• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Медицина 15 Шілде, 2022

Қазақстандағы барлық перзентханалар күрделі жөндеуден өтеді

230 рет
көрсетілді

Қазақстанда ана мен бала өлімін азайту мақсатында заманауи талаптарға сай перинаталдық орталықтар салынып, бүкіл перзентханалар күрделі жөндеуден өтеді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният орталық коммуникациялар қызметінде айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

«2014-2015 жылдары бала өлімі жағдайлары тым жиіледі. Одан кейінгі екі жылда қайта бәсеңдеп, 2019 жылы қайта өсім пайда болды. Бұл бірінші кезекте аналардың денсаулығына байланысты. Сәби өлімі дегеніміз – бір жасқа толмаған балалардың өлімі екенін ескерсек, негізінен көбі перинаталдық себептерден көз жұмады. Балалар белгілі бір аурумен туады деген сөз. Бұл бағытта не істеліп жатыр? Біздегі перзентханалардың, перинаталдық орталықтардың көбі өткен ғасырда салынған. Олардың материалдық-техникалық базасы баяғыда ескіріп кеткен. Шала туған және аурумен туған нәрестелерді бұл нысандарда емдеп, ұстауға тиісті жағдай жасалмаған. Нысандар халықаралық стандарттарға сай келмейді. Президенттің қолдауымен, тапсырмасымен Үкімет жаңа перинаталдық орталықтардың құрылысын жоспарлайтын болды. Сондай-ақ, бүкіл перзентханаларда күрделі жөндеу жүргізіледі», деді Ажар Ғиният.

Министр соңғы 10 жылда бала өлімінің көрсеткіші құбылып тұрғанын айтты.

«Бірінші жартыжылдықта пандемия басталғаннан бері алғаш рет жалпы өлім-жітімнің азаюын байқап отырмыз. Өткен 6 айда халық арасындағы өлім-жітім 10 пайыз төмендеді. Десек те, денсаулық сақтау жүйесі түгел, толық ауқыммен жұмыс істеп жатыр. Тек COVID инфекциясымен ғана күресіп жатқан жоқ, аурулардың алдын алу, жоғары маманданған медициналық көмек дамып келеді. Көлік медицинасы, қашықтан емдеу жолға қойылды. Елде әлеуметтік-экономикалық ахуал жақсарып келе жатқанын ескерсек, денсаулық көрсеткіштері де жақсарып келеді», деді ведомство басшысы.