Денсаулық сақтау саласын жаңа деңгейге көтеру қажет. Бұл туралы Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Семейдегі денсаулық сақтау ұйымдарының қызметімен танысқаннан кейін айтты.
Өңір басшысы Жедел медициналық жәрдем ауруханасы, Семей медициналық университетінің госпиталі және жедел медициналық жәрдем стансасына барып, қызметіне қанықты.
Айталық, 375 орынға шақталған Жедел медициналық жәрдем ауруханасы 2013 жылы «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша салынған. Тәулік бойы шұғыл түрде жұмыс істейтін аурухана тек Семей өңіріне ғана емес, облыстың бірқатар ауданының тұрғындарына да қызмет көрсетеді. Мұнда инсульт пен түрлі жүрек-тамыр ауруларын емдеуге арналған операциялық көмектің ауқымды қызметтерін көрсетуге қауқарлы гибридті операциялық бөлмесі бар. Сонымен қатар осында политравма орталығы жұмыс істей бастағанын айта кеткен орынды. Гибридті операциялық бөлмесінде жылына 3 мыңға дейін операция жасалады. Оның ішінде коронарлық және эндоваскулярлық операция, сондай-ақ политравмалық операциялар қамтылған. Аталған заманауи бөлме медицина қызметкерлеріне жедел коронарлық синдром мен ми қан айналымы бұзылған науқастарға жедел медициналық көмектің барлық спектрін ұсынуға, сол секілді «алтын сағат» қағидатын сақтауға мүмкіндік берді. Тұтастай алғанда, мұнда 612 925 адамға медициналық қызмет көрсетіліп жүр. Оның 370 мыңы семейліктер болса, қалған 250 мыңдай адам – өңір халқы.
Ал Жедел медициналық жәрдем стансасы балалар мен ересектердің өмірлеріне қауіп төнген жағдайларда, демек шұғыл көмек қажет кезде, сол секілді жіті созылмалы аурулар мен олардың асқынулары кезінде оқиға орнында, сондай-ақ стационарға барар жолда, оның ішінде төтенше жағдайларда, жаппай апаттар кезінде шұғыл көмек көрсетеді. Аталған станса бір тәулікте орта есеппен 700-ден аса шақыртуды орындайды. Станса ұжымы төтенше жағдайларда, түрлі оқиғалар мен пандемия сынды эпидемиялық кезеңде де тұрақты мобильді дайындық режімінде жедел жәрдем көрсетеді. Мұнда 50 жедел медициналық жәрдем бригадасы жұмыс істейді. Атап айтсақ, 1 реанимациялық бригада, 1 психиатриялық бригада, 3 кардиологиялық бригада, 4 педиатриялық бригада, 37 фельдшерлік бригада және 4 қарқынды терапия бригадасы.
Семей медицина университетінің госпиталіне келсек, оның құрамына стационар, ауысымдық уақытта 250 келушіге арналған консультативтік емхана кіреді. Онда орталықтың жоғары білікті мамандары және медицина университетінің профессорлық-оқытушылар құрамы қабылдау жүргізеді. Госпитальдің бөлімшелері заманауи жоғары емдеу-диагностикалық жабдықтар және аппараттармен (газ, электролит, гематологиялық талдауыштар, заманауи рентгенодиагностикалық, ультрадыбыстық аппараттар, эндоскоптар, эндобейнехирургия жабдығы) жабдықталған.
Жұмыс сапарын түйіндеген облыс әкімі жедел медициналық жәрдем ауруханасын өңірдегі алдыңғы қатарлы медициналық ұйымдардың бірі екенін айтты.
«Медициналық ұйымдардың заманауи құрал-жабдықтармен қамтылғаны көрініп тұр. Сонымен бірге шешілуге тиіс мәселелер де бар. Жедел жәрдем стансасына тоқталсақ, Абай облысының құрылуына байланысты Ақсуат және Көкпекті аудандары қосылғандықтан оның қамту аймағы ұлғайды. Соған сәйкес қосымша қаржыландыру қажет болады. Бұл мәселелерді де жан-жақты қарастырамыз», деді Н.Ұранхаев.
Абай облысы