Футболдан Қазақстан кубогы топтық кезеңінің екінші туры аяқталды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Аталған топтық кезеңнің соңғы ойын күнінде Шымкентте жергілікті «Ордабасы» Павлодар облысының «Ақсуын» 2:0, Түркістанда «Тұран» Талдықорғанның «Жетісуын» 3:0 есебімен жеңді.
Бұдан кейін Оралда жергілікті «Ақжайық» Ақтаудың «Каспийін» 3:1 есебімен ұтты.
Айта кетейік, бұған дейін 15 және 16 шілде күндері бес ойын өткізілді. Сырт алаңда алматылық «Қайрат» «Атырауды» 3:2, Қызылорданың «Қайсары» Петропавлдың «Қызылжарын» 2:1 есебімен жеңді.
Сондай-ақ қостанайлық «Тобыл» өз алаңында «Ақтөбені» 2:1, «Тараз» Түркістан облысының «Мақтаралын» 4:2 есебімен сүріндірді.
Ал елордалық «Астана» қарағандылық «Шахтер» (Қарағанды) командасын 5:2 есебімен жеңді.
Еске сала кетейік, Қазақстан кубогы үшінші тур ойындары 22, 23, 24 шілде күндері өтеді.