• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 11 Шілде, 2022

Ақ Жайықтан – Алатооға

258 рет
көрсетілді

Жақында Орал қаласындағы Қадыр Мырза Әли атын­дағы мәдениет және өнер орталығы 23 адам­дық ұжымымен 11 күн жол жүріп, Қырғызстан Республика­сына барып қайтты. Бір ғажабы – осынау екі аптаға жуық созылған ұлы сапарға бюджеттен бір тиын да қаржы шықпапты.

Қадырсарайдың басшысы, белгілі ақын Бауыржан Халиолламен әңгімелесіп отырмын. Ұжымын автобусқа салып алып Алатау асып кеткен тәуекеліне таңмын. Жол соққан шаршауы бар, оның үстіне қанша адамның, үлкен өнер ұжымының жауапкершілігі де оңай емес, Баукең қадімгідей қалжырап қалыпты. Дегенмен ойға алған істі орындап, иығынан үлкен жүк түскендей тоқмейіл шаршау.

Жалпы, бұл ұжым «Қадыр жолымен» жобасы аясында осыдан бес жылдай бұрын «Дала дидары» атты көшпелі өнер ұжымын құрып, Батыс Қазақстан об­лысының аудандарын, көршілес өңірлерді бұрын да аралап жүрген еді. Бірақ бұл жолғы алыс та күрделі сапардың жөні бөлек болды. Бауыржан Ергенұлының айтуынша, бұл сапарға ерекше дайындықпен келген.

– Мен ылғи бір қарама-қайшылықтан немесе елеусіз ерегестен өзіме шаруа тілеп алып жүрем ғой. Былтыр Қырғыз елінде Қазақстанның мәдени күндері өткенде «Осындай сапарға біз сияқты шеткері жатқан облыстан көбірек адам қосқан жөн еді ғой. Тым құрыса жергілікті қаламгерлерді, айтыскерлер мен жазба ақындарды апарса, шіркін!» деген ойымды мәдениет вице-министріне білдірген едім. Нұрғиса Дәуешев «Бәуке, мен ол жақтағы әріптесіме айтайын, Қадыр орта­лығымен өзің барып қайтсаңшы» деді. Сол әңгіме санамда сіресіп тұрды да қойды, – дейді Бауыржан Халиолла.

Ой жеткенге қол жеткізу – Баукеңнің бағзы әдеті. Ақ Жайықтан Алатаудың арғы бетіндегі айырқалпақты ағайынға баратын сапардың бүге-шігесіне дейін жоспарлап, қағазға түсіреді. Алдымен қырғыз жеріне өзі тартады. Керекті адамдармен жолығып, қош алатын уәдесін алады. Одан елге келіп, демеуші іздейді. Ұзын жолға ұлы батаны алдымен БҚО әкімінің бірінші орынбасары Арман Өте­ғұлов беріпті. «Осыншама адаммен әркімге жалынып, таксиден таксиге, по­йыздан пойызға секіріп жүресің бе? Бір аймақ емес, тұтас елдің атынан барасың. Елміз ғой, қолдайтын азаматтар табылар» деген. Шынында да «Юнисерв» компаниясының басшысы Нұрғазы Сәтбаев салқындатқышы бар, алыс жол­ға таптырмайтын автобустың «майын беріп», қос жүргізушіні қоса ұсыныпты. Күні-түні жүре бер!

«Күндік жолға шықса, көлік іздемеген, айлық жолға шықса, азық іздемеген» қа­зақылық ХХІ ғасырда да қалмаған екен. Қа­дырдың қазынасын, қара өлеңнің қам­басын қырғыз ағайындарға ақтармақ бол­ған ақжолтай топтың алдынан жайыл­ған дас­тарқан, ашылған құшақ күтіпті де тұ­рыпты. Маусымның 21-і күні түн­гі сал­қынмен «Алла!» деп аттанған топ Жым­питы жерінде – Қадырдың атаме­кенінде ат шалдырып, ақ бата алып, ары асқан. Сөй­тіп, түсте – Қазалы, кеште Қы­зыл­ордаға жеткен «Дала дидары» көш­пелі өнер ұжымы Нартай Бекежанов атындағы музы­калық академиялық драма театрында қы­зылордалық көрерменнің алдында ал­ғашқы әдеби-сазды кешін өткізіп жіберді.

«Үлкен сапарымыздағы алғашқы кон­цертімізді Сыр елінен бастауымыз тегін емес. «Сыр – Алаштың анасы» дейді қа­­зақ. Ендеше, Түркістан, Шымкент өңірлері мен Қырғыз еліне Сыр-Анамыздың ақ батасы, алғысымен аттанғалы тұрмыз…» деді қызылордалықтардың қонақжай, мәрт мінезіне риза болған Бауыржан.

Шыны керек, қазақы қонақжайлық, жайылған құшақ болмаса, бұл сапардың өз деңгейінде өтуі де қиын еді. Баукең Шідерті өзенінің жағасына, табиғат аясына қой сойып, қазан көтеріп аттандырған Сырым ауданы әкімінің орынбасары Асыланбек Сарқұловқа, сырнайлатып-кернейлетіп қарсы алған Қазалы жұртына, Қызылордаға кіре берісте жора-жолдасымен күтіп тұрған Мұхтар Ниязовқа және барша ел ағаларына, Түркістан облысында облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ә.Қойлыбаевқа, танымал қо­ғам қайраткері Б.Тәжібаев пен облыстық телеарнаның басшысы Ж.Ағыбаев секілді азаматтарға мың сан алғыс айтып отыр. Қырғызстаннан қайтар жолда да шекара түбінен күтіп алған шымкенттік әріптестердің алқасы, қала әкімінің бірін­ші орынбасары Шыңғыс Мұқанның қол­дауы сезіліп-ақ тұрған.

Құрметке бөленген бес күн

– Өз елімізде кез келген нәрсеге таң қалуды қойдық қой. Ал қырғыз ағайын­дар барғаннан кеткенше әр нәрсемен таң қалдырды. Айырқалпақты ағайындардан үлгі алатын тұсымыз көп екен, – дейді Бауыржан Халиолла. Бұл – тек Баукеңнің емес, осы сапарға қатысқан әр өнерпаздың шынайы сезімі.

«Дала дидары» көшпелі өнер ұжымы Қырғызстанның ең басты мерекелерінің бірі – ұлы Манасты ұлықтауға арналған халықаралық фестивальдің үстінен түскен екен. Әлемге Шыңғыстай алып тұлғаны берген Шекер ауылынан басталған сапар көрші елдегі талай тектіні тудырған Та­лас облысында, ел астанасы Бішкекте, ыс­тық суымен, мөлдір көлімен танымал Ыстықөлде – Қарақол облысында жал­ғас­қан. Күткен елдің ыстық ықыласын көріп, қазақтар да барын салыпты. Қазақ өнерін, Қадыр қазынасын аямай шашу еткен.

«Қонақ аз отырып, көп сынайды». Бауыр­жан Халиолла осы сапарында қыр­ғыз ағайынның бойындағы ұлтшылдық, елге деген патриоттық сезім, ұлыларды ұлықтау іс-шараларына ерекше риза болыпты. Алыстан ат терлетіп келген қазақ бауырларын құшақ жая қарсы алған қыр­ғыздар меймандарға мейірім көрсетіп қана қоймай, өз кереметтерін де танытып қалуға тырысқан. Аспанмен таласқан ­таулар, тас жарып аққан бұлақтар, мөл­дір сулар мен жайқалған нулар, әйгілі Суса­мыр жайлауы, батыр Манас пен жазушы Шыңғыс Айтматов мұражайы, Ұлт тағ­дыры үшін шейіт болған құрбандарға арнал­ған «Ата бейіт» қорымы, жер астынан атқылаған ыстық бұлақ, айнадай жар­қы­раған Ыстықкөл, көл жағалай көз жауын алған «Рух орда»... Айтып тауысу мүмкін емес!

«Осы сапарда манасшы Азиз бауы­рым­ның қос қанатындай Темірлан мен Эль­мирбек, «бір туған бауырларым кел­ді» деп арқа-жарқа боп қонақасын берген әйгілі Азамат пен Аалы ақын доста­рым, Ыстықкөлге барып қайтқанша қа­уіп­­сіздігімізді қамтамасыз етіп МАИ қыз­­­мет­керлерін алды-артымызға салып алып жүруге ықпал еткен, сол жақ­та­ғы мәдени іс-шараны жоғары деңгейде ұйым­­дастырған Есенбек туысымыздың құр­метін енді қалай қайтарам деп мойныма қарыз қылып қайттым», дейді Баукең.

«Дала дидары» көшпелі өнер ұжымы қырғыз жерінде бірнеше концерт берге­німен қоймай, мемлекеттік ұлттық арна төрінен тікелей эфирге шығып, бүкіл Қыр­ғызстан Республикасына қазақ өнерінен шашу шашыпты.

– Алақандай аз халықтың Алатаудай намысына, ақиқат жолында ән сағатта атқа қонатын жігерлі рухына қайран қалдық. Олар бізді, біз оларды қимай-қимай қош­тас­тық. Бауырлас қырғыз елінде өткен бес күніміз уақыт жағынан өте қысқа, таңға­жайып кереметі жағынан ғасырға татитын күндер болды, – дейді Бауыржан.

Бұл сапар «Дала дидары» көшпелі өнер ұжымының әр мүшесіне де ерекше әсер еткенін айтқан едік. Топ құрамында болған белгілі ақын Талғат Мықи Қырғызстан­ның 7 облысының игі жақсылары бас қосқан «Құтты елдің ұраны – Манас» ат­ты еларалық форум-фестивалін еске алды. Әсіресе бауырлас екі халықтың ор­тақ қуанышын қырғыздар жақсы біледі екен. Қырғыз Республикасы Ұлттық телерадиокорпорациясы басшысы Қайрат Иманалиевтің «Манас жырын қағазға түсірген Шоқан Уәлихановқа, ғылыми тұрғыда зерттеген Әлкей Марғұланға, эпостық болмысын Мәскеудің төрінде қорғап берген Мұхтар Әуезовке қырғыз халқы қашанда қарыздар» деген сөздері әр қазақтың құлағына жылы тиеді.

Қазақстандық өнер ұжымын Қыр­ғыз Республикасы Жоғарғы Кенешінің депутаты, «Иман нұры» фракциясының жетекшісі Нұржігіт Қадырбеков қабыл­даған. Өзі әрі ақын, әрі жазушы, әдеби алты кітаптың авторы қазақ-қырғыз әде­би-мәдени қатынастарының одан әрі терең­дей түсуіне шынымен мүдделі екен.

«Шекспир, Байрон, Толстой, т.б. әлем­нің жазушыларын білеміз. Ал қырғыз­дың Әуезовті білгеніндей, қазақтың Айт­матовты білгеніндей екі елдің ақын-жазу­шыларын да білуіміз керек. Осы мақсатта келіп, Қадыр ақынның шығармашылығын насихаттағандарыңыз өте құптарлық іс. Бауырлас халық арасында осындай үрдіс жалғасын таба берсін», дейді депутат.

* * *

Көшпелі өнер ұжымы өз атауын «Дала дидары» деп қойғаны тегін емес. Қадыр ақынның бір жинағы дәл осылай ата­латын. Тұтасымен Қадыр ақынның сөзіне жазылған әндер шырқалып, әзіл-қал­жыңдары айтылатын, афоризмге айнал­ған ойлары мен өлеңдері оқылатын сах­налық бағдарлама көрерменді бей-жай қал­дырмайды. Орталық туралы дайындалған бей­нефильмнің де мазмұны байсалды. Тағы бір ерекшелігі – концерттегі шығар­маның барлығы тек табиғи дауыста орындалады. Бауыржан Халиолла осы сапарда Қадырсарай ұжымын қолдаған танымал өнер шеберлері Жаңылсын Хасановаға, Қайрат Кәкімовке, Дастан Есентеміровке, Ернар Өмірәліге алғыс айтады. Сондай-ақ сапардың өн бойында үлкен ұжымды қарсы алып, жағдайын жасаған Ө.Шөкеев, Н.Нәлібаев Ш.Мұқан сынды өнер жанашырларына, аймақ басшыларына да ризашылық білдіреді.

Әрине, өнер адамы үшін мұндай алыс сапардың пайдасы көп. Ұжым ел кө­реді, жер көреді, тәжірибе алмасады. Ұл­тымыздың өнері өзге жұртта наси­хат­талады. Мемлекеттік деңгейде атқа­ры­латын үлкен шаруаны қолға алып, шама-шарқынша атқарып шыққан Қадыр­са­рай ұжымы мыңдаған шақырым жолды дөңгелек үстінде өткеріп, туған елге жетіп, демін алуда. Келесі іс-шараға дейін...

 

Батыс Қазақстан облысы