Тай-Өлеңті ауылының 60 жылдық тойы дүркіреп өтті. Мерейлі мерекенің қызығы мәдени-спорттық шараларды ұйымдастырып, аста төк ас берумен өлшенбесе керек. Мұны қаперіне алған ауыл жұртшылығы, өзге өңірде жүрсе де туған жерінің туын биік ұстаған азаматтар «60 жылдыққа – 60 игі іс» акциясын жүзеге асырды. Ауылдың өміріне қан жүгіріп, әп-сәтте құлпырып шыға келді!
Өлеңті совхозы – тың игерудің екінші толқынында пайда болған шаруашылық. 1961 жылдың ерте көктемінде, дәлірек айтқанда, 19 наурызда жаңа совхозды құру міндеті жүктелген басшылар мен мамандар, жүргізушілер мен механизаторлар Көксиыр ауылына келіп жұмыла іске кірісті. Бұған дейін «Екібастұз» совхозының бөлімшесі болып келген Талдықамыс ауылы мен Көксиыр қыстауы енді жаңа шаруашылық – «Өлеңті» совхозына қаратылған еді. Совхоз директоры Сартай Қабылов мамандармен кеңесе келе, совхоз орталығы салынғанға шейін шаруашылық кеңсесін Көксиыр ауылындағы мектеп үйінде орналастыру жөн деп ұйғарды. Ал совхоз орталығын жергілікті халық Тай деп атайтын жазық далада салуды жоспарлады. Бүгінде Тай ауылы Екібастұз ауылдық округінің құрамында. Өлеңті атауы ресми қағаздан табылмаса да, жұрт арасында Тай-Өлеңті ауылы деп қатар аталатынын атап өткен жөн.
Тарихқа көз жүгіртсек, 1979 жылдың көктемі мен жазында диқандарға табиғат та иіп беріп, ылғал мол болған екен. Алқаптарда жайқалып өскен егін көз қуантып, көңілге қанат бітірген. Күзде шаруашылық бұрын-соңды болмаған мол астыққа кенелді. Астықтың мол болғаны соншалық, қырманға сыймай кетті. Сөйтіп, мемлекетке шаруашылық тарихында тұңғыш рет 1 миллион пұт астық тапсырылды. Бұл өлеңтілік диқандар қауымының теңдессіз ерлігі, тарихи жеңісі еді. Өлеңтілік өрендердің зор табысы мемлекет тарапынан да лайықты бағаланып, 1980 жылы Өлеңті ауылында аудандық агромәжіліс өткізіліп, сонда 19 адамға мемлекеттік награда тапсырылды.
Екібастұз өңірінен шыққан үш бірдей Еңбек Ерінің Өлеңті өңіріне қатысы бар екен. Кеңес дәуірінде Социалистік Еңбек Ері атанған жылқышы Қали Қаленов Талдықамыста туса, Бөкен Қызғариннің еңбек жылының он жылы Өлеңтіде өткен. Ал Тәуелсіз Қазақстанда Екібастұз өңірінен алғаш «Алтын Жұлдыз» тағып, Қазақстанның Еңбек Ері атанған кенші Рышат Әміренов Өлеңті мектебін бітіріп, осы білім ордасынан еңбек жолын бастаған.
Енді 60 жылдық мерейтойға оралайық. Дүбірлі тойға дайындық шаралары бір жыл бойы жалғасты деуге болады. Бұған дейін ауыл көшелеріне 9 мамырда қаз-қатар билбордтар орнатылып, соғыс және тыл ардагерлерінің портреттері ілінген. Жоғарыда жазғанымыздай, акцияға жергілікті әкімдік пен мектеп түлектері, ауыл азаматтары белсенді атсалысқан. Нәтижесінде, мектеп мұражайы қайта жабдықталып, шахмат кабинеті ашылды. Ауылға кіреберіс қақпа орнатылып, тутұғыр (флагшток) бой көтерген. Жасанды жабыны бар футбол алаңы салынып, көше шамдары жарықдиодты шамдарға ауыстырылыпты. Көше жолдары тегістеліп, саябаққа қиматастар төселіп, сырты қоршалды. Мешіт ауласына 11 түп қарағай отырғызылса, мектеп ауласына 7 түп қарағай мен шырша, гүлдер егілген. Саябақта жеміс ағаштары тамыр жайған. Игі істердің бәрін тізбелемей-ақ қояйық, жаңашылдықты көргіңіз келсе Тай-Өлеңті ауылына мейман болып кетіңіз!
Айырмасын халқымды
бірлігінен,
Жақсылықтар болсыншы
үлгі кілең.
Қанат қаққан төсіңнен
бір ұлыңмын,
Саған мәңгі байланған
кіндігінен, туған ел!
Бұл өлең – сар дала төсінде ән болып аққан өзен бойын жайлаған Өлеңтіге арналған. Мәтіні мен нотасы басылған қағазда «Бұл ән қазақтың үлкен жүректі азаматы, қымбатты Серік Тельманұлы Сәдуақасов мырзаға арналады. Зор құрметпен, ән авторы Қ.Маханов. 23.10.2010 ж.» деген автограф бар. Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, күйші, композитор, өнер зерттеуші Қайыржан Маханов сазын жазған ән мәтіні белгілі ақын Қонысбай Әбіловтікі. Әрине, екі автордың да Өлеңтіні көзбен көрмегені анық, десе де ауылды перзентіне қарап әнге айналдыруында бір гәп бар. Себебі Өлеңті – өз өрендерінің бойына туған жерге деген махаббатты дарыта білген, қырандарын қияға самғата білген ауыл. Сондай өрендерінің бірі жоғарыдағы «Өлеңтіде – ауылым» әнінің тууына себепкер болған Серік Сәдуақасов болса керек. Қайырымды азамат Өлеңті ауылында мешіт салғанын, мектепке заманауи мұғалімдер бөлмесін сыйға тартқанын біреу білсе, біреу білмес. Бұл жолы да іскер азамат ауыл мерейтойына орай жарық көрген «Өлке тәжі – Өлеңті» кітабына демеушілік үлес қосты.
Ал ауыл азаматына арналғанымен, от кеуделі өрендердің туған мекеніне деген махаббатының жаршысына айналған осынау әнді өлеңтіліктер алғаш рет тыңдады. «Жайқоңыр» ансамблінің сүйемелдеуімен нақышына келтіре орындаған – Мұхит Нұрбол.
Өлеңті – өнерді серік еткен талай өренді түлеткен ұя. Дегенмен қазіргі жастар аға буынның ерен еңбегін біле бермеуі мүмкін. Осындайда тарихта қолтаңбасы қалған адамдар есімін насихаттау құралы керек-ақ. Бұл жағынан өлеңтіліктерге алаңдамауға болады, өйткені мектеп ішіндегі құты қашып тұрған өлкетану музейі 1960 жылы туған азаматтардың күшімен қайта жабдықталды. Бұлар – мектептің 1977 жылғы түлектері. Өнегелі іске осы ауылдың тумасы – Екібастұздағы №13 жалпы орта білім беру мектебінің директоры Ерсағат Әшіров мұрындық болды.
Өңі кеткен Өлеңті мектебіне 60 жылдық той қыруар өзгеріс әкелді. Той қарсаңында білім ордасында бірталай нәрсе түлектер күшімен жаңарып қалды. Бұрын мұндағы көргенде көзің тоярлық бөлме жалғыз мұғалімдер бөлмесі еді. Енді көпшіліктің көзайымына айналар орындар қатарын шағын музей мен шахмат кабинеті толықтырды. Шахмат кабинетін кезінде осы мектепте бірнеше жыл директор болған Қабдуайыс Молдабаевтың отбасы жабдықтады.
Бұл күні шахмат, волейбол, аламан бәйге, тоқ бәйге, құнан бәйге, қыз қуу, қазақ күресі сияқты спорт түрлерінен кіл мықтылар анықталып, демеушілердің есебінен қомақты жүлде табысталды. Ынталандыру сыйлығының өзі жүлделерден кем емес. Сайыстардың тартысты өткенін осыдан-ақ біле беріңіз.
Тай түлектерінің тойға жасаған тартуы ішінде жұрт назарына іліккен тамаша нысан – «Мен Тайды сүйемін!» белгісі. Мұны 1985 жылы туған азаматтар, яғни мектептің 2002 жылғы түлектері орнатты.
Ми қайнатқан ыстыққа қарамастан әсем безендірілген сахнада өткен концерт ұзақ әрі мазмұнды болды. Жүргізушілер – ауыл тумалары – ақын Айбек Қали мен Айша Саидова тік тұрып қызмет көрсетті. Әншілер Ләззат Шушаева, Сұңғат Көпежанов, Гүлмира Алданова, Болатбек Шаланов, Күмісхан Сағындық, «Жайқоңыр» ансамблі, «Қамажай» әжелер вокалдық ансамблі, «Арна» вокалдық тобы, «Замандастар» ардагерлер клубының тобы мерекенің өз деңгейінде өтуіне үлес қосты. Шәкен Молдағұлованың аккордеонда, Салтанат Кисатованың баянда шырқаған әндеріне көпшілік «Беу!» десіп отырды.
Өлеңтіде өткен той түнде отшашумен түйінделді. Жастарға би кеші ұйымдастырылып, жиылған қауым ауыл көгінде жарқылдаған салютті қызықтады. Екібастұз ауылдық округінің әкімі Жанат Ибраев тойға атсалысқан азаматтарға алғысын білдірді.
Павлодар облысы,
Екібастұз қаласы