• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
21 Мамыр, 2010

ҚЫРҒЫЗСТАН: ЖАҒДАЙ ӘЛІ ДЕ КҮРДЕЛІ

682 рет
көрсетілді

Оқиғаға орайлас ой Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Жәнібек КӘРІБЖАНОВ ЕҚЫҰ Іс басындағы төрағасының өкілетті өкілі ретінде Қырғызстанға барып, ондағы ахуалмен танысып және Ұйым тарапынан жағдайды тұрақтандыруға бағытталған ұсыныстар жасап қайтқан болатын. Жәнібек Сәлімұлы сапар қорытындысы туралы біздің тілшімізге айтып берген еді: –Қазіргі уақытта көрші­ле­ріміздің жағдайы туралы қандай да бір анық, нақты болжам айту қиын. Сырттан қарағанда, жағдай ты­нышталған секілді. Бірақ кеше ғана болған оқиғалар жағдайдың әлі де күрделі екендігін көрсетеді. Біз және басқа да әлемдік ұйымдар бірінші барған жолы-ақ ұлтаралық, қауым­ара­лық қақтығыстарға жол берілмеуі қа­жеттігі жөнінде айтқан бо­ла­тын­быз. Өкінішке қарай, айтылған әңгімелер желге айтылғанмен бірдей болып тұр. Біздің делегациямыздың құра­мында ЕҚЫҰ Бас хатшысы М.П. де Бришамбо да болды. Мен Іс басындағы төрағаның өкілетті өкілі ретінде бардым. Алдымен елдегі жағдаймен танысқан соң, осы жолы негізінен екі үлкен мәселені талқыладық. Соның ішіндегі бірінші мәселе конституцияның жобасы тура­лы болды. Жаңа конс­тит­у­ция­ның жобасында елдегі билік пар­ламенттік республика формасында атқарылатындығы көрсетілген екен. Әрине, өздерінің конституциясына қандай норма кіргізуді әрбір ел өздері шешеді. Бұл – елдің өз құзыретіндегі шаруа. Дегенмен, біз өз тарапымыздан сырт көз ретінде пікірімізді білдірдік. Соның ішінде кон­­с­ти­туцияда елдегі жағдаймен сана­сылуы қажет екенін, халықтың менталитеті ескерілуі керектігін айттық.  ЕҚЫҰ Бас хатшысы М.П. де Бри­шам­бо аймақтағы мем­ле­кет­тердің мүдделері мен олардың бас­шы­ла­рының да пікірлері ес­ке­рілуі қа­жеттігін атап көрсетті. Дүние жү­зіндегі басқа мем­лекеттердің тәжірибесінде де он­дай­лардың ес­керілетіндігі айтылды. Пар­ла­менттік басқару тиімді болу үшін әбден қа­лып­тасып, тұрақты арнаға түскен сая­си жүйе болуы қажеттігі ескертілді. Біздің халықтарымыздың мен­талитетінде лидердің рөлі айрықша екендігі мәлім. Барлық тари­хы­мыз­дағы қиын кезеңдерде көш­бас­шылар шешуші рөл атқарып, тар асулардан жеке басының қасиеті мен қабілетінің арқасында алып шыққаны мәлім. Осы мәселелерді және билік тар­мақ­та­рының сәйкес болуын, күштерінің теңгерімді болуы қажеттігін, олардың ара­сындағы қарама-қайшы­лық­тарды реттеу жүйесінің болуы кер­е­к­тігін де айттық. Қазір конституциялық ре­форма жасау жөніндегі арнайы топ өз жұмысын аяқтапты, жоба конс­ти­ту­циялық кеңестен өтіп, енді уақытша үкіметтің қарауына берілген екен. Біздің ұсыныс-пікірлеріміз ескерілсе, ол енді осы жерде көрінеді. Содан кейін конс­титуцияның жобасы бүкіл­халықтық референдумға шығарылып, қабылданбақшы. Біздің қарастырған екінші мә­селеміз, шекара жайы болды. Ес­те­ріңізге сала кетейік, сәуір айының басында болған оқи­ға­ла­р­дан кейін біздің еліміз Қыр­ғыз­стандағы тұ­рақ­тылық, заңдылық пен құқық тәртібін қамтамасыз етудегі елеулі проблемалар біздің ішіміздегі қауіпсіздік пен қыл­мыс­тық ахуалға теріс ықпал ететіндігін ескеріп, Қазақстан-Қырғызстан мемлекеттік шекарасына уақытша шектеулер енгізуге мәжбүр болған еді. Өкінішке қарай, Қырғыз Рес­пуб­ликасындағы ахуал толықтай реттелу мен тұрақтылықтан әлі де алшақ болып тұр. Оның үстіне ұйымдасқан қылмыс бас көтерген, сәуір айында болған оқиғалар кезінде қолға түскен қару-жарақ халықтың қо­лында жүр. Есірткі саудасы да өрістеп тұрғаны жасырын емес. Сонымен қатар, Қырғызстан жа­ғы­ның шекаралық күштері режімді зонаға лайықты тәртіпті қамтамасыз етуге әлсіздеу. Олардың қажетті, заманауи құрал-жабд­ық­тар­мен қамтамасыз етілуі де жеткілікті деңгейде емес. Қазір Қырғызстанда Қазақстан-Қырғызстан шекарасын өздерінің режімді қамтамасыз ете алма­ғандығы себепті жабылды деп емес, Қазақстанды экономикалық бл­о­када жасап жатыр деп шулайтын күштер де бар болып шықты. Олар БАҚ-тар арқылы елдегі әлеуметтік-эконо­микалық ахуалдың нашарлап бара жат­қандығын осымен де түсін­діргілері келеді. Бірақ бұл шын­дыққа сай емес екені белгілі. Тіпті, халықаралық ұйымдардың өкілдері шекараның жабылуында ешқандай саяси астар жоқ екенін ашық айтты. Біз өз тара­пымыздан Қазақ­станның ше­караны жабуға мүдделі емес екенін, тіпті соның кесірінен біз де экономикалық тұрғыдан ұтылып отырғанымызды түсіндірдік. Осы жағдайларды ескеріп және бауырлас қырғыз халқының әлеу­меттік-экономикалық жағ­да­йы­ның күрделеніп бара жатқанына бай­ланысты достас ел азамат­тарының көптеген өтініштерін назарға ала отырып, бүгіннен бастап Қазақстан Президенті Нұр­сұлтан Назар­баев­тың ше­ші­мімен Қазақстан- Қыр­ғызстан шека­ра­сындағы “Қор­дай”, Сыпатай батыр”, “Айша Бибі” өткізу бе­кет­тер­і ашылды. Осы шешімге бай­ланысты, қырғыз­стан­дық ше­ка­ра­шыларға халықаралық ұйымдар да қажетті көмек береді деп күтілуде. Ал қырғыз-өзбек шекара бекеттері әлі де сол шектеулі күйінде қалуда. Дегенмен, біздің шекараны аш­қанымыз қырғыз халқының күрделі әлеуметтік жағдайын реттеудегі өте дұрыс шешім болды деп санаймыз. Сонымен бірге, біздің Үкіметіміз Қырғызстанның уақытша үкіметін жағдайды тез­детіп тұрақтандыруға, заң үс­тем­дігін қалпына келтіруге ша­қырды. Біздіңше, бұл ұсы­ныс­тарғ­а қырғыз жағы құлақ асар деген үміттеміз. Жазып алған Жақсыбай САМРАТ.