Жақында Орал қаласындағы Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығы 23 адамдық ұжымымен 11 күн жол жүріп, Қырғызстан Республикасына барып қайтты. Бір ғажабы – осынау екі аптаға жуық созылған ұлы сапарға бюджеттен бір тиын да қаржы шықпапты.
Қадырсарайдың басшысы, белгілі ақын Бауыржан Халиолламен әңгімелесіп отырмын. Ұжымын автобусқа салып алып Алатау асып кеткен тәуекеліне таңмын. Жол соққан шаршауы бар, оның үстіне қанша адамның, үлкен өнер ұжымының жауапкершілігі де оңай емес, Баукең қадімгідей қалжырап қалыпты. Дегенмен ойға алған істі орындап, иығынан үлкен жүк түскендей тоқмейіл шаршау.
Жалпы, бұл ұжым «Қадыр жолымен» жобасы аясында осыдан бес жылдай бұрын «Дала дидары» атты көшпелі өнер ұжымын құрып, Батыс Қазақстан облысының аудандарын, көршілес өңірлерді бұрын да аралап жүрген еді. Бірақ бұл жолғы алыс та күрделі сапардың жөні бөлек болды. Бауыржан Ергенұлының айтуынша, бұл сапарға ерекше дайындықпен келген.
– Мен ылғи бір қарама-қайшылықтан немесе елеусіз ерегестен өзіме шаруа тілеп алып жүрем ғой. Былтыр Қырғыз елінде Қазақстанның мәдени күндері өткенде «Осындай сапарға біз сияқты шеткері жатқан облыстан көбірек адам қосқан жөн еді ғой. Тым құрыса жергілікті қаламгерлерді, айтыскерлер мен жазба ақындарды апарса, шіркін!» деген ойымды мәдениет вице-министріне білдірген едім. Нұрғиса Дәуешев «Бәуке, мен ол жақтағы әріптесіме айтайын, Қадыр орталығымен өзің барып қайтсаңшы» деді. Сол әңгіме санамда сіресіп тұрды да қойды, – дейді Бауыржан Халиолла.
Ой жеткенге қол жеткізу – Баукеңнің бағзы әдеті. Ақ Жайықтан Алатаудың арғы бетіндегі айырқалпақты ағайынға баратын сапардың бүге-шігесіне дейін жоспарлап, қағазға түсіреді. Алдымен қырғыз жеріне өзі тартады. Керекті адамдармен жолығып, қош алатын уәдесін алады. Одан елге келіп, демеуші іздейді. Ұзын жолға ұлы батаны алдымен БҚО әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов беріпті. «Осыншама адаммен әркімге жалынып, таксиден таксиге, пойыздан пойызға секіріп жүресің бе? Бір аймақ емес, тұтас елдің атынан барасың. Елміз ғой, қолдайтын азаматтар табылар» деген. Шынында да «Юнисерв» компаниясының басшысы Нұрғазы Сәтбаев салқындатқышы бар, алыс жолға таптырмайтын автобустың «майын беріп», қос жүргізушіні қоса ұсыныпты. Күні-түні жүре бер!
«Күндік жолға шықса, көлік іздемеген, айлық жолға шықса, азық іздемеген» қазақылық ХХІ ғасырда да қалмаған екен. Қадырдың қазынасын, қара өлеңнің қамбасын қырғыз ағайындарға ақтармақ болған ақжолтай топтың алдынан жайылған дастарқан, ашылған құшақ күтіпті де тұрыпты. Маусымның 21-і күні түнгі салқынмен «Алла!» деп аттанған топ Жымпиты жерінде – Қадырдың атамекенінде ат шалдырып, ақ бата алып, ары асқан. Сөйтіп, түсте – Қазалы, кеште Қызылордаға жеткен «Дала дидары» көшпелі өнер ұжымы Нартай Бекежанов атындағы музыкалық академиялық драма театрында қызылордалық көрерменнің алдында алғашқы әдеби-сазды кешін өткізіп жіберді.
«Үлкен сапарымыздағы алғашқы концертімізді Сыр елінен бастауымыз тегін емес. «Сыр – Алаштың анасы» дейді қазақ. Ендеше, Түркістан, Шымкент өңірлері мен Қырғыз еліне Сыр-Анамыздың ақ батасы, алғысымен аттанғалы тұрмыз…» деді қызылордалықтардың қонақжай, мәрт мінезіне риза болған Бауыржан.
Шыны керек, қазақы қонақжайлық, жайылған құшақ болмаса, бұл сапардың өз деңгейінде өтуі де қиын еді. Баукең Шідерті өзенінің жағасына, табиғат аясына қой сойып, қазан көтеріп аттандырған Сырым ауданы әкімінің орынбасары Асыланбек Сарқұловқа, сырнайлатып-кернейлетіп қарсы алған Қазалы жұртына, Қызылордаға кіре берісте жора-жолдасымен күтіп тұрған Мұхтар Ниязовқа және барша ел ағаларына, Түркістан облысында облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ә.Қойлыбаевқа, танымал қоғам қайраткері Б.Тәжібаев пен облыстық телеарнаның басшысы Ж.Ағыбаев секілді азаматтарға мың сан алғыс айтып отыр. Қырғызстаннан қайтар жолда да шекара түбінен күтіп алған шымкенттік әріптестердің алқасы, қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқанның қолдауы сезіліп-ақ тұрған.
Құрметке бөленген бес күн
– Өз елімізде кез келген нәрсеге таң қалуды қойдық қой. Ал қырғыз ағайындар барғаннан кеткенше әр нәрсемен таң қалдырды. Айырқалпақты ағайындардан үлгі алатын тұсымыз көп екен, – дейді Бауыржан Халиолла. Бұл – тек Баукеңнің емес, осы сапарға қатысқан әр өнерпаздың шынайы сезімі.
«Дала дидары» көшпелі өнер ұжымы Қырғызстанның ең басты мерекелерінің бірі – ұлы Манасты ұлықтауға арналған халықаралық фестивальдің үстінен түскен екен. Әлемге Шыңғыстай алып тұлғаны берген Шекер ауылынан басталған сапар көрші елдегі талай тектіні тудырған Талас облысында, ел астанасы Бішкекте, ыстық суымен, мөлдір көлімен танымал Ыстықөлде – Қарақол облысында жалғасқан. Күткен елдің ыстық ықыласын көріп, қазақтар да барын салыпты. Қазақ өнерін, Қадыр қазынасын аямай шашу еткен.
«Қонақ аз отырып, көп сынайды». Бауыржан Халиолла осы сапарында қырғыз ағайынның бойындағы ұлтшылдық, елге деген патриоттық сезім, ұлыларды ұлықтау іс-шараларына ерекше риза болыпты. Алыстан ат терлетіп келген қазақ бауырларын құшақ жая қарсы алған қырғыздар меймандарға мейірім көрсетіп қана қоймай, өз кереметтерін де танытып қалуға тырысқан. Аспанмен таласқан таулар, тас жарып аққан бұлақтар, мөлдір сулар мен жайқалған нулар, әйгілі Сусамыр жайлауы, батыр Манас пен жазушы Шыңғыс Айтматов мұражайы, Ұлт тағдыры үшін шейіт болған құрбандарға арналған «Ата бейіт» қорымы, жер астынан атқылаған ыстық бұлақ, айнадай жарқыраған Ыстықкөл, көл жағалай көз жауын алған «Рух орда»... Айтып тауысу мүмкін емес!
«Осы сапарда манасшы Азиз бауырымның қос қанатындай Темірлан мен Эльмирбек, «бір туған бауырларым келді» деп арқа-жарқа боп қонақасын берген әйгілі Азамат пен Аалы ақын достарым, Ыстықкөлге барып қайтқанша қауіпсіздігімізді қамтамасыз етіп МАИ қызметкерлерін алды-артымызға салып алып жүруге ықпал еткен, сол жақтағы мәдени іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырған Есенбек туысымыздың құрметін енді қалай қайтарам деп мойныма қарыз қылып қайттым», дейді Баукең.
«Дала дидары» көшпелі өнер ұжымы қырғыз жерінде бірнеше концерт бергенімен қоймай, мемлекеттік ұлттық арна төрінен тікелей эфирге шығып, бүкіл Қырғызстан Республикасына қазақ өнерінен шашу шашыпты.
– Алақандай аз халықтың Алатаудай намысына, ақиқат жолында ән сағатта атқа қонатын жігерлі рухына қайран қалдық. Олар бізді, біз оларды қимай-қимай қоштастық. Бауырлас қырғыз елінде өткен бес күніміз уақыт жағынан өте қысқа, таңғажайып кереметі жағынан ғасырға татитын күндер болды, – дейді Бауыржан.
Бұл сапар «Дала дидары» көшпелі өнер ұжымының әр мүшесіне де ерекше әсер еткенін айтқан едік. Топ құрамында болған белгілі ақын Талғат Мықи Қырғызстанның 7 облысының игі жақсылары бас қосқан «Құтты елдің ұраны – Манас» атты еларалық форум-фестивалін еске алды. Әсіресе бауырлас екі халықтың ортақ қуанышын қырғыздар жақсы біледі екен. Қырғыз Республикасы Ұлттық телерадиокорпорациясы басшысы Қайрат Иманалиевтің «Манас жырын қағазға түсірген Шоқан Уәлихановқа, ғылыми тұрғыда зерттеген Әлкей Марғұланға, эпостық болмысын Мәскеудің төрінде қорғап берген Мұхтар Әуезовке қырғыз халқы қашанда қарыздар» деген сөздері әр қазақтың құлағына жылы тиеді.
Қазақстандық өнер ұжымын Қырғыз Республикасы Жоғарғы Кенешінің депутаты, «Иман нұры» фракциясының жетекшісі Нұржігіт Қадырбеков қабылдаған. Өзі әрі ақын, әрі жазушы, әдеби алты кітаптың авторы қазақ-қырғыз әдеби-мәдени қатынастарының одан әрі тереңдей түсуіне шынымен мүдделі екен.
«Шекспир, Байрон, Толстой, т.б. әлемнің жазушыларын білеміз. Ал қырғыздың Әуезовті білгеніндей, қазақтың Айтматовты білгеніндей екі елдің ақын-жазушыларын да білуіміз керек. Осы мақсатта келіп, Қадыр ақынның шығармашылығын насихаттағандарыңыз өте құптарлық іс. Бауырлас халық арасында осындай үрдіс жалғасын таба берсін», дейді депутат.
* * *
Көшпелі өнер ұжымы өз атауын «Дала дидары» деп қойғаны тегін емес. Қадыр ақынның бір жинағы дәл осылай аталатын. Тұтасымен Қадыр ақынның сөзіне жазылған әндер шырқалып, әзіл-қалжыңдары айтылатын, афоризмге айналған ойлары мен өлеңдері оқылатын сахналық бағдарлама көрерменді бей-жай қалдырмайды. Орталық туралы дайындалған бейнефильмнің де мазмұны байсалды. Тағы бір ерекшелігі – концерттегі шығарманың барлығы тек табиғи дауыста орындалады. Бауыржан Халиолла осы сапарда Қадырсарай ұжымын қолдаған танымал өнер шеберлері Жаңылсын Хасановаға, Қайрат Кәкімовке, Дастан Есентеміровке, Ернар Өмірәліге алғыс айтады. Сондай-ақ сапардың өн бойында үлкен ұжымды қарсы алып, жағдайын жасаған Ө.Шөкеев, Н.Нәлібаев Ш.Мұқан сынды өнер жанашырларына, аймақ басшыларына да ризашылық білдіреді.
Әрине, өнер адамы үшін мұндай алыс сапардың пайдасы көп. Ұжым ел көреді, жер көреді, тәжірибе алмасады. Ұлтымыздың өнері өзге жұртта насихатталады. Мемлекеттік деңгейде атқарылатын үлкен шаруаны қолға алып, шама-шарқынша атқарып шыққан Қадырсарай ұжымы мыңдаған шақырым жолды дөңгелек үстінде өткеріп, туған елге жетіп, демін алуда. Келесі іс-шараға дейін...
Батыс Қазақстан облысы