• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Үкімет 04 Шілде, 2022

Қазақстан Ресеймен барлық бағыттар бойынша стратегиялық серіктестікті дамытуға ниетті – Әлихан Смайылов

164 рет
көрсетілді

Екатеринбург қаласында XII «ИННОПРОМ» Халықаралық өнеркәсіптік көрмесі аясында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов РФ Үкіметінің Төрағасы Михаил Мишустинмен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Кездесу барысында ҚР Премьер-Министрі биыл біздің ел – «ИННОПРОМ» көрмесінің серіктесі, осыған байланысты қазақстандық тараптан мемлекеттік сектор мен бизнес-қоғамдастық өкілдерінен құралған ресми делегация келіп отырғанын айтты.

«Біздің компаниялар өздерінің әзірлемелерін көрсету, тиімді және перспективалы іскерлік байланыстар орнату үшін берілген мүмкіндікті толық көлемде пайдаланады деп санаймын», деді Әлихан Смайылов.

Премьер-Министр Қазақстан мен Ресей арасындағы өзара мемлекетаралық байланыстар жоғары деңгейде екенін атап өтті. Екіжақты қарым-қатынастың ерекше сипаты мемлекеттер басшылары кездесулерінің жоғары қарқынымен де расталып отыр.

«Қазақстан Үкіметі экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған өзара іс-қимылдың барлық бағыттары бойынша белсенді диалогқа дайын», деп атап өтті Әлихан Смайылов.

Ресей – Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық серіктесі. 2021 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы үштен бірге өсіп, $24,2 млрд-қа жетті. Бұл – Қазақстан-Ресей саудасы үшін рекордтық көрсеткіш.

Осы жылы оң динамика сақталуда – қаңтар-мамыр айларында өзара сауда 5%-ға өсіп, $9,2 млрд-ты құрады.

«Елдеріміз арасындағы көпжоспарлы экономикалық байланыстарды дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Екіжақты өзара іс-қимылдың және сауда айналымын ұлғайтудың кең ауқымды мәселелерін шешуде Қазақстан-Ресей Үкіметаралық комиссиясы ерекше рөл атқарады. Бұл тұрғыда экономикалық ынтымақтастықтың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді бағдарламасын уақтылы іске асыру маңызды», деді ҚР Үкіметінің басшысы.

Әлихан Смайылов өнеркәсіптік кооперация Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының басым бағыттарының бірі екенін айтты.

Осылайша, өнеркәсіп саласындағы бірлескен күш-жігердің нәтижесінде $437,8 млн-ға 13 ірі кооперациялық жоба және $3 млрд-қа 9 жаңа жоба іске асырылды.

«Бұл жұмыстың тиімділігін төмендетпеу маңызды. Қазақстан үкіметі барлық бағыттар бойынша Қазақстан-Ресей стратегиялық әріптестігінің серпінді дамуын қамтамасыз ету үшін көп жоспарлы жұмысты жалғастыруға ниетті», деп түйіндеді ҚР Премьер-Министрі.

Өз сөзінде Михаил Мишустин Ресей Үкіметінің Қазақстанмен достық пен әріптестікті одан әрі нығайтуды сөзсіз басымдық ретінде қарастыратынын атап өтті.

«Біздің ынтымақтастық уақытпен тексерілген және сыртқы сынақтарға төзімділігін бірнеше рет дәлелдеген», деді М. Мишустин.

Кездесу барысында Үкімет басшылары кең ауқымды мәселелерді, оның ішінде сауда-экономикалық, көлік және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.