Футболдан Қазақстан чемпионатының 16-турында Қарағандының «Шахтері» өз алаңында «Ақтөбемен» сынасты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ақтөбеліктер мұның алдында қатарынан үш рет жеңіске жеткен еді. Соның ішінде ел чемпионы Қостанайдың «Тобылы» мен «Астананы» ұтты.
Айта кетсе, алаң иелері соңғы бес ойынның біреуінде ғана жеңіске жетті. Бұл - қазақстандық маман Вахид Масудовтың «Шахтердің» бас бапкері ретіндегі алғашқы матчы.
Бірінші таймда қарағандылық Тимур Досмағамбетов 12-минутта 11 метрлік айып добын мүлтіксіз орындады. 47-минутта Роман Муртазаев есепті 2:0-ге жеткізді.
Екінші таймда қонақтар басымдылық танытты. Т. Досмағамбетов өз алаңында қолмен ойнағаннан кейін Әлібек Қасым 54-минутта пенальтиден мүлт кеткен жоқ. Жерар Гоу 75-минутта таразы басын теңестірсе, 82-минутта «Ақтөбенің» сұрмергені Уго Видемонт жеңіс голын соғып кетті. Есеп - 3:2.
Осылайша, 26 ұпай жинаған Андрей Карповичтің шәкірттері турнир кестесінде бірінші орынға шықты.