• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
28 Сәуір, 2014

Астана ел бюджетінің донорлары қатарына кіреді

282 рет
көрсетілді

АСТАНА. 28 сәуір. Астана республика бюджетіне 2015 жылдан бастап 7,5 млрд. теңге қаржы аударады. Ал 2016 жылы бұл қаржының көлемі 17,3 млрд. теңгеге дейін ұлғаяды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен елорданы одан әрі дамыту мәселелеріне байланысты алқалы жиында Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов осылай деді. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Кеңесте Мемлекет басшысы алдымызда Астананы халықтың өмір сүруіне мейілінше қолайлы әрі тартымды қалалардың қатарына енгізу міндеті тұрғанын, сондай-ақ, өнеркәсіп өнімінің көлемі 7 пайызға, яғни, 260 миллиард теңгеге көбейгенін, экономика салсына 545 миллиард теңге инвестиция салынғанын айта келе: «Шағын және орта бизнес дамып келеді, оның үлесі өңірлік жалпы өнімнің 40 пайызына жетті. Өзінің бірегей нысандары арқасында қала ірі мәдени, спорттық, сауда және туристік орталыққа айналды. Мұнда келген туристердің саны алғаш рет 1 миллионнан асқаны осыған дәлел, олардың 100 мыңы шетелдік азаматтар», – деді. Сонымен қатар, Астанадан ел бюджетіне құйылатын қаржы көлемінің соңғы 5 жылда екі есе көбейіп, 60 миллиард теңгеден асқанын мәлімдеген Президент: «Өндірілген өнімдер көлемін, активтердің құнын ескере келгенде, Астана мемлекет тарапынан жұмсалған шығынды қазірдің өзінде ақтады. Біз Қазақстанның ұлттық байлығына дамуын жалғастырып жатқан тұтастай бір қаланы қостық», – деді. Мемлекет басшысы айтқандай, әлемде қалалар түрліше бағаланады: тұрмыс сапасы, өмір сүруге қажетті жағдай және бәсекеге қабілеттілік индексі секілді түрл индекстер бар. Біз сондай рейтингтік өлшемдерді жақсартуға ұмтылуға тиіспіз. Өз кезегінде Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов 2008 жылдан бері Мемлекет басшысы тарапынан берілген 323 хаттамалық тапсырманың 243-і орындалғанын, оның 80-і жүзеге асырылу үстінде екенін, 38-і Үкіметпен бірлесе іске асырылып жатқанын баяндады. Қала әкімінің сөзіне қарағанда, 2013 жылы жалпы, өңірлік өнімнің көлемі 2,7 триллион теңгеге жеткен. Ал өнеркәсіп өнімі 6,7 пайызға артып, 263,2 млн. теңгені құраған. Иманғали Тасмағамбетов Астанада шағын және орта бизнестің дамуы жақсы деңгейге көтерілгенін, бұл сала бойынша 1 триллион 200 мың теңгенің өнімі өндірілгенін өз сөзіне арқау ете отырып: «Келесі жылдан бастап елорда республикалық бюджетке 7,5 миллиард теңге, ал 2016 жылдан бастап 17,3 миллиард теңге қаржы аударатын болады. Яғни, Астана қаласы республикалық бюджеттің доноры болып саналатын алдыңғы қатарлы 4 өңірдің құрамына кіреді», – деді. Сондай-ақ, Астана қаласының әкімі кеңесте Индустриялық парктің қосып отырған үлесіне кеңінен тоқталды. Бұған қоса, ол азық-түлік, әлеуметтік нысандар, пайдаланылуға берілген тұрғын үйлер, қалаішілік жолаушылар тасымалы, жол жөндеу жұмыстары, демалыс орындары, жаңадан салынғалы отырған құрылыстар және елордаға инвестиция тарту мәселелеріне қатысты жағдаяттарды баяндады. Мемлекет басшысы жиын соңында: «Астана қаласының алдына аса жоғары міндет – 2050 жылы әлемдегі ең дамыған 10 қаланың құрамына кіру міндеті қойылып отыр», – деді. Жолдыбай Базар. Дереккөз: egemen.kz. Фото: Uvp.kz.