Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев «2022-2024 жылдары Қарақалпақстан Республикасында халық денсаулығын қорғауды одан әрі күшейту туралы» қаулыға қол қойды.
Шавкат Мирзиёев аймақта созылмалы аурулары және мүгедектігі бар 120 балаға арналған балалар медициналық оңалту орталығын, 80 орындық балалар фтизиатриялық санаторий, Нөкіс қаласы медицина бірлестігі құрамындағы 20 орындық хирургиялық бөлімшесін, 20 орындық ауыр науқастарға паллиативтік көмек көрсету бөлімін (хоспис), шалғайдағы ауылдарда 34 қосымша медициналық пункттер құруды тапсырды.
Сонымен қатар 2022 жылдың соңына дейін жергілікті жедел жәрдем қызметін 63 арнайы көлікпен қамтамасыз етілуі керек. 1 қыркүйектен бастап орталық көпсалалы және отбасылық емханалардың филиалдары негізінде 16 отбасылық дәрігерлік пункт жұмыс істей бастайды. Қарақалпақстанда балалар арасында кең тараған ауруларды ерте анықтау мақсатында 2-10 жас аралығындағы балалар арасында гельминтоз, 12-15 жас аралығындағы қыздар арасында анемия бойынша скринингтік бағдарлама жүзеге асырылады.
Биылғы 1 шілдеден бастап лепрозорияларда жұмыс істейтін барлық қызметкер лауазымдық жалақысына 50 пайыз үстемеақы алады. Аталған қаулыда кадрларды даярлау шаралары да нақтыланған. Оған сәйкес кемінде 3 жыл жұмыс өтілі бар отбасылық дәрігерлер жергілікті бюджет қаражаты есебінен қайта даярлау курстарынан өтеді. Медициналық жоғары оқу орындарының түлектері және медициналық мекемелердің мамандары Жедел медициналық көмекті дамыту қоры есебінен жедел жәрдем және жедел медициналық қызметте жұмыс істеу үшін қайта даярлау курстарында оқытылады. 2022-2024 жылдары кемінде 75 медицина қызметкері біліктілігін арттыру және тағылымдамадан өту үшін беделді шетелдік медициналық мекемелер мен орталықтарға жіберіледі.