Маңғыстауда тұрғындар саны табиғи өсім және көшіп келушілер есебінен жылдам өсіп келеді. Биыл көктемде облыста халық саны 748 471 адамға жетіп, былтырмен салыстырғанда 22 мыңға өсті. Әрине, облыста жұмыссыздық, ауыз судың жетіспеуі сынды күрделі мәселелер туындап тұрғанның өзінде халық санының артуы үлкен қуаныш.
Маңғыстауда ауыл тұрғындарының қалаға қоныс аударуында белсенділік байқалғанмен, әзірге қала тұрғындарының саны ауылдықтардан аз екен. Яғни 700 мыңнан астам тұрғынның 302 697-і қалада, 445 774-і ауылдық жерлерде тұрады. «Ауыл – алтын бесік» дейтін қазақ үшін ауылды жоғалтпаудың маңызы зор. Бұл тұрғыдан келгенде статистикалық деректер өңірде халық саны жағынан ауылдың әлі де басымдыққа ие екенін байқатты. Бірақ тұрғындар санының Ақтау және Жаңаөзен қалаларында, сондай-ақ Ақтау төңірегіндегі Түпқараған ауданына қарасты ауылдарда көбірек өскендігіне қарап, бұл бағытта бәрібір қалаларға көшу үрдісінің бар екенін жоққа шығара алмаймыз.
– Жыл басынан бері облыстың барлық аудандарында халық саны артты. Бірақ тұрғындар санының ең елеулі өсуі Ақтау қаласында – 218 197 адамға, Түпқараған ауданында – 342 адамға, Жаңаөзен қаласында халық саны – 1 445 адамға, Бейнеу ауданында – 295 адамға, Маңғыстау ауданында – 56 адамға, Қарақия ауданында 13 адамға көбейгені байқалды, деді Маңғыстау облыстық статистика департаментінің басшысы Римма Утюшева.
Табиғи өсім бойынша Маңғыстау облысы бірнеше жыл бойы республикада алдыңғы орында келеді. Биыл жыл басынан бері 3 719 ұл, 3 484 қыз бала, барлығы 7 203 нәресте дүниеге келген. Әрине, халқының саны көп Ақтау қаласы бұл тұрғыда басымдыққа ие, дүние есігін ашқан барлық нәрестенің 2 349-ы Ақтау қаласының еншісінде.
Халық санының артқаны – жаңалық, жақсылық. Бұл өз кезегінде жергілікті басшылыққа өңірде туындап тұрған мәселелерді жылдарға жүк етпей тезірек шешу қажетін алға тартары анық.
Маңғыстау облысы