Павлодар облысының 33 жастағы тұрғыны Андрей Карандашов Ертіс өзенінде батып бара жатқан үш баланы құтқарды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Оқиға 13 шілде күні, Приреченск ауылындағы өзен жағасында орын алған.
«Қармағыма балық ілінбегендіктен, жиналып үйге қайтқалы жатқанмын. Сол сәтте жағадан он метрдей жерде суда екі баланы көрдім. Мен оларға үн қатып, қол бұлғадым, жауап бермеді. Екінші рет айқайласам да үнсіз. Сол кезде балалардың су жұтып қойғанын түсіндім. Суға сүңгіп, балаларға қарай жүздім. Жүзіп бара жатып үшінші баланы көрдім. Алдымен біреуін, сосын екіншісін жағаға шығардым. Осы кезде көзімнің қиығымен үшіншісін көріп тұрдым. Ол судың астына кетті. Мен оның соңынан сүңгіп кеттім. Сол сәтте бала судың түбіне батып кеткен екен. Оны жағаға шығарып, медициналық алғашқы көмек көрсете бастадым», деп баяндайды Андрей.
Бүгінгі күн батырының айтуынша, бірінші құтқарылған екі бала тез есін жиып, өзіне келген. Ал үшінші жасөспірім мүлдем тыныстамаған.
«Мен әр секундтың маңызды екенін түсіндім, сондықтан балаларды құтқару үшін қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Соңғысына жасанды тыныс жасап, жүрек тұсын уқаладым. Бір бүйіріне аударып, арқасынан қаға бастадым. Сол кезде баланың өкпесіндегі су шығып, дем ала бастады. Мен сол сәтте ғана өзімдегі үлкен жеңілдікті сезіндім! Екі қолым қобалжығаннан дірілдеп кетті», деді ер азамат.
Айта кетейік, көп ұзамай жедел жәрдем қызметкерлері келіп, балаларды ауруханаға жеткізген. Қазір олардың денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ. Дәрігерлер ауыл тұрғынының дер кезінде және сауатты әрекетінің арқасында ғана балалар аман қалғанын айтты. Белгілі болғандай, құтқарылған ұл балалар бір үйдің перзенті. Екеуі жеті жасар егіздер, ал үлкен ағасы тоғыз жаста.
Ата-анасының айтуынша, ағайындылар ешқашан үлкендерсіз өзенге бармаған. Олар бұл жолы өздерінен жасы үлкендеу достарымен барғанын айтыпты. Жүгіріп келе жатқан ағайындылардың бірі суға құлап қалады. Оны ағыс алып кете бастаған кезде, егіздер оған көмектесу үшін суға түскен екен.