• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 07 Шілде, 2022

Астана күніне арналды

149 рет
көрсетілді

Петропавл қаласындағы Сәбит Мұқанов атындағы облыстық әмбебап кітапханада Астана күні мерекесі өз ерекшелігімен аталып өтті. «Бейбітшілік пен үміт қаласы» атты қазақ-орыс тілдерінде жүргізілген бұл іс-шараға осы ұжымдағы әдеби үйірмеге қатысатын ата-әжелерден бастап жас ұрпақтарға дейін қатысып, өздерінің астанаға арнаған өлеңдері мен тілектерін оқыды.

Астана ұлы экономикалық дағ­да­рыс жылдарында еліміздің шаруа­шылығының жандануына ұйытқы болған локомотив болғанынан бастап, рухани, мәдени, ұлттық жаңғырудың туына айналған ақжолтай қала болған­ы туралы әңгімелер де көп айтылды. Тіпті 1994 жылдың 6 шілдесіндегі Жоғарғы Кеңестің (Парламенттің) отырысына сол кездегі Президент Н.Назарбаев астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы ұсыныспен келгенде оған қарсы болғандар көп болып, ұсыныс өтпей қала ма деген күдік туғанда спикер Әбіш Кекілбаев: «Бүгін Президенттің туған күні екен, оған жасаған сыйымыз болсын, ұсыны­сын мақұлдайық», деген ұтымды ой тас­тап, Мемлекет басшысының сөзін сол кездегі асау депутаттардың мақұлдауына көндіргені сияқты қызық­ты оқиғалар да еске алынды. Ас­танамыздың әр жылдардағы жетіс­тіктері, әлемдік қала ретінде танылған табыстары да аталып өтті. 70-тен астам елдің өкілдері қатысқан ЕҚЫҰ-ның 2011 жылғы астанадағы саммитті, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін, «Тур де Франстың» жүлдесін талай рет жеңіп алған «Астана» велокомандасының жеңістерін және т.б. мінберге шыққандар кезекпен еске алып, өздерінің астанамен мақтанатынын жарыса айтып жатты. Жергілікті ақындар Марал Иманбаева, Самрат Құскенов, Костя Крафт және басқалар өздерінің астанаға арна­ған өлеңдерін оқыды. «Нет в мире такой земли, Чем наш прекрасный Казахстан» деген жолдары бар Кос­тяның өлеңіне көрермендер ұзақ қол соқты. Әнші Абылайхан Ақмағанбет Сәкеннің «Көкшетау», Үкілі Ыбырайдың «Гәкку» әндерін тамылжыта орындады. Қарттар арасынан осы кітапханадағы әдебиет үйірмесінің мүшелері Надежда Коновалова, Любовь Сидорова деген әжейлер де өлеңдерін оқыды. Олардың өлеңдеріндегі «Всегда-всегда, Ты мне нужна, моя астана» немесе «Мы чудо столицей своей Гордимся на век» деген сияқты жол­дар да патриоттық сезімдерді асқақ­татып тұрды.

 

ПЕТРОПАВЛ