Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады. Қаланың республикалық мәртебе алғанына биыл 4 жыл болды.
«Республикада Шымкент қаласы өсім динамикасы бойынша 2021 жылдан бастап алғашқы орында. 4 жыл ішінде өнеркәсіп өнімінің көлемі 60% немесе 492 млрд теңгеден 785,4 млрд теңгеге ұлғайды. 1,5 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды. Биыл қалаға жарты трлн-нан астам инвестиция тарту жоспарланып отыр. 2,6 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салынды, оның 1 млн-ы былтыр берілді. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 30 % немесе 58 мыңнан 75,3 мыңға дейін өсті. Олар шығарған өнім көлемі алғаш рет 1 трлн теңгеден асты. Қала бюджеті 4 есеге немесе 146 млрд теңгеден 573 млрд теңгеге дейін артты. 673 шақырым жол жөнделді. Бұл – алдыңғы 8 жылдың көрсеткішімен бірдей», деді қала басшысы.
Сонымен қатар қалада инженерлік инфрақұрылымға да баса көңіл бөлінді. Бозарық қосалқы стансасы мен АГРС іске қосылып, электр қуаты мен табиғи газ тапшылығы шешілді, олардың қуаттылығы алдағы 5-6 жылға жетеді. Қала тұрғындарының ауыз сумен қамту 93 %-дан 98%-ға, электрмен қамтамасыз ету 91,2%-дан 97%-ға, тұрғындарға табиғи газ жеткізу 92 %-дан 93%-ға өсті. 2023 жылы ауыз сумен қамту, 2025 жылы электр қуатымен және табиғи газбен қамту 100 %-ға орындалады.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкіметпен бекітілген «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» іске асырылып жатыр. Биыл 24 мыңға жуық мұғалімнің еңбекақысы 25-%-ға, 17 мыңға жуық азаматтық қызметшінің жалақысы 20%-ға, денсаулық сақтау және спорт салаларында еңбекақы 25%-ға өсті. Жалпы, Шымкент қаласында ағымдағы жылдың І тоқсанында орташа жалақы 23 %-ға өсіп, 216 867 теңгені құрады. Халықтың табысын арттыра түсу үшін өндіріс орындарын көптеп ашу қажет. Бұл бағытта биыл 16 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланған. Инвестиция көлемі – 52,3 млрд теңгені құрап, 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Бүгінгі таңда жоспарланған 5 кәсіпорын іске қосылды», деді қала әкімі.
Оның айтуынша, Орталық Азияда теңдесі жоқ «KazAlPack» ЖШС «Алюминий банкілерінің өндірісі» жобасының құны 23 млрд теңгені құрады, онда 145 жұмыс орны ашылды. Жобалық қуаты жылына 500 млн дана алюминий банкілерін шығаруға жетеді. Өндірілген өнім елге келген импорттың 60 %-ын алмастырады.
Сондай-ақ жоспарланған жобалардың ішінде қала экономикасы үшін маңызы зор «Standard Steel KZ» ЖШС түсті металл концентраттарын алу зауыты (мыс, қорғасын, цинк, алтын) жобасы бар. Аталған жобаның құны – 8,5 млрд теңге. Жоба аясында 250 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Бұл жоба шеңберінде бұрынғы қорғасын зауыты аумағындағы қорғасын қалдықтары тазартылып, қаланың экологиясына оң әсер ететін болады.
Жалпы, қаладағы 4 индустриялық аймақта 185,3 млрд теңгеге 130 жоба іске асырылып, 8,3 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды.
Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын 1,5 есеге көбейтуді тапсырды. Бұл межеге жету үшін қалада 2 жаңа индустриялық аймақтың құрылысы басталды.
«Біріншісі, «Жұлдыз» индустриялық аймағы. Жалпы аумағы 306 гектар аумаққа инженерлік инфрақұрылым құрылысы жүргізілуде. Жаңа индустриялық аймақта машина жасау, фармацевтика, металлургия, жиһаз өнеркәсібі, құрылыс индустриясы салаларында 5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. 200 млрд теңгеден астам қаржыға 50-ден астам ірі инвестициялық жоба іске аспақ. Қазіргі таңда 100 млрд теңге тұратын 17 жобаға жер телімдері бөлінді. Екіншісі, аумағы 118 гектарды құрайтын «Стандарт» жеке индустриялық аймағы. Бұл жерде 176 мың шаршы метрлік дайын өндірістік алаңдар, оның ішінде 64 мың шаршы метріне қойма алаңдарын салу жоспарланып отыр», деді М.Әйтенов.
Қала әкімі агроөнеркәсіп кешенін дамыту жайлы да айтып берді. Бұл бағытта ауылшаруашылық өнімдерін тереңдетіп өңдейтін өндірістік алаңдарды дамытуға мән берілуде.
