• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
28 Сәуір, 2014

Атырауда 13 жыл өлілер тізімінде болған ардагер анықталды

366 рет
көрсетілді

АТЫРАУ. 28 сәуір. Атырауда Ұлы Отан соғысының ардагері, бүгінде сау-саламат жүріп жатқан Александр Погадаев деген қария 13 жылдай өлілер тізімінде тұрған. Бұл туралы «ҚазАқпарат» хабарлады. Бақандай 13 жыл қайтыс болғандар қатарына жатқызылып келген Александр Погадаев сәті түсіп, қайтадан тірілер тізіміне енгізілді. Соғыс ардагерінің немересі Ольга Сбитнева: «Бізге жіберілген қателіктің түзетілгені хабарланды. Енді менің атам халыққа қызмет көрсету орталығына кез келген анықтама алу үшін жүгіне алады», – деді. Александр Погадаевтің өлілер тізімінде екені кездейсоқ анықталыпты. Қария халыққа қызмет көрсету орталығына мекен-жай анықтамасын алуға барады. Ал орталық қызметкерлері оған: «А.Погадаев деген азамат туралы мәлімет базамызда жоқ, ол 2001 жылдан өлгендер қатарында», – деген мазмұндағы келеңсіз хабарды жеткізеді. Мұны естіген ардагер аң-таң қалады... Қарияның немересі Ольга Сбитнева: «Біз қателікті түзетуді сұрадық. Кеткен кемшілікті жөндеу көші-қон полициясының құзырындағы іс екен. Сосын атамыздың жер басып жүргенін растайтын медициналық қорытынды талап етілді. Біз сұраған анықтамасын апарып бердік. Арада біршама уақыт өткен соң халыққа қызмет көрсету орталығынан атамыздың мекен-жай анықтамасын алу үшін ешқандай кедергі болмайтыны хабарланды. Бұл Жеңіс күніне орай үлкен сыйлық болды», – деді. Александр Погадаев осал адам емес көрінеді. Ол – Ұлы Отан соғысының ардагері әрі отставкадағы ішкі істер полковнигі. Сондай-ақ, бұл қария атыраулық танымал «Фронтовичка» соғыс және еңбек ардагерлері хорының әншісі ретінде де белгілі. Биыл 90 жасқа толатын ардагер Жеңіс күні мерекесіне байланысты ұйымдастырылғалы отырған концерттік шараларда өнер көрсетпек. Жолдыбай Базар. Дереккөз: «ҚазАқпарат». Фото: Kostanay.gov.kz.