18 шілде күні түнде Батыс Қазақстан облысы, Теректі ауданы, Богдановка ауылдық округіндегі «Родина» ЖШС аумағында 2405 рулон шөп өртеніп кетті, деп хабарлайды Egemen.kz өңірлік Төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.
Шаруа қожалығының қысқы мал азығына дайындап қойған 600 тоннадай шөбі отқа оранды. Оқиға орнына Батыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру техникасы мен жеке құрамынан 4 адам жедел жетті. Сонымен қатар ерікті өрт сөндіруші құрылымдардан 10 адам, 3 трактор және 1 су құйғыш техникасы да тілсіз жаумен күреске тартылды. Өрттің салдарынан бір-бірінен 50-60 метр қашықта орналасқан 6 мая жанып кетті. Екі мая төбесі жабық орынға жиналған екен, айналасына минералды жолақ жүргізілген, барынша қауіпсіздік шаралары жасалған. Алдын ала болжам бойынша, өрт қасақана от қоюдан шыққан.
Соңғы күндері Батыс Қазақстан облысында күн райы өте ыстық болып тұр. Төтеншеліктер облыс тұрғындарын өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырады.