Қазақстандық оқушылар географиядан халықаралық олимпиадада 1 алтын, 1 қола медаль жеңіп алды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Оқушыларымыз халықаралық олимпиадалардағы жетістіктерімен бізді қуантуды жалғастырып келеді. Олар Географиядан халықаралық олимпиадада (IGeO-2022) 1 алтын, 1 қола медаль жеңіп алды. Ұлттық құрама қоржынына алтын медальді Санжар Хамитов (Ақтөбе қ.) әкелсе, Еркебұлан Тазабек (Шымкент қ.) қола жүлдені еншіледі», деп жазды А.Аймағамбетов.
Оның айтуынша, бұл еліміздің беделді олимпиадаға қатысу тарихындағы қазақстандықтардың екінші алтын медалі.
«Биыл зияткерлік жарыстарды Франция ұйымдастырды. Бұл сайыстарға әлемнің 54 елінен 216 оқушы қатысты. Балаларымыздың математика, физика және енді география пәндерінен олимпиадалардағы жоғары жетістіктері олардың бәсекеге қабілеттілігін көрсетеді», дей келе министр оқушыларды жеңісімен құттықтады.
Сондай-ақ ол биыл осындай олимпиадалардың жеңімпаздары бұрын-соңды болмаған қолдау шараларына ие болатынын сөз етті.
«Президенттің тапсырмасы бойынша қомақты ақшалай сыйақы төлеу және отандық ЖОО-ларға ҰБТ тапсырмай-ақ қабылдау қарастырылып отыр. Алтын медаль алған оқушыға шамамен 4,5 млн теңге, күміс медальға 3 млн-нан аса теңге, қола медальға 1,5 млн-нан аса теңге көлемінде ақшалай сыйлық беріледі. Оқушыларды жарысқа дайындаған ұстаздар да төлемақы алады», делінген министр жазбасында.