АТЫРАУ. 28 сәуір. Осыдан бірер күн бұрын пара алу кезінде ұсталып, артынан қашып кеткен Атырау облысы Исатай аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Алтынбек Құбайдуллиннің өлі денесі табылды. Бұл туралы «Ақ Жайық» газеті хабарлады.
Аудандып полиция бастығы тергеу кезінде қан қысымы көтеріліп, содан ауруханаға жеткізіледі. Ол сол жерден ебін тауып қашып шыққан.
Аталған басылымның хабарлағанындай, Алтынбек Құбайдуллиннің өлі денесі 27 сәуірде Атырау қаласының Гурьевский көшесіндегі құрылыс нысандарының бірінен табылған.
Қазіргі жорамал бойынша, ол өз-өзіне қол салған болуы мүмкін. Осыған қатысты жұртшылықтың арасында әртүрлі алып-қашпа әңгімелер айтылуда. Біреулер оны кісі қолынан қаза тапты деп санауда. Дегенмен, мұның жай-жапсары сот-медициналық сараптамадан кейін белгілі болмақ.
Естеріңізде болар, Исатай аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы А.Құбайдуллин 250 мың теңге көлемінде пара алу кезінде қаржы полициясының қолына түскен. Сол сәтте одан 3 килограмм қара уылдырық та тәркіленген еді.
Қазір осы тізбекті оқиғаға қатысты тиісті орындар тексеру жұмыстарын жүргізуде.
Жолдыбай Базар.
Дереккөз: «Ақ Жайық» газеті.
Фото: egemen.kz.