ШЫМКЕНТ. 28 сәуір. Шымкент қаласы Абай аудандық соты 2012 жылы 25 желтоқсанда «Ан-72» әскери ұшағының апатқа ұшырауына әуе диспетчері Қанат Ақылбековті айыпты деп тапты. Бұл туралы Today.kz хабарлады.
«Казаэронавигация» компаниясы Шымкент филиалының бұрынғы қызметкері Қ.Ақылбеков Қылмыстық кодекстің «Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне соқтырған әуе көлігі қозғалысы қауіпсіздігі ережелерін бұзу» бабы негізінде жауапкер деп ұйғарылған. Істі қараған судья Саидбаттал Тоқбергенов айыпталушыға жазасын 6 жыл қоныстандыру колониясында өтеуіне үкім шығарды. Сондай-ақ, судья оған 3 жыл әуе диспетчері жұмысын атқаруға тоқтам салды.
Естеріңізе сала кетейік, 2012 жылдың 25 желтоқсанында Шымкент қаласы маңында «Ан-72» ұшағы құлап, борттағы 27 адам түгел қаза тапқан. Марқұмдардың жетеуі экипаж мүшелері болса, жиырмасы әскери қызметкер еді.
Жолдыбай Базар.
Дереккөз: Today.kz.
Фото: Nur.kz.