• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экология 04 Шілде, 2022

Алакөл ластанбасын десек...

2053 рет
көрсетілді

Алакөл – еліміздің інжу-маржаны. Көрер көзге көркем көкпеңбек көл беті көңілді қытықтап, айдыннан ескен ақ самал жан-дүниеңізге айрықша барақат сыйлайды, ақ жал толқынға жанай ұшқан ақ шағалалар сезімді қытықтайды, күн қыздырған құм­ның ыстығы сүйегіңізге дейін сіңіп бойды балқытады, жеңіл ғана тұзды су сансыраған сананы да, қалжы­раған тәнді де сергітеді. Аз күнде құр аттай қунақ қағып, күш-қуат жинап шыға келесіз. Бұл – Тарбағатай мен Барлық жоталарының, Тоқта тауының ортасындағы табиғаттың тамаша тартуы.

Алайда Жер-Ананың осы саф суынан айы­рылып қалуымыз оп-оңай. Әлбетте, ұшы-қиырсыз ұлан-байтақ көл суы бір мезетте буланып ұшып кетпейді, бірақ соңғы жылдары көл жағалауына келушілердің көптігінен рекреациялық аймақ қатты ластанып жатыр. Оған көлге барған кез келген туристің байыппен жан-жағына қарап-ақ көз жеткізуіне болады. Соңғы жылдары Алакөл жағалауы көп өзгерді. Сұраныстың өскендігі болар, әсіресе қонақүйлер көптеп салынды. Әлі де салынып жатыр. Рекреациялық аумақтың инфрақұрылымы біршама қалыптасып қалды. Қыдырыстайтын көшелер жөнделді. Бұрнағы жылдармен салыстырғанда біршама ілгерілеу бар. Десе де бұрынғыдай емес, көлге барушылардың демалып емес, ауырып қайтатынын жиі естиміз. Иә, көл суы минералды, тұзды, күн көзі де ыстық. Бірақ адамдардың суды көтере алмауының басқа себебі болуы әбден мүмкін...

Бірінші түйткіл, жағалауда орталықтан­дырылған кәріз жүйесінің жоқтығы болып отыр. 200-ден астам демалыс үйлерінің барлығы дерлік жуынды-шайынды лас суды шұңқырға жинайды. Ал жағалау аумағының жер қыртысы өте жұқа. Күрек бойы қазсаңыз жерасты суы шығып кетеді. Ал жүздеген тынығушы жатқан демалыс үйлерінің қолдан лекерлеп қазған шұңқырлары тез толып кетеді. Оны сорып алатын техникалар жеткіліксіз. Лас суды сорып алған күннің өзінде оған қызмет көрсетуші техникалардың қызметіне толық бақылау жоқ. Бұл дегеніміз әжетхана мен жуынды-шайынды сулардың көл суына қосыл­мауына ешкімнің кепілдік бермейтінін көрсе­теді. Тіпті аулақтау апарып төккеннің өзінде жаңбыр, еріген қар суымен де көлдің қа­зан­шұңқырына келіп құйылатыны анық. Ал жерастына сіңгені жерасты суы арқылы тағы да көлге келеді. Міне, бұл алдағы аз жылда Алакөл­дің айрықша минералды суына төніп тұр­ған апатты білдіреді. Осы ахуалдың алдын алу үшін де көл жағалауындағы демалыс үйле­рін түгел қамтитын орталықтандырылған кә­різ жүйесінің құрылысын жүргізу қажет.

Былтыр бұл жайтты еліміздің Экология ми­нистрлігінің басшылығына жеткізген едік. Алайда ведомство басшысы ауысып кет­кен соң сауалымыздың соңы сиыр­құйымшақтанып кілт үзілді. Кейін әлеу­меттік желіге жариялаған жазбамызға облыс әкім­дігі де үн қатпады. Әйтпесе, әлеумет­тік желі­­де қаузаған мәселеге табиғатқа жанашыр оқырмандарымыздың көпшілігі қолдау біл­дірген-ді.

«Кәріз жүйесі қолға алынбаған Алакөл аймағы апатты жағдайда екен. Жыл сайын миллиондаған адам Алакөлге демалуға барады. Осы уақытқа дейін кәріз жүйесі жоқ болса Алакөлде не қасиет қалды? Біз неге өзге жұрт сияқты бар дүниемізді ұқсата алмаймыз? Алакөл минералға өте бай, Қазақстанда мұндай көл жоқ! Алакөлдей аймаққа септиктің қауқары жете ме? Бұл дабыл қағуды талап ететін жағдай», деген пікір білдірген болатын Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы-драматург Роза Мұқанова.

Екінші түйткіл, жағалаудағы демалу, шомылу мәдениетінің өте төмендігінде. Ерте көктемде туристік маусымның қауіпсіздігі мақсатында көл табанын тазалаған сүңгуірлер су астынан қаптаған темір-терсек, босаған құмыралар мен шырматылған ауларды алып шықты. Ілкіде көл жағасында еңкіш тартқан бір кейуана әр демалушыға барып, бұл жердің Қабанбайдай батыр туған топырақ екенін, бабалардың қанмен қорғаған жерін ластамауға үндейтіні әлі көз алдымызда. Қазір көл жағалауын коммуналдық тазалық мекемесі ұдайы тазалап тұрады. Бірақ тынығушылардың түрлі заттары су астында қалатыны жасырын емес. Тіпті жазғы жеміс-жидек, қауын-қарбыздың қалдығын да жағалауда қалдырып кететін жауапсыз туристер баршылық. Бұл қалдықтарды толқын суы айдынға алып кетеді. Көл суы осылай да ластанады.

Алакөл – ең әуелі қорық, үш жыл бұрын мұнда Тарбағатай ұлттық табиғи паркі де құрылды. Сондықтан ең бастысы, қоршаған ортаның саф күйін сақтауға назар аудару керек. Жаңадан құрылған Абай облысы әкімдігінің алдымен атқарар жұмысы Алакөл­ден басталса, қанеки!..