«Әлем халықтарының ертегілері» атты антология 1961 жылы Нью-Йорктегі Putnam’s Sons баспасынан ағылшын тілінде жарық көрген. Бұл антологияға қазақ ертегісі ретінде «Алдар көсенің сиқырлы тоны» енген.
Аталған кітаптағы ертегілерді Владислав Становский мен Жен Владилав құрастырған, ал Jean Layton есімді америкалық аудармашы ағылшын тіліне тәржімелеген. Антология Джордж Вашиңтон университетінің Гельман атты басты кітапханасында сақтаулы тұр.
Кітапқа сегізінші ертегі ретінде енген «Алдар көсенің сиқырлы тонымен» бірге келесі бетіне осы ертегінің өзбек халқына тиесілі тағы бір нұсқасы берілген. Авторлар аталған ертегінің Орталық Азиядағы түркі халықтары арасында кең таралғанын ескеріп, оқырмандардың салыстырып оқуына мүмкіндік туғызып, арнаулы түрде қатар кірістіргені де көңілге қонымды. Қалай десек те, осыдан 63 жыл бұрын «Алдар көсе» ертегісінің Америкаға баруы біз үшін қуанарлық жағдай екені рас.