АТЫРАУ. 29 сәуір. Атыраудағы «Норт КаспианОперейтинг Компани Б.В.» компаниясының басышысы ауысатын болды. Бұл туралы аталған компанияның баспасөз қызметі хабарлады.
Солтүстік Каспий жобасын іске асыратын бұл бірден-бір оператор компания 2008 жылы құрылған. Содан бері оның басқарушы директоры және төрағасы қызметін Пьер Оффан мырза атқарып келеді. Енді оның алдағы 1 мамырдан бастап атқарып отырған лауазымынан кететіндігі белгілі болды.
Солтүстік Каспий бойынша Өнімді бөлісу туралы келісім аясында «Норт КаспианОперейтинг Компани Б.В.» компаниясын басқарушы болып Стефан де Майю тағайындалды. Халықаралық мұнай-газ жобаларында ауқымды тәжірибе жинақтаған ол жаңа қызметіне алдағы мамырдан бастап кіріскелі отыр. Осы кезге дейін «ЭксонМобил» компаниясында отыз жылдан астам жұмыс жасаған Стефан де Майюдың еңбек өтілі күрделі көп ұлтты жобаларды, сонымен қатар, түрлі елдердегі басқарушы лауазымындағы қызметтерді қамтиды.
Жолдасбек Шөпеғұл.
Дереккөз: НКОК компаниясының баспасөз қызметі.
Фото: oilnews.kz.