Ауғанстан астанасы әуежайында қазақстандықтарды екі қолын алға созып, емен-жарқын күліп тұрған Президент Х.Карзайдың суреті қарсы алды. Оның фотобейнесі ғимараттың бір шетіне, көз көрер жерге ілініпті. Ал өткізу бекетінде мұқият тексеруден өткізілдік. Мұнда осылай тексермесе болмайды. Бұл аталған елдегі өмірдің шыңдығы, ауған тағдырының ауырлығы.
Кабул бізге тұнжыр қабақ танытты. Дымқыл ауа жаңбыр жауатынынан хабар бергендей. Артынша солай болды да. Бұл жазғы аптап алдындағы жауын көрінеді. Жаз келісімен мұнда күн айтарлықтай ыстық болады. Жол бойындағы биіктеу төбелердің үстіне салынған жапа тамдарды көріп, суды тау басына қалай шығарады екен деген таңданысымызды жасыра алмадық. Жолдың шетінен салынған екі қабатты тоқал тамдар, жұпыны ұлттық киім киген ауғандықтар біздерге қарап қалыпты. Тар жолмен келе жатқан көлік тізбегінің алды-артын қарулы жасақтар мінген екі джип қорғап келеді. Көше бойының екі жағында қолдарына қару ұстаған сақшылар да алды-арттарына жіті қарап қояды.
Жол бойында Ахмад Шах Масудтың ескерткішін көзіміз шалды. 2008 жылдың 30 қазанында АИР президентінің бірінші орынбасары А.Масуд бастаған ауғандық делегация Астанада өткен ШЫҰ-ға мүше елдер үкімет басшыларының жетінші кеңесіне қатысқан-ды. Айтпақшы, оның суреті біз, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мінген автобус маңдайшасына да ілінген. Бұл ауғандықтардың оны қадір тұтатынынан хабар береді.
Алдымен автотізбек осы елдің сыртқы саясат ведомствосының алдына келіп тоқтады. Кіреберіс жолдың ортасына бетон қойылып, жан-жағы бекітілген. Мұндай бетон шарбақтар кейбір ғимараттарды қоршау үшін де қолданылыпты. Тіпті базарға кіреберіс жолға да осындай тосқауыл қойылып, бетон шарбақпен қоршалған. Әрбір маңызды нысанның кіреберісіне темір құрсаулы екі қабатты ауыр шлагбаум орнатылған. Соған қарап, барлық қауіпсіздік шараларының жасалғандығына көз жеткізесің.
Ауғанстан Ислам Республикасының аумағы 625900 шаршы шақырымды алып жатыр. Мұнда пуштун және дари (парсы) тілдері ресми саналады. Халқының 74 пайызын сүнниттер құраса, 25 пайызы шииттерден тұрады. Экономикасына келсек, елдің жылдық ішкі жалпы өнімі жан басына шаққанда 800 АҚШ долларына пара-пар. Осылайша ауғандықтар әлемдегі ең кедей елдердің қатарына жатады. Мұнда жұмыс күшінің дені, яғни 60 пайызы ауыл шаруашылығында шоғырланған. Таулы жерлерде көптеген отбасы жартылай көшпелі мал шаруашылығымен шұғылданады. Ал жазық жерлер бидай егуге қолайлы саналады. Минералдық шикізаттар бар, бірақ тұрақтылықтың болмауынан оны игеруге ешқандай мүмкіндік жоқ.
Егер тарихқа көз жүгіртсек, 1893 жылы ауған әмірі мен британиялық Үндістанның колониялық сыртқы істер хатшысы лорд Дюран келісімге қол қойған-ды. Соған сәйкес, 1947 жылы колония діни-қауымдастық негізде бөлінген кезде мұсылмандары көп аумақ Пәкстан жағына бекітіп берілді. Қысқасы, аумағы 150 мың шаршы шақырымды құрайтын, тұрғылықты халқының саны 6 миллионға жететін (1947 жылғы есеп бойынша) Пуштунистан (Пуштундар елі) екіге жарылды. Бұл өз кезегінде Пәкстан мен Ауғанстан арасындағы қарым-қатынастарға қағылған сына тәрізді болды. Бірақ бүгінде ауған еліне көршілерімен тату қарым-қатынас орнату ауадай қажет. Ал әзірге “Талибан” қозғалысы ауық-ауық соғыс ашып, қала тұрғындары мен НАТО-ның коалициялық күштерін әбігерге салып келеді.
Біз Ауғанстаннан кеткен күннің ертесіне осында ірі шабуыл жасалып, көптеген тұрғындар мен әскерилердің өмірлері қиылды. Өліспей беріспейтін талибан жасақтары қатты қарсылық көрсетіп, тіпті өздерін жарып та жіберген. Кабулға келетін күннің таңертеңгісін Құндыз бен Кабулға қатынайтын Pamіr Aіrways әуе компаниясының ұшағы апатқа ұшырады. Оның бортында 38 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Міне, бірер күннің басты оқиғалары осындай.
Кабулдың тар көшесімен келе жатқан көлігіміздің терезесін ашып, фотоға түсіріп жатқанымызды көріп, америкалық журналистер байбалам салды. Сөйтсек, олар автобустың ішіне жергілікті тұрғындардың біреуі граната тастап жібереді деп шошынған екен. Одан қалса, сырттағы ауғандық әскерилер суретке түсірмеңдер деп дүрсе қоя берді. Бұлардың барлығы ауғандық өмірдің қаншалықты шиеленісті екендігін, сондықтан да тұрақтылыққа еш негіз қаланып отырмағандығын көрсетеді. Соңғы айларда ел басшысының атына өткір сындар айтылып, Х.Карзай елдегі жағдайды тұрақтандыра алмады деген пікірлер қалыптасқан. Тіпті “Карзай Кабулдың губернаторы” деген лақап ат та сырттай пішіліп қойылған. Қалай болғанда да ауғандық өкімет шетелдік әскерилердің қолдауына сүйенуге мәжбүр. АҚШ президенті Барак Обама өткен жылы Ауғанстанға қосымша 30 мың әскери аттандыру туралы мәлім еткені белгілі.
ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, еліміздің Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев халықаралық коалициялық күштердің “Талибан” қозғалысына қарсы операциясы Орталық Азия елдері үшін тікелей террористік қауіпті төмендеткенімен, ауғандық мәселені әскери жолмен шешу тығырыққа тірелгендігін ашық айтты. Сондықтан елді қарулы қақтығыстан алып шығып, бірлікке бастайтын тетіктерді қарастыру – уақыт талабы.
Қазақстан өз кезегінде қиындық кешіп отырған Қырғызстан мен Ауғанстанға қолұшын беріп келеді. Бір кездері Тәжікстанға көрсетілген көмек осы елдегі жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік туғызғаны белгілі. Қазақ сарбаздарының шекара күзетінде құрбан болғандығы мұнда әлі ұмытыла қоймаған. Қазір Тәжікстанның Ислам Конференциясы Ұйымына мүше елдер Сыртқы істер министрлерінің 37-ші кеңесін өткізуі айтарлықтай жетістік. Биыл төрағалық тәжіктердің қолына көшсе, келесі жылдың ортасына таман бұл міндет бізге жүктелгелі отыр. Еліміз осы ұйым аясында да Ауғанстанға көптеген қолдаулар көрсетіп келді және оны жалғастыруға дайын екендігін білдірді. Мәселен, Қазақстан соңғы екі жылда 10 мың тонна гуманитарлық көмек ретінде азық-түлік жеткізіп, 2,4 миллион долларға аурухана, мектеп салып, жолдарды жөндегені мәлім. Өткен жылы еліміз ИКҰ-ның Ислам ынтымақтастығы арнайы қорына 1 миллион доллар аударып, ол қаржының бір бөлігі Ауғанстанды қалпына келтіру үшін жұмсалған. Арнайы келісім бойынша 2010-2020 жылдары қазақстандық оқу орындарында ауғандық студенттерді оқыту туралы шешім қабылданып, оған 50 миллион доллар бөлу көзделіп отыр. Осылайша, 1 мыңдай ауғандықтың білім алуына жағдай туғызылады деп күтілуде.
Өркениет көшіне ілесуге талпынған Ауғанстан, сонымен қатар, есірткі саудасын қыздырып отырған ел екені де баршаға аян. Кейбір дерек көздері ауғандық есірткінің саудасы жылына 20 миллиард АҚШ долларына жететіндігін айтады. Бірақ одан ауғандық шаруалардың шекесі шылқып отырмағаны белгілі. Талибан содырлары шаруаларға есірткі өндіргені үшін оның тек 10 пайыз үлесін ғана береді екен. Әсіресе, есірткіні өндіру шетелдік әскерилер бақылап отырған аумақта көлемді жүргізілуін немен түсіндіруге болады?
Осы ретте Қазақстан Республикасы мен Ауғанстан Ислам Республикасы үкіметтері арасында есірткі заттарының, прекурсорлардың, психотроптық және оған теңестірілген заттардың заңсыз айналымына және оларды тұтынуға қарсы күрес туралы келісімге қол қойылды. Осының өзі еліміздің аймақтағы жағдайды тұрақтандыруға деген игі мақсатын айшықтап берді. 2008 жылдың 12 маусымында Ауғанстанды қолдау жөніндегі Париж халықаралық конференциясында еліміз Ауғанстан Президенті Х.Карзайдың 2013 жылға дейінгі ұлттық дамудың стратегиясын қолдаған еді. Ауғанстан Ислам Республикасы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының азиялық әріптесі болып табылады және де Ұйымның жанындағы бақылаушы мәртебесіне ие. Сондықтан да еліміз ЕҚЫҰ төрағасы ретінде Ауғанстан мәселесіне ерекше ден қоятыны түсінікті.
Қорыта келгенде, “терроризм ошағына” айналған елді өркениеттер өрісіне шығару үшін алдымен халықтың санасын көтеру қажеттігін уақыттың өзі көрсетіп отыр. НАТО коалициялық күштерінің іс-әрекеттері әзірге ешқандай нәтиже берер емес. Сондықтан ауған проблемасын жүйелі түрде қарастырып, оны шешу тетіктерін экономикалық негіздерден іздеу керек сияқты.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.