«Кирпич СК» зауыты – Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданындағы Подгорное селосына орналасқан тәулігіне 150 мың кірпіш шығаратын озық өндіріс. Мәжіліс депутаттары Ерлік Тайжанов пен Дмитрий Колода осы жылдың мамыр айында іске қосылған осы кәсіпорынның жұмысымен танысты.
Зауыт басшыларының айтуына қарағанда, бұл зауыт толық күшіне енгенде облыс қана емес, республиканың отандық кірпішке деген сұранысының 40-50 пайызын қамтамасыз ететін болады екен.
Мәжілісмендер сапарының мақсаты – сайлауалды бағдарламаларды орындау бойынша жол карталары шеңберінде іске асырылған нысандарға мониторинг жүргізу. Жаңа өндіріске «Солтүстік» ӘКК қолдау көрсетуде. «Кирпич СК» ЖШС директорының орынбасары Абель Бернецянның айтуынша, өндірістің екінші желісін салу есебінен мұнда тәулігіне 300 мыңға дейін кірпіш өндіру жоспарланып отыр. Ал ол жоғарыда айтқанымыздай, елдегі кірпіш мұқтаждығының 40-50 пайызын жаба алады. «Бір кірпіштің бағасы 115 теңгені құрайды, бұл сырттан әкелінген тауарға қарағанда 30 теңгеге арзан. Шикізат жергілікті, соның ішінде саз Қызылжар ауданындағы Подгорное ауылындағы карьерден алынады, көмір Бескөл ауылынан әкелінеді», дейді Абель Бернецян.
Қазір кәсіпорында екі ауысымда 100-ге жуық адам еңбек етеді, орташа жалақы 200-ден 250 мыңға дейін. Қазір зауыт тек жазғы маусымда ғана жұмыс істейді, бірақ жақын арада басшылық жыл бойы жұмыс режіміне көшуді жоспарлап отыр.
Кәсіпорыннан алған әсерімен бөліскен Дмитрий Колода: «Ең бастысы, мұнда жергілікті материалдар пайдаланылады, алыстан ешнәрсе тасудың қажеті жоқ. Ол өзіндік құнды тұрақты ұстауға мүмкіндік береді. Тағы бір плюсі – екінші материалды пайдалану. Бескөл ауылының орталық қазандығынан жанып жатқан көмір кірпіш өндіру үшін осында әкелінеді. Проблемалық сұрақтар түскен жоқ, біз кейбір туындаған мәселелерге қатысты арнайы сауалдар жасайтын боламыз», деді.
Жалпы депутаттардың көшпелі іс-шаралары 10 күн бойы жалғасады. Осы уақыт ішінде мәжілісмендер азаматтарды қабылдап, су, жолдар, қоныс аударушыларға арналған үйлер салуға байланысты және басқа өзекті мәселелерді қарайды.
Солтүстік Қазақстан облысы