• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Үкімет 05 Шілде, 2022

Мүгедектігі бар адамдар үшін қолайлы орта қалыптастыру керек – Смайылов

231 рет
көрсетілді

Мүгедектігі бар адамдардың тұрмыс сапасын жақсарту мәселесі мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының ұдайы бақылауында болуы керек. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Біздің міндетіміз – мүгедектігі бар адамдар үшін өмір сүруге қолайлы орта қалыптастыру. Ол үшін мемлекет тарапынан үнемі қолдау көрсетіліп келеді. Тиісті заңнамалық түзетулер қабылданып, мүгедектігі бар адамдар мен олардың отбасыларының табысын арттыру, өмір сапасын жақсарту бағытында ауқымды жұмыс атқарылды. Енді жеке кәсіпкерлік субъектілерін мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа алуы үшін ынталандырамыз», деді Ә. Смайылов Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Премьер-Министр Мемлекет басшысының мүгедектікті белгілеу рәсімін жеңілдетуді тапсырғанын еске салды.

«Жыл басынан бері мүгедектікті сырттай белгілеу пилоттық жобасы бүкіл республика бойынша кеңейтілді. Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы техникалық құралдар мен емдік-сауықтыру қызметтерін алу мерзімі 8 айдан 30 күнге дейін қысқарды. Биыл жыл соңына дейін 17 ерте оңалту-араласу орталығы ашылады. Олар жаңа туған нәрестелердегі патологияны дер кезінде анықтауға және емдеуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Өңірлерде мүгедектігі бар адамдарға арналған 12 сауықтыру орталығы салынуда. Бұл әлеуметтік қорғау жүйесінде қосымша 25 мың адамды емдік-сауықтыру шараларымен қамтуға мүмкіндік береді», деді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ, Үкімет басшысы мемлекеттік органдарға мүмкіндігі шектеулі адамдарды қолдаудың кешенді шараларын жалғастыруы қажеттігін айтты.

«Еңбек министрлігі Денсаулық сақтау және Цифрлық даму министрліктерімен бірге сырттай куәландыруды енгізу үшін ақпараттық жүйелерді интеграциялау мен әлеуметтік қызметтер порталын жетілдіру жұмыстарын жалғастырсын. Өңір әкімдіктері жыл соңына дейін мұқтаж адамдарды техникалық құралдармен және сауықтыру қызметтерімен қамту көрсеткішін 90%-ке және 2023 жылдың соңына қарай 100% жеткізсін. Мүгедектігі бар адамдарды күндіз қабылдайтын бөлімшелер желісін кеңейтіп, әлеуметтік қызмет көрсететін шағын үйлер құру қажет», деді ол.

Денсаулық сақтау министрлігі әкімдіктермен бірге науқастарды ертерек диагностикалауға және мүгедектіктің алдын алу үшін ерте оңалтуға ерекше назар аудауы керек.

«Жалпы Индустрия, Сауда, Денсаулық сақтау, Еңбек министрліктері әкімдіктермен бірлесіп, мүгедектігі бар адамдар үшін бейімдеу және қолжетімді орта қалыптастырудың ұлттық бірыңғай стандартын әзірлеуі керек деп санаймын. Мүгедектігі бар адамдардың тұрмыс сапасын жақсарту мәселелері орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының ұдайы бақылауында болуы тиіс», деді Әлихан Смайылов.