«Бүгінгі таңда аумағы 133 гектарды құрайтын «Бозарық» тамақ өнеркәсібі агроиндустриялық аймағында инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы жүргізілуде. Нәтижесінде, 21 жобаға 23 млрд теңге инвестиция тартылып, 1 500-ден астам жұмыс орны ашылады. Биыл құны 11 млрд теңгені құрайтын 14 жоба іске асып, 369 жұмыс орны ашылады. Жобалар қайта өңдеу, өндірістік жылыжай кешені, сақтау қоймасы, тауарлы сүт фермасы мен құс шаруашылығын кеңейтетін болады», деді спикер.
Сонымен бірге бағаны тұрақтандыру бағытында сауда-логистика аймағында 4 жаңа қойманың және 1 көтерме-тарату орталығының құрылысы жоспарлануда. Әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік тауарлары бойынша тұрақтандыру қорына бюджет есебінен 7,7 млрд теңге бөлініп, ірі сауда желілеріне, жергілікті тауар өндірушілерге және бизнес субъектілеріне айналым қаражаты берілді.
Жергілікті бизнесті дамытып, қалаға инвестиция тарту мақсатында алдағы 5 жылда 2,6 трлн теңгеге 20 мың жұмыс орнын ашу мүмкіндігін беретін 242 жобаның пулы жасақталған. Оның ішінде 2022 жылы 154,7 млрд теңгеге 50 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.
«Осы жылдың 5 айында қалаға тартылған нвестиция көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 29,2%-ға артып, 131,1 млрд теңгеден асты. Өсім динамикасы бойынша Шымкент қаласы республикада алғашқы орында. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге ауқымды қолдау көрсетілуде. «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында 13,3 млрд теңге қарастырылып, бүгінде 4,1 млрд теңгеге 1 830 жобаға қолдау көрсетілді. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 74 жобаға 1,1 млрд теңгеге қолдау көрсетілді. Жергілікті «Іскер қала» бағдарламасы аясында 944 млн теңге бағытталып, бүгінде 183,4 млн теңгеге 19 жоба қаржыландырылды. Сонымен қатар кәсіпкерлердің жеңілдетілген несиеге қол жеткізуі үшін Shymkent-Atameken микроқаржы ұйымы арқылы кәсіпкерлерге 25 млн теңгеге дейін 6%-дық несие беріледі. Жыл басынан бері 865,6 млн теңгеге 86 жобаға қолдау көрсетілді. «Бизнеске арналған үкімет – Shymkent Invest» бірыңғай орталығында 24 мыңнан астам кәсіпкерге бизнес-жоспарды әзірлеуден бастап, жобаны пайдалануға беруге дейінгі құжаттарға байланысты қолдау көрсетілді», деді спикер.
Оның айтуынша, 2022 жылға бюджет көлемі 573,7 млрд теңгені құрады. Оның 47%-ы әлеуметтік салаға бағытталса, 21%-ы даму жобаларына бөлініп отыр. Бюджет қаражатын ұлғайту арқылы қаладағы біршама өзекті мәселелер шешімін табуда.
«Мегаполис болғалы Шымкент қаласының бюджет көлемі 4 есеге артты. Бюджетті жоспарлауда ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 158 жобаға 3,9 млрд теңге қаржы бөлінді. Нәтижесінде, 140 балалар ойын алаңы, 24 ашық спорт алаңы және 2 ирригациялық арық орнатылуда. Бүгінде қаланың кез келген тұрғыны «электронды үкіметтің» веб-порталына кіріп, өз ұсыныстарын қалдырып, кері жауап алуға мүмкіндігі бар», деді Шымкент әкімі.
Мемлекет басшысы білім беру жүйесіндегі орын тапшылығын жою мақсатында елімізде 2025 жылға дейін 1 мың мектеп салуды міндеттеген. Тапсырмаға сәйкес Шымкент қаласында 101 мектептің құрылысын жүргізу қарастырылған.
«2021 жылы 25 мектеп пайдалануға берілсе, 2022 жылы 34 мектептің құрылысы жүргізілуде, 11 703 орындық 24 мектеп пайдалануға беріледі. Нәтижесінде, үш ауысымды мектептер саны 9-дан 5-ке дейін, ыңғайластырылған мектеп саны 4-тен 3-ке дейін азаяды. 2023 жылы қалада үш ауысымды мектеп мәселесі толығымен шешіледі. Мемлекет басшысы 2022 жылды Балалар жылы деп жариялаған болатын. Осыған орай, арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, бұл бағытта 44,6 млрд теңге қаралды. Іс-шаралардың ішінде осы жылдан бастап барлық бастауыш сынып оқушылары – 103 мыңнан астам оқушы көп жылдан бері алғаш рет тегін ыстық тамақпен қамтылды», деді қала әкімі.
Әлеуметтік салада басты мақсаттардың бірі – халықты тұрақты жұмыспен қамту арқылы әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтардың санын азайту. Халықты жұмыспен қамту шараларына 57 мыңнан астам адамды қатыстыру жоспарланып, 5 айда 22 мыңнан астам адам қамтылды.