бойынша парламенттік тыңдау, әртүрлі мәселелер бойынша 10 үкімет сағаты өткізілді.
Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады.