Сарапшылар делдал компаниялар нарықтың қолындағы «алмас қылыш» екенін айтады. Заң шеңберінде жүйеленсе, мұндай компаниялар сервистік қызмет түрінің жақсаруына сеп болады, алпауыт кәсіпорындардың мүмкіндігін әртараптандырады. Алайда біздің жағдайымызда делдал компаниялар «жұмыртқадан жүн қырқып отырғандардың» қылығын еске түсіріп отыр.
Сарапшы-экономист Талғат Демесінов елдегі әлеуметтік-экономикалық проблемалардың қордаланып қалуына олигополиялық қысым себеп болды деген ойға басымдық берді. Отыз жыл бойы қордаланып, «мұзы қалыңдап кеткен сеңді» тек саяси реформалар арқылы ғана бұза аламыз.
«Instant Payments» серіктестігі ҚТЖ ғана емес, өзге компаниялармен де келісімшарт бойынша жұмыс істеген. ҚТЖ-дан өзгелері келісімді үзетінін айтқан жоқ. Басында отырғандар айтқызбай отыр. Олар бағаны белгілеу құқы арқылы ойынын жалғастыра беруге мүдделі. Біз Президентіміздің бастамасына БАҚ арқылы да, әлеуметтік желілер арқылы да қолдау білдіруіміз керек. Халықтың қолдауы көп мәселені шешеді», дейді Т.Демесінов.
Сарапшы айтып өткендей, біз тұлғаға табыну дәуірінің зардаптарымен бетпе-бет қалдық. Нарықтың 35 пайызын жаулап алған делдал компаниялардың ар жағында тұрғандардың бәрі олигархтармен байланысты екенін еске түсірген сарапшы бізді ауыр сынақтар күтіп тұрғанын, мұны тәуелсіздік үшін күреспен салыстыруға болатынын айтты. Кедергі сыртқы фактордан емес, өз ішімізде. 30 жыл бойы нарықты уысында ұстап тұрған үркердей топ барымен бөлісуге дайын емес.
«Халықтың табысын көтеру бағдарламасын делдал компанияларға қарсы күреспен қатар алып жүру керек. Бұл жерде Мемлекет басшысының пәрменіне қосымша күш керек. Ішкі нарықты делдалдардан тазартуды заң аясында, мемлекеттік бағдарлама шеңберінде жүргізу керек. Мысалы, Германияда нарықтағы делдалдардың тізбегі көбейген сайын олардың үлесін қысқартып отыру тәжірибесі бар. Тізбекте тұрған алғашқы компанияның үлесі 5 пайыз болса, соңғысы 0,1 пайызбен шектеледі. Егер соның бәрін заңдастырсақ, үлесінен қағылған делдалдар нарықтан өзінен-өзі ысырылып шығады», дейді Т.Демесінов.
Сарапшының пікірінше, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үлкен қадамдарға тәуекел етіп отыр. Қорғас кеден бекеті «тазалана» бастаған 20 күннің ішіндегі бюджет түсімі шамамен 8 млн доллар деген сөз бар. Қорғас бекеті 2-3 компанияның бақылауында болды деген дерек те жоқ емес. Олар Қытайда 200 теңге тұратын үйге киетін аяққиімді 2 мың теңгеден сатса да, қолын ешкім қақпай келді.
«Мемлекет басшысы халықтың табысын жұмыспен қамту, ІЖӨ деңгейі арқылы көтеру қажеттігін айтып отыр. Халықтың көңілін мемлекет бөлген демеу қаржымен «демдеп» қоюға Ұлттық қордың мүмкіндігі жоқ. Кеденді делдалдардың құрсауынан, нарықты олигархтардың қысымынан тазартсақ, қазынаға қаржы түседі, халықты жұмыспен қамту, табысын көтеру, инфляциядан қорғау мәселелері нарық жолымен шешіледі», деп атап өтті Т.Демесінов.
Халықаралық тәжірибеде халықтың табысын арттыру мен баға саясаты бір-бірімен иық тіресе жүретін бағыттар. Ішкі нарықта баға саясатына әсер ететін факторлар туралы мәліметтер ашық айтылуға тиіс. Осыған дейін баға саясатындағы импорттың үлесі дейтін болсақ, енді делдалдардың үлесі деген түсінік ашық айналымға енді. Бұл сөзді қорықпай айтатын болдық. Қысқасы, алпауыт компаниялар сервистік қызмет көрсететін шағын компанияларымен келісімшарт арқылы бағаны бақылауында ұстап келгендердің аттары аталып, түстері түстеле бастады.
Мысалы, жыл басында 120 теңгеге аспандап кеткен газ бағасы халықтың дүрлігуінен кейін 50 теңгеге түсті. Бұл ретте бір ғана газ бағасынан үлес алып отырған бірнеше компанияның болғаны енді айтылып жатыр. Энергетика министрі Болат Ақшолақов жыл басында журналистермен кездескен кезде сұйытылған газдың нарық тізбегі меншігінде не газ құю стансасы, не газ жинақтау стансасы жоқ ойыншылар бар екенін ашып айтты.
«Осындай ойыншыларды тізбектен алып тастайтын шығармыз. Яғни тек нақты газ өндірушілер, газ құю стансалары немесе үйлерге қажет газды жинақтайтын стансалары бар ойыншылар ғана нарықта қалады. Бұл бізге тіпті осы 50 теңгелік бағаның ішінде нарық тізбегіндегі қатысушылардың кірістілігін қайта реттеуге мүмкіндік береді», деді Б.Ақшолақов.
Содан кейінгі қаперге алатын екінші фактор – санда бар, сапасы жоқ бағдарламаларды скрингтен өткізіп, оңтайландыру, сыннан өткендеріне стратегиялық мазмұн беру қажеттілігі. Саясаттанушы Замир Қаражанов «Үкіметтің халық табысын арттырамыз деген ниетін құптаймын. Бірақ бағаға әсер ететін факторлардың себеп-салдарын зерттемесек, бөлінген қаржы жоқ болады. Халықтың табысы тек инфляция емес, делдалдардың және халықаралық жағдайдың қыспағында тұр. Бірінші кезекте нарықты қажетсіз компаниялардан, делдалдардан тазартайық. Бұл әлеуметтік шығындарға жұмсалатын шығындардың кемі 30 пайызға арзандауына мүмкіндік береді. Инвестициялық климатты сауықтырсақ, ШОБ-тың жағдайы жақсарады. Халықтың табысын көтеретін бағдарлама сол кезде ғана Ұлттық қордың үстеме қаржыландыруынсыз, нарық жолымен дамиды», дейді З.Қаражанов.
Түйін
Адамдар жоқшылықта өмір сүргісі келмейді, мемлекет халқының кедейленіп кетуіне жол бергісі келмейді. Әлемдік тәжірибеде жекелеген мемлекет басшыларының халқының 1 пайызының болса да кедейлік деңгейінде өмір сүріп жатқанын жариялы түрде мойындағысы келмейді. Сарапшылар халықтың жағдайына кері әсер ететін кез келген фактор ашық мойындалған кезде ғана экономикалық реформалар нәтижелі болатынын айтады. Бізде кедейлік, оның деңгейін тереңдетіп тұрған факторлар ресми түрде айтылды, мойындалды. Нақты шешімдер қабылданып жатыр. Ендігісі – алдағы күндер еншісінде.
АЛМАТЫ