• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Елорда 10 Шілде, 2022

Елордада Құрбан айттың құрметіне спорттың бірнеше түрінен жарыс өтті

237 рет
көрсетілді

Бүгін әлемнің ең көрікті 10 мешітінің қатарына кіретін елордадағы «Әзірет Сұлтан» мешітінің аумағында қалалық спорт басқармасы, Құрбан айт мерекесіне орай жамағат арасында ұлттық ойын түрлерінен спорттық сайыс ұйымдастырды, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

«Қасиетті Құрбан айт – мұсылман жұртшылығының ұлық мерекесі. Айт сөзі «әл-ғиду» сөзiнен шығып, мереке, мейрам, қуаныш деген мағыналарды білдіреді. Қасиетті «Құрбан айт» күні мұсылман адам айт намазын оқып, құрбан шалып, айт мерекесімен өзгелерді құттықтап, қайырымды істер атқаруға тырысады. Бұл күндерді ұлықтап, адамдарға қуанышты көңіл-күй сыйлау – ізгілік белгілерінен», деп Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ұлық мейрамның әдептеріне жеке-жеке тоқталды.

Бұдан кейін ҚМДБ Төрағасы мешіт ауласында өткізіліп жатқан асық ату, арқан тартыс, қол күрес және гір тасын көтеру сынды спорт түрлерінің куәсі болды.

Сондай-ақ киіз үйде арнайы жайылған дастарқаннан дәм татып, келген қонақтарға батасын берді.

«Құрбан айт мерекесіне арнайы ұйымдастырылатын спорттық іс-шараның негізгі мақсаты – мешіт жамағаты арасында дене шынықтыру мен спортты, салауатты өмір салтын насихаттау. Сонымен қатар Исламның дәстүрлі емес ағымының жетегінде жүрген жандарға асыл діннің оң жолын көрсету арқылы оларды бауырға тарту», деп атап өтті ұйымдастырушылар.

«Құрбан Айт» – мұсылмандардың ең маңызды мерекелерінің бірі, ол Ораза аяқталғаннан кейін 70-күні тойланады. Биыл Құрбан айт шілденің 9-ы күні басталып, үш күнге жалғасады.

Іс-шара соңында ұлық мерекенің жеңімпаздарына алғыс хат пен естелік сыйлықтар табысталды.