Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов Орталық коммуникациялар қызметінде «Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында Солтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы» тақырыбында журналистер алдында брифинг берді.
Өңір басшысы Ата заңға өзгерістер енгізуге арналған референдумның облыстағы нәтижелерін жеткізді. «Облыс бойынша дауыс берушілердің 75%-ы референдумға қатысып, олардың 81%-ы өзгерістер енгізуді қолдап дауыс берді. Осының өзі өңір халқының саяси сауаттылығы жоғары екенін, жаңа өзгерістерге дайындығын көрсетті», деді ол.
Облыс әкімінің сөзіне қарағанда, биыл бес айда облыстың экономикалық өсімі 3,3%-ы құрады. Соңғы бес жылда облыс бюджеті 2,2 есе өсіп, 429 млрд теңгеге жетті. Өңір қазынасының жартысынан көбі әлеуметтік саланы дамытуға бағытталды. Ал өткен 5 айда облысқа барлығы 100 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылды, соның 87%-ы – жеке инвестициялар.
Қ.Ақсақалов Президент Қ.Тоқаев Жолдауында «Агроөнеркәсіп кешенінің басты міндеті – елді негізгі азық-түлік өнімдерімен толық қамтамасыз ету» деп тапсырғанын айта отырып, аталған саланың жетістіктеріне тоқталды.
«Өңір әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік түрінің 15-ін өндіреді. Облыс өз қажеттілігін сүт бойынша 8 есе, макарон бойынша 18 есе, картоп бойынша 10 есе, жұмыртқа бойынша 4 есе, сәбіз және ет бойынша 2,5 есе, сары май бойынша 1,6 есе артық өндіріп, қалғанын елдің ішкі және сыртқы нарығына шығарады», деді облыс әкімі.
Солтүстік Қазақстан елдегі бидайдың төрттен бірін, майлы дақылдардың үштен бірін, жұмыртқаның 11 және сүт өнімдерінің 23%-ын өндіреді. Соңғы бес жылда облыс ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемін 2 есе арттырып, құнын 902 млрд теңгеге жеткізді. Соның ішінде өсімдік шаруашылығының үлесі 679 млрд теңгені құрады. Өсімдік алқаптарын әртараптандырудың маңыздылығын да атап өтті. Дәнді дақылдарға қарағанда майлы дақылдардың бағасы жоғары екені айтылды. Мысалы, биыл бидайдың 1 тоннасы 170 мың теңге болса, зығырдың 1 тоннасының бағасы 340 мың теңгеге жетті. «Майлы дақылдарды өндіріп қана қоймай, оны қайта өңдеу де маңызды жұмыс. Қазір облыста майлы дақылдарды экстракциялау зауыты салынуда. Бұл елдегі ең мықты кәсіпорын болмақ. Оған 15 млрд теңге инвестиция тартылуда. Зауытта 200 адам жұмыс істейтін болады. Жаңа нысан майлы дақылдардың 90 пайызын өңдеуге мүмкіндік береді», деді ол.
Петропавл қаласында 3,7 гектар жерге құны 7 млрд теңге болатын заманауи жылыжай кешені салынуда. Жаңа жылыжай облысты 2,7 мың тонна көкөніспен қамтамасыз етпек. Облыста сүт фермаларын салуға арналған бағдарлама жүзеге асырылып, жеңілдетілген несиелер берілуде. Жыл сайын 10 тауарлы сүт өндіру кешені пайдалануға беріледі. Мысалы, өткен жылы 10 ферма іске қосылса, биыл тағы 11 кешен салынуда. Бұл кәсіпорындар 2 мыңнан астам ауыл тұрғынын жұмыспен қамтиды. Жаңа фермалар арқылы 5 жылда сүт өндірісі 30%-ға өсіп, 227 мың тоннаға жетеді деп жоспарланған. Президенттің «аграрлық секторға дәстүрлі қолдау көрсетумен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге барынша мән беру керек» деген тапсырмасы да мұнда белсенді түрде жүзеге асуда. 5 жылда облыста сүтті қайда өңдеу 55%-ға, ал етті өңдеу 50%-ға өскен.
«Бізде әлі күнге дейін сырттан әкелінетін сүт өнімдері бар. Мысалы, Қазақстанда жыл сайын 23 мың тонна ірімшік өндірілсе, осынша көлем импортталады. Облыста импортты алмастыру үшін осы өнімнің өндірісі ұлғаюда. 2021 жылы өңірде ірімшік өндірісі 2,3 мың тоннаны құраған. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 43%-ға көп», деді Қ.Ақсақалов.
Өңірде жылына 2,5 мың тонна ірімшік өндіруге бағытталған «Евразиан милк» жаңа сүт зауыты іске қосылған. Инвестор жобаға 13 млрд теңге құйған және сол арқылы 120 жаңа жұмыс орны ашылған. 2021 жыл бойынша өндірілген сүттің жалпы көлемінің 55%-ы өңдеуге жіберілді. Ал жаңа зауыттың іске қосылуымен бұл үлес 60%-ға жеткізіледі. Өткен жылы елімізде құс етінің сұранысы 427 мың тонна болса, соның 64%-ын отандық құс фабрикалары қамтамасыз еткен. Солтүстік Қазақстанда қазір 3 бройлер құс фабрикасы салынуда. Оның екеуі жыл соңына дейін іске қосылады. Бұл кәсіпорындар құс еті импортын азайтады және 200-ден астам тұрақты жұмыс орнын ашады. Облыстың құс етіне деген қажеттілігі – 8,5 мың тонна. Ал 3 жаңа фабриканың қуаттылығы – 16 мың тонна. Жалпы, әкімнің айтуына қарағанда, облыс биыл ауыл шаруашылығының жалпы көлемін 1 трлн теңгеге жеткізбек.
Өнеркәсіп бойынша биыл облыста 36 млрд теңгенің 19 инвестициялық жобаларын іске асыру қолға алынған, жаңадан 1 мыңдай жұмыс орны ашылмақ. Құрылыс саласын материалдармен қамтамасыз ету үшін бірнеше жаңа зауыт салу қолға алынған. Соның ішінде биылғы мамыр айының соңында құны 1,8 млрд теңгені құрап, 80 жұмыс орнын ашқан жаңа кірпіш зауыты бар. Кәсіпорын жылына 40 млн дана кірпіш шығарып, осы өнімге деген сұраныстың 30 пайызын жабады. Шілде айында автоклавты газблоктарын және темірбетон өнімдерін шығаратын екі зауыт іске қосылмақ. Бұл екі зауыттың өнімдері де құрылыс саласына ауадай қажет.
Еліміз қазір А4 форматындағы кеңселік қағазға зәру болып қалғаны белгілі. Осы сұранысты жабу үшін Петропавл қаласында қыркүйек айында қағаз фабрикасы іске қосылғалы жатыр. Оған 2,5 млрд теңгенің инвестициясы тартылған. Фабрика жыл сайын 5 мың тонна қағаз өндіріп, жаңадан 80 жұмыс орнын ашады. Былтыр ашылған электртехникалық зауыт биыл 4 мың дана трансформатор шығарады. Ал толық қуатына шыққанда зауыт жылына 13 мың дана өнім бермек. Сол кезде жұмысшылар саны 350-ге жетеді, ал әзірге онда 200-ге жақын адам еңбек етуде.
«Қызылжар» арнайы экономикалық аймағындағы жұмыс қарқыны да жоғары. Биыл онда құрыштан жасалатын жұқа қабырғалы жеңіл конструкциялар жобасы іске асырылады. Жалпы, өнеркәсіптің өсу қарқыны жоғары, соңғы 5 жылда оның өнімдері 1,8 есе артып, 198 млрд теңгеден 365 млрд теңгеге дейін артты. Биылғы өсімді 410 млрд теңгеге жеткізу көзделген.
Облыстағы шағын және орта бизнес өнімдерінің дамуы да соңғы бес жылда 2 есе артып, 490 млрд теңгеден 912 млрд теңгеге дейін өсті. Тұрғын үй құрылысына тартылған инвестиция көлемі 3 есе артты. Қазір облыс бойынша 50 құрылыс алаңы бар, жыл соңына дейін оның санын 61-ге жеткізу жоспарланған. Соның ішінде 26 үй бюджет қаражатына, 24 үй коммерциялық құрылымдардың қаражатына салынуда. Жылдың аяғына дейін 20 үй пайдалануға берілмек.
Петропавл қаласында «Жас Өркен», «Береке» және «Орталық» атты жаңа шағын аудандар пайда болды. Ұзақ жылдар бойы сүруге ешкімнің тісі батпаған, ескі үйлері мен жатақтары қаптаған «Копай» шағын ауданында 117 тұрғын үй бұзылды, орнына жаңадан 9 тоғызқабатты көппәтерлі үй салу көзделіп отыр. Ал барлығы 27 үй тұрғызылып, 2,8 мың пәтер тапсырылмақ. Биыл көп жылдан бері кезекте тұрған 120 көпбалалы ана пәтер алады. Сондай-ақ 120 жетімге де үй беріледі. 2026 жылға дейінгі кешенді жоспар бойынша жалпы көлемі 3,3 млн шаршы метр болатын тұрғын үй пайдалануға беру жоспарланған. Бұл 144 мың тұрғын өзінің тұрғын үй жағдайын жақсартады деген сөз.