Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі мілімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Ақтөбеде 66 жастағы зейнеткер өзінің жылжымайтын мүлкі мен барлық қаражатынан айырылды. Нақтыласақ, шілде айында өзін банк қызметкері деп таныстырған белгісіз ер адам зейнеткерге қоңырау шалған. Алаяқ бұл операцияны әдеттегі жұмыс деп түсіндіреді. Тіпті, жәбірленушіге банк шотын қорғау туралы ұсыныс айтады. Сөйтіп, күдікті зейнеткерден барлық жинағын депозиттен «қауіпсіз» шотқа аударуға кеңес береді. Мүлкін сатуды ұсынады. Жәбірленуші сеніп, жалпы көлемі 24 млн теңге ақшасынан айырылды», деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.
Қазір ҚР ҚК-нің «Алаяқтық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, күдіктілерді анықтау мен ұстауға бағытталған жедел іс-шара жүргізіліп жатыр.
Тәртіп сақшылары алаяқтардан сақтану қажеттігін, тіпті банк қызметкеріне де жеке шоттары мен карталарына қатысты SMS код және басқа да дербес ақпаратты айтуға болмайтынын ескертеді.
«Банктер мен төлем жүйелері ешқашан хат жібермейді немесе клиенттердің телефондарына қоңырау шалып, шот деректерін беруді сұрамайды. Банк қызметкерлерінде барлық қажетті мәлімет бар», дейді Ерболат Сарқұлов.