• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 08 Шілде, 2022

Қазақстан Болон процесінің тең төрағасы болып сайланды

581 рет
көрсетілді

Болон процесі бақылау тобының отырысында тең төрағалықты жылдың соңына дейін Қазақстан мен Чехияға өткізу талқыланды. Тең төрағалар 2-3 жылда бір рет өткізілетін еуропалық жоғары білім кеңістігі министрлерінің конференциялары арасындағы кезеңде Болон процесін басқарудың атқарушы органы саналатын BFUG басқарушы кеңесінің құрамына кіреді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Онлайн-отырысқа Франция және Әзербайжан білім министрліктерінің, Чехия мен Қазақстанның, сондай-ақ Албанияның өкілдері қатысты.

Шығушы тең төрағалар өткен жартыжылдықта атқарылған жұмыс туралы есеп беріп, Болон процесіндегі тәжірибесімен бөлісті.

Жиын барысында қатысушылар 2022 жылдың екінші жартыжылдығына арналған BFUG 2021-2024 жұмыс жоспарының іс-шараларымен танысты. Қазақстан Орталық Азия елдері арасында Болон процесі қағидаттарын ілгерілетуге бағытталған іс-шаралар жоспарын ұсынды. Жоспар жаңа сын-қатерлер жағдайында жоғары білім беруді дамытудың жаңа үрдістерін енгізуді, жоғары оқу орындарының автономиясын кеңейтуді, инновациялық және цифрлық экожүйені қалыптастыруды, сондай-ақ Орталық Азия білім хабын қалыптастыруды көздейді.

«Қазақстан өңірдегі жоғары оқу орындарының ғылыми, зияткерлік және шығармашылық әлеуетін біріктіру үшін жоғары білімнің бірыңғай Орталық Азия кеңістігін құруға күш-жігерін жұмылдырады. Бұл жоғары оқу орындарының студенттері мен профессорлық-оқытушылық құрамына білім, тәжірибе алмасуға және бірлескен зерттеулерге қатысуға мүмкіндік береді», деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Айта кетсек, 5 қазанда елордада BFUG кеңесінің отырысы өтеді. Аталған шарада Болон процесін дамытудың ағымдағы мәселелері талқыланып, қол жеткізілген прогресс бағаланады